» » Ұлысы асылдан, ырысы тасыған Төретам

Ұлысы асылдан, ырысы тасыған Төретам


Күн райының қолайсыздығына қарамастан жолға шықтық. Таң ата редакция қызметкерлерін бір көлікке сыйдырған көңіл алып-ұшып діттеген жерге жеткізді. Ауданнан 74 шақырымды артқа тастап, Төретам кентіне аяңдадық. Кіре берістен менмұндалайтын нысандар, саудасы қызған орындар кент келбетіне айналған. Ал дамуы мен ынтымағын қатар ұстаған мекен қалың елдің бір пұшпағынан ойып тұрып орын алады.

Өркенді істер өрге сүйрейді
115 жылдық тарихы бар мекен алғаш темір жол салынған соң Төретам стансасы болып құрылған. 1929 жылдары тұрғын үй құрылысы салына бастайды. Бертін келе ел тәуелсіздік алғалы Төретам да өзге өңір секілді өсіп-өркендеді. Тұрғындар саны артып, кент заман ағымына сай сәулеттене бастады. Түрлі бағытта шағын және орта кәсіпкерлік нысандар ашылып, қаланың тыныс-тіршілігіне сүбелі үлесін қосты. Мұнда кәсіпкер боламын деушілер қатары артқан. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында кәсіпкерліктің негізгі курсына 25 азамат қатысса, «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 11 азамат сертификат алған. Нәтижесінде 8 жоба 29,5 млн теңгеге несиелендірілді. Жалпы кент бойынша барлығы 756 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 699-ы жұмыс істеуде. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша Төретам кентінің кәсіпкерлері 146 млн теңге несие мен 6817,5 мың теңге қайтарымсыз грант негізінде қаржыландырылған. Кент әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жамбыл Жұмабаевтың сөзіне сүйенсек, былтыр елді мекенді абаттандыру мен көгалдандыру, көркейту жұмыстары қарқынды қолға алынған.
– Кентте білім, мәдениет, денсаулық, спорт саласында атқарылған нәтижелі істер бар. Санитарлық тазалық және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кент көшелеріне бейнебақылау камерасы орнатылған. Темір жол вокзалы маңын абаттандыруға да қаржы қарастырылып, «I Love Toretam» шағын архитектуралық нысаны салынды және Байқоңыр қалалық сотының бастамасымен татуласу орындығы қойылды. Алдағы уақытта Төретам кентінің 25 көшесіне ағымдағы және орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарлануда, – дейді ол.
Төретам кентінде 3 мектеп бар. №80 мектеп-гимназиясында 630 оқушы білім алса, №269 мектепте 562 оқушы бар. Ал №85 мектепте 570 оқушы білімін шыңдауда. Сонымен қатар мектепке дейінгі 3 балабақша жұмыс істейді. 280 орындық «Гаухартас» балабақшасы бүлдіршіндерге тәлім берсе, «Ай-Диас» балабақшасы 75 баланы тәрбиелеуде. Ал біздегі іс-сапардың келесі бағыты – «Күн нұры» балабақшасына бұрылды.

Байламы бөлек балабақша
Ауладан ішке кіре бергеннен-ақ ертегі әлеміне енгендей болдық. Балабақша ұжымы бізді бұрыннан танитындай кеңпейіл көңілмен қарсы алып, тарихымен таныстыра жөнелді. Көзтартар қол бұйымдар мен көрнекіліктер осы бақшаның қызметкерлерінің қолынан шыққан. Тамсанып, таңдай қақтық. Балалар ойнайтын ойыншық, саусақ маторикасын дамытуға арналған бұйымдар да тәлімгер дайындаған дүние. Қысқасы лайфхактың түр-түріне кезіге аласыз. Бірақ бұл жайында кейінірек тоқталамыз.
№4 «Күн нұры» балабақшасын 2009 жылдан бастап Айнұр Раманқұлқызы басқарып келеді. Мұнда 140 бала тәрбиеленуде. Ұжымда 12 тәрбиеші, 6 тәрбиешінің көмекшісі, 14 техникалық қызметкер жұмыс істейді.
– Бүлдіршіндер ауырмай, сырқамай, жылы ұяда алаңсыз өсуі керек. Жағдайын жақсылап жасамасақ болмайды. Оның үстіне баланың дамуы да маңызды. Ол үшін біздің тәрбиешілер аянып қалған емес. Барлығының қолынан өнер тамған. Ата-ананың қалтасына салмақ түсірмей, түрлі байқау, концерттерге киімді өздері тігеді, – дейді балабақша басшысы.
Еңсесі биік ғимаратта бүлдіршіндерге барынша жағдай жасалғаны көрініп-ақ тұр. Кіре берістен жол белгілерінің макетін кезіктіруге болады. Ал ұлттық нақыштағы киіз үй мен һакім Абайдың 175 жылдығына арналған арнайы бұрышын көрсеңіз, тіпті ерекше. Мұнан өзге арнайы жабдықталған бөлмелердегі түрлі ойыншық тәрбиешілердің шығармашылық ізденісін анық көрсетіп тұр.

