Балалары өнерлі балабақша
Жосалы кентінде мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін бірнеше балабақша бар. Олардың оқу іс-тәжірибесі, бағдарламасы мен бағыты бір болғанымен әрқайсысы өзіндік шығармашылық ерекшелікке ие. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Ертөстік» балабақшасына барып, рухани жаңғырудың көрінісіндегі жұмысына қанықсақ, бүгін 10 жылдық тарихы бар №21 «Тоғжан» балабақшасы жайлы сөз етпекпіз. 280 орынға негізделген бөбекжай кент орталығында орналасқан. Жарық, жылы, жайлы орындағы 10 қазақ, 1 орыс тобында бөбектер тәрбиеленуде. 31 педагог-тәрбиеші, 34 техникалық қызметкер еңбек ететін бөбекжайға негізі қаланғаннан бері Айгүл Күзенбаева басшылық етеді. Жүзі жадырап, жанындағыларға күлкі сыйлап жүретін мейірімді басшы 2015 жылы аудан әкімінің қолынан «Бала жанының бағбаны» номинациясын алған. Әдіскерден бастап психолог, ән-әуез жетекшісі, хареограф бәрі де өз мамандығының шебері. Балабақшада облыстық бастауыш ардагерлер ұйымының тәжірибе алмасу мақсатында іс-шара ұйымдастырылса, «Оқу-тәрбие үдерісін жаңаша ұйымдастыру жолдары» тақырыбында аудандық семинар өткен. Сонда жан-жақтан келген қонақтар балабақшадағы дарынды бүлдіршіндердің көптігіне қайран қалып, тәрбиешілерді тәжірибе алмасуға шақырыпты. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Қармақшы ауданының 90 жылдығына орайластырылған «Бал бала – 2018» аудандық байқауына да қатысып «Үздік өнер ұжымы» атанған. «Сүйкімді ару – 2015» байқауында Аружан Әбдіжаппар бас жүлде, «Ұлы Дала елінің өнерлі де өрлі, талантты ұрпағымыз» атты халықаралық фестивальде Камила Әсетқызы бас жүлде, Мәдина Шауханбаева, Арайлым Қуанышбекова І орынды иеленген. Биыл халықаралық өнер фестиваліне қатысқан бүