» » ЕКІНШІ ЖЫЛ: кәсіпкерлік КЕҢІСТІГІ

ЕКІНШІ ЖЫЛ: кәсіпкерлік КЕҢІСТІГІ

«Кәсіп түбі береке» дейді дана қазақ. Міне, осы кәсіптің арқасында адамзат баласы ішер асы мен киер киімін тауып, отбасы жағдайын жасайды. Әрине, бұл адамның негізгі парызы. Нақты айтқанда еңбексіз өмір де, байлық та, тіпті денсаулық та жоқ.
Қазақ халқының атам заманнан көршісі өзбек ағайындарда «Есектің артын жу да ақша тап» деген даналық сөз бар. Мұның мағынасы «Қалай болса, солай еңбек ет, бірақ күніңді көр» дегенге келеді. Расында да, адамзат баласы өмір сүру үшін міндетті түрде қаржы керек. Ал, сол қаржыны олар түрлі еңбекпен табады. Оның ішінде, жаңағы өзбек ағайын айтқан амалмен де табатыны рас.
Иә, қазір білімділер заманы. Кеңес үкіметі кезіндегідей екі қолға бір күрек ұстап, күн көретін жылдар келмеске кетті. Данышпан Абай айтқандай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейтін заман келді.
Жақында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңір тұрғындары алдындағы дәс­түрлі есеп беру жиынында былтыр облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығының жарияланғанын айта келе, өткен жылы аймақта кәсіпкерлік саласын өркендету мақсатында «Жол картасы» әзірленіп, оған 32 млрд. теңге қаржы жұмсалғанын айтты. Сондай-ақ, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған мыңнан астам адам 4,3 млрд. теңге шағын несие алса, 1500-ден астам сырбойылық шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған 1000-нан астам жоба қорғап, бүгінде олар өздері бастаған кәсібінен нәсіп тауып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, облыс әкімі аймақта шағын және орта кәсіпкерлік нысан саны 13 процентке артып қана қоймай, олардың үлесін 83 процентке өсіруге қол жеткізілгенін, сонымен бірге жылдық айналымы 2 млн. теңгеден асатын шағын және орта бизнес субъектілері 2 есеге өскенін мәлімдей келе, Сыр елінде бизнесті дамытуға байланысты арнайы әзірленген «Жол картасы» шеңберінде тағы да 34 млрд. теңге қаржы жұмсау қарастырылатынын айтты.
Ал, Қармақшы ауданы бойынша аталмыш сала аясында нендей жұмыстар істелуде? Ауданда өткен жылдың қорытындысымен тіркелген субъектілер саны 3252 болса, оның жұмыс істеп тұрғаны 2566 бірлік. Ал, жылдық айналымы 2 млн. теңгеден асатын кәсіпкерлік субъектілер 572 бірлікті құраған. Сонымен қатар, өткен жылы ауданда өнеркәсіп бойынша өндірілген өнім көлемі 3,4 млрд. теңгені құрап, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 113,9 процентті құраса, бөлшек сауда тауар айналымы 4,2 млрд. теңге болып, ол 101 процент болды.
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікпен айналысамын деген әрбір азаматқа қолдау көрсетіліп жатқаны рас. Тіпті, олардың саланы тез игеріп кетуіне байланысты қаржылай қолдау емес түрлі оқу курсын да ұйымдастыруда. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы мемлекеттік «Бастау-Бизнес» оқу курсында білімін жетілдірген 220 азаматтың 175-і жобасын қорғап шықса, «Бизнес-Кеңесші» оқу курсы бойынша 156 азамат білімін жетілдірген. Сонымен бірге, кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтарды қаржылай қолдау мақсатында мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде құны 448,6 млн. теңге болатын 161 жоба қаржыландырылды. Ал, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы» аясында 10 жоба, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасымен 22 жоба қорғалса, «Даму-Аймақтар» бағдарламасы бойынша «Жаңажол» ЖШС айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Халық банк» АҚ-мен 83,6 млн. теңгенің несиесіне ие болды, Сонымен бірге, бағдарламалар шеңберінде ауданда гранттар беру бойынша ұйымдастырылған комиссияның қарауымен 33 жоба иесі қаржыландырылып, кәсіпкерлер кәсібін бас­тап кетті.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мамандарының берген мәліметіне сенсек, ағымдағы жылы ауданда аталмыш сала бойынша мақстатталған жоспарлар аясында, яғни мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 120 жоба, ал «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы» бойынша 1 млрд. теңгенің жобасын қаржыландыру көзделуде екен.
Сонымен бірге, бүгінде аймақтағы салынып жатқан ең ірі құрылыс нысандарының бірі – Ақтөбе ауылындағы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, шағын несие алу үшін кәсіпкерлік негізі мен «Бастау-Бизнес», «Бизнес-Кеңесші» оқу курс­тары бойынша білім алушыларды даярлау жалғасын табатын болса, кәсіпкер Әділет Қаршығаның «Кірпіш зауыты» құрылысы, «Тұрмағамбет» ЖШС-нің «Сүт өңдеу цехы», сонымен бірге «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойынан қызмет көрсету және сау­да орындары мен дүңгіршектер салу жұмысы жүргізіледі.
– Соңғы жылдары аудан кәсіпкерлері мемлекеттің қолдауымен және өз қаражатымен бірнеше кәсіпкерлік нысандар салып, ел-жұртқа заман талабына сай қызметтер көрсетуде. Аудан аумағынан өтіп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойынан заманауи үлгідегі «Ақ сарай» қызмет көрсету орталығы, Жосалы кентіндегі «Раушан», «Марал», «Мағжан», «Алтын Орда, «Адина», «Орда» орталықтары мен басқа да түрлі бағытта шағын кәсіпкерлік нысандар ел-жұртқа қызмет көрсетуде. Төретам кенті мен Ақай ауылында кәсіпкерлік жақсы дамыған. Сонымен қатар, бүгінде жастар жағының осы кәсіпке бейім болуы бізді қуантуда. Мемлекет те оларға үлкен қолдау көрсетуде. Сондай қолдауға ие болған өңір жастары елде жоқ кәсіпкерлік қызметтерді ашып, оны дөңгелетіп әкетіп жатқанын көзіміз көруде. «Ел болашағы – жастар», – деп Елбасы айтқандай, бүгінде жол жастардікі. Олардың бойында тың идеялар жетерлік. Ал, оларға қолдау көрсету біздің, яғни аға буын өкілдерінің міндеті, – дейді «Қармақшы– Даму» кәсіпкерлік қауымдастығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Алмасбек Қаржаубаев.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
26 ақпан 2019 ж. 1 229 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031