Емхана ел үшін қызмет етеді
Ұлт саулығы – басты мәселе. Сондықтан медицина қызметкерлерінің алдында халықтың денсаулығын жақсарту, ана мен бала өлімін азайту міндеті тұрғаны белгілі. Бұл орайда аймақтағы ақ халатты абзал жандар ойдағыдай қызмет атқаруда. Жалпы Төретам кентінде емхана мен аурухана халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық емхана 2013 жылы құрылған. Мұнда 12 дәрігер, 48 медбике, 5 кіші аяжан, 3 қарауыл мен 2 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Емханада хирургия, егу, ем-шара, дәрігерге дейінгі, тіс, флюрография секілді бөлмелер бар. Ал емхана жанында 10 төсектік орынға арналған күндізгі емдеу бөлімі қызмет көрсетеді.
– «Денсаулық – зор байлық» деп бекер айтылмаған. Халық денсаулығы бәрінен қымбат. Дәрігердің де дәрігері бар. Ерінбей еңбек етіп әрі ізденіс үстінде тәжірибе жинақтап, жанына шипа іздеп келген жанның қас¬ қабағына қарап, сырқатынан емделу мен айығуына бар күшін жұмсап, арын үстіндегі аппақ халатындай сақтаған медицина қызметкері ғана көптің көңілінен шыға алады. Емхана қызметкерлері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді, – дейді Байқоңыр қалалық көпбейінді аурухана Төретам ауылдық емханасының меңгерушісі Жұмакүл Маханбетова.
Ал Төретам ауылдық ауруханасы 2002 жылы 50 төсектік орын болып ашылған. Онда терапия бөлімі – 10, балалар бөлімі – 10, әйелдер бөлімі – 10 төсек. Күндізгі бөлім – 20 төсек. Мұнда штаттық кесте бойынша 4 дәрігер, 27 медбике, 22 кіші аяжан, 15 жұмысшы қызмет көрсетеді. Бөлімшедегі 10 төсектік перзентханада жылына 1500-ге жуық бала дүниеге келеді.


