» » » Ұлттық өнерді ұлықтаған тәрбиешілер

Ұлттық өнерді ұлықтаған тәрбиешілер

ЖОСАЛЫ, 7 наурыз – qarmaqshy-tany.kz – Баланың дамуы маңызды. Ол үшін біздің тәрбиешілер аянып қалған емес. Барлығы да өнерлі. Атаананың қалтасына салмақ түсірмей, түрлі байқау, концерттерге киімді өздері тігеді, – деген еді Төретам кентіндегі «Күн нұры» балабақшасының меңгерушісі. Расымен, мұнда тәрбиешіден бастап педагог-психолог, тіпті балаларға ас әзірлейтін аспазшының да он қолынан өнер тамған.
   Іс-сапардан ерекше әсер алған сәт... Бақшаға ене бергеннен-ақ көзтартқан қол бұйымдары мен көрнекіліктер. Жадырай қарсы алған нәзік жандылар шабытымызды одан әрі шарықтатты. Жазғалы отырған жайдың жалғасы байламы бөлек балабақшаның ісмерлері жайында болмақ.
   Кіре берістен жол белгілерінің макетін кезіктірдік. Сәл кідірдік те, балаша екінші қабатқа асықтық. Мұнда бізді тәрбиеші Айгүл Кеңесова жадырай қарсы алды. Өз қолынан шыққан ойыншықтарды көрсетіп жатыр, түсіндіріп жатыр. Артық сауал қоймадық. Себебі қолдан шыққан дүние барлығын аңғартып-ақ тұр. Тамсандық. Таңдай қақтық. Ұлттық нақыштағы киіз үй мен һакім Абайдың 175 жылдығына арналған арнайы бұрышын көрсеңіз, тіпті ерекше. Әр балақайдың киім сөресінде фетр матасынан тігілген қалташа ілулі тұр. Егер балаға қажет зат болса, немесе бала жаттайтын тақпақты осы қоржынға салып қояды. Тәрбиешіден келген «сәлемдемені» ата-ана осы жерден таба алады.
   Келесі топтың бөлмесі де қолөнер бұйымдарымен толыққан. Тәрбиеші Айнұр Амангелдіқызының қолынан шыққан туынды балалардың күнделікті ертегісіне айналған. Мәселен ұзындығы адам бойымен бірдей фетр матасынан тігілген үшбұрышта алты ертегінің желісі бейнеленген. Бала өзі қалаған кейіпкерді тиісті орнына жылжытып қоя алады. Бұл да бүлдіршіннің ойлау қабілетін одан әрі дамытуға септігін тигізбек. Айтпақшы, келер келешегімізді сапасыз ойыншықпен «улағанша», қолдан туындаған осындай дүниемен тәрбиелеу әлдеқайда тиімді. Мұны бақша тәрбиешілері әлдеқашан қолға алған. Балалар мекеніндегі түрлі ойыншық тәрбиешілердің шығармашылық ізденісін анық көрсетіп тұр.
   Көңілді күйімізбен педагогпсихологтың бөлмесіне аяңдадық. Әрине, бүлдіршіннің ой-өрісін кеңейтіп, оны мектепке даярлау атаана мен тәрбиешіні толғандыратын мәселе. Ал ұсақ моториканы дамыту мен саусақ қимылын үйлестіру қалай жүзеге асады? «Сөйлеу қабілетінің даму деңгейі саусақ қимылының дұрыс қалыптасуына тікелей байланысты» дейді Шолпан Исапова. Ол үшін психолог қарапайым заттардан түрлі бұйым жасаған. Мәселен, бала қиялын дамыту үшін ас мәзіріне қосатын рожкиді, сіріңкені түрлі-түстіге бояп, пайдаланады. Шағын көпшікке бау байлау үлгісін көрсетіп қойған. Осыған қарап бала аяқ киім бауын байлауды үйренеді. Шолпанның да он қолынан өнер тамған. Қиялы жетік маман тапсырыспен диадема, тұсаукесерге арналған жиынтық пен корзина тоқиды.
   – Қолдың ұсақ моторикасының дамуына көп көңіл бөлемін. Балабақшада тәрбиенің ең маңызды құралы – еңбек. Қарапайым еңбек түрлері барлық топта жүргізіледі. Бұл баланың ұсақ моторикасына көп әсерін тигізеді, – дейді ол.
   Гүлайым Әбдіқадірованың негізгі мамандығы тәрбиеші болғанымен балабақшада аспаздық қызмет етеді. Онымен қоса ұйымдастырылған шараларға балалар киімін, ертегі кейіпкерлерінің костьюмін, сайыстарға арнап көйлектің түр-түрін өзі тігеді. Он қолынан бал тамған аспаздың киім тігудегі жақсы қыры ұжымының алғысын алуда.
   Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб және неше түрлі нақыштағы оюлардан, өрнектерден құралған құрақ көрпе әр қазақтың үйінде бар. «Тігіншілік тектен келеді». Бала күнінен тігіншілікке құмартқан Гүлжан Бадаеваға бұл өнер әжесі мен анасынан дарыған. Тұла бойында өнер тулаған ісмер тәрбиешінің қолынан шыққан әсем дүниелерді көріп, көзайым болдық.
   – Әжем ісмер кісі еді. Тоқыма тоқу, киім тігу дегеннің барлығын өз қолымен жасайтын. Әжеміз бізді кішкентайымыздан-ақ тігіншілікке баулыды. Мектеп қабырғасында жүргенде тігіншілік, тоқу өнерінен түрлі байқауларға қатыстым. Әрине, адам өзіне ұнаған іспен айналысады. Қолым қалт етсе болды, тігін машинама асығамын, – деп жүзіне күлкі үйірді ол.
   Гүлжан қыз жасауын тапсырыспен әзірлейді. Ал балабақшадағы қолөнердің біразы осы кісінің қолынан шыққан туынды.

Түйін
Қолөнер шеберлігімен елдің назарына іліккен жандар арамызда жүр. Солардың бір тобын назарыңызға ұсындық. Ал ата дәстүрін, баба өнерін қастерлеген тәрбиешінің бүлдіршіндері көкірегін рухани құндылыққа толтырып өссе, тура жолдан адаспасы кәдік.

Айнұр ӘЛИ
07 наурыз 2020 ж. 2 298 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031