Наубайхана тізгінін ұстаған нәзік жан

Жасыңда еңбек етсең, қартайғаныңда соның зейнетін көресің. Осы қағиданы ұстанған талай жас кәсібінен береке тауып отыр. Қазіргі кәсіпкерлердің дені – жас¬тар. Жұмыссыздық өзекті мәселе десек, мемлекет кәсіпкерді өзектен теуіп отырған жоқ. Ал кәсіп ашуды қиынға балайтыны да аз емес. Себебі неден ашарын, неден бастарын білмей дал болған талай жасты көзіміз көріп жүр. Ашайын десе – қаражаты жоқ. Қаражаты болса – идеясы жеткіліксіз. Не істемек керек?
Төретамдағы сапарда аңғарғанымыз екі қолға бір күрек тапқандар қатары артқан. Солардың бірі – 24 жастағы Жұлдызай Бақтыбаева.
Бүгінде ол ашқан наубайхана тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетуде. Жастайынан кәсіп ашуды армандаған жанның ісі берекелі. Талапты жас еңбек етіп, нәпақа табуға бел буады. Кәсіпкерлік – оның бойына анасынан дарыған қасиет болса керек. Дәл осы кәсіппен бірнеше жыл айналысқан отбасы Қызылордаға көшеді. Бірақ бала күнінен маңдай термен нәпақа табуды қызына үйретіп, осы кәсіпті қолға алуға мұрындық болған оның анасы. Уақыт өте Жұлдызай туған жеріне келіп, «Бизнес Бастау» бағдарламасы арқылы 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңімпазы атанады. Діттеген мақсатының бір бөлігі орындалған жас кәсіпкер бизнесін одан әрі дөңгелетуге білек-сыбана кіріскен.
Наубайханада бөлке нан, тәтті тоқаш, балды, бисквитті торт пен нан өнімдерінің түр-түрі пісіріледі. 3 адамды жұмыспен қамтуда. Мұндағы қызметке тұрғындар дән риза. Нан өнімдері жақын маңдағы балабақшаға да жеткізіледі.
– Адам нені ескеруі керек? Әрине, бір орында тоқтап қалмауды. Кейде өмірден налып, жұмыс жоқ деп ренішті күңкіліміз бар. Бәрі өз қолымызда ғой. Сүрінген адамның қайта тұрып жүруге құқы бар. Дипломды сандыққа тастап, кәсіпкер болсын демеймін. Адам барға қанағат етуі керек. Егер өз мамандығыңнан жолың болмады ма, мұңаюдың қажеті шамалы. Мемлекет жұмыссызға бар мүмкіндікті беріп отыр. Соны тиімді пайдаланып, еңбек етсе болғаны. Әсіресе жас буын жат қылыққа әуестенбей, жастайынан еңбекке баулып өссе жаман болмайды. Әрбір адам өз өмірінің қожайыны. Ал оның қандай болуы тек өзіне байланысты, – дейді жас кәсіпкер.
Наубайхана тізгінін ұстаған нәзік жан мұнымен шектелмек емес. Мемлекет тарапынан тағы да қолдауға ие болса, кәсібімді одан әрі дамытқым келеді дейді. Тәуекел еткен жас «Алла қарекет қылғанға береді» дейді тағы да...



Кәсіптің де кәсібі бар, сұранысы тым бөлек

Жүйткіген көлік кент орталығындағы нысандардың біріне тоқтады. Екі қабатты ғимараттың келбеті алыстан-ақ көзтартады. Ішке ене бергеніміз сол еді «Ali» сауда үйінің иесі Бану Иманзадаева жадырай қарсы алды. «Ә» дегеннен әңгімеміз жарасқан жанға көп сұрақ та қоймадық. Сауда үйін бір шолып, мұндағы құж-құж қайнаған қызу тірлікке куә болдық.
Қазір кәсіпті меңгеруде мүмкіндік көп. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қанатқақты жобаларымен кәсіп ашуға ниеттенгендерді қолдайды. Ал мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген жан – біз жазып отырған кейіпкер. Ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 5,5 миллион теңге көлемінде несие алып, ойыншық сататын дүкенін одан әрі кеңейтеді. Былтыр желтоқсан айында бой көтерген нысанда кәсіп иесінің ойыншықтар дүкенінен бөлек 15 дүңгіршекті жалға беріп отыр. Мұнда сән салоны, фотосалон, киім-кешек, ет, жеміс-жидек пен кітаптар әлемі бар. Ал жеке кәсіпкер Бану бұдан да биік белестерді бағындырғысы келеді.
– Несібе – еңбек еткенде. Бар күшімді жиып, кәсібімді одан әрі дамытқым келді. Арманым орындалып, қазір сауда үйіміз халыққа қызмет көрсетуде. Кәсібімді одан әрі дамытамын. Кентте әзірге жоқ балалар ойын-сауық орталығын ашу жоспарда бар, – дейді жеке кәсіпкер.
Сауда үйінен шығатын тұста жеміс-жидек сататын қатарға көзіміз түсті. Сатушыны де аз-кем әңгімеге тарттық.
– Сауда үйі ашылғалы осындамыз. Халық үйренісіп жатыр. Келушілер қатары артқан. Барлығы халықтың арқасы ғой, – деп қысқа қайырды Мира Нұрбаева.
Былтыр заңдық тұрғыдан көмек көрсетуге кәсіпкерлерден 13 арыз түскен. Оның 10-ы салық мекемесіне байланысты. Палатаның көмегімен барлық арыз толықтай қанағаттандырылып, оң шешімін тапқан. Жалпы кәсіпкерлік палатасы жұмыспен қамту мекемесімен бірлесе отырып, аудандағы жұмыссыздар санының азаюына атсалысуда. Ал кәсіп ашып, оны дөңгелете білгендер өзін жұмыспен қамтып қана қоймай, өзгеге де жұмыс ұсынуда.
Айнұр ӘЛИ
03 наурыз 2020 ж. 1 562 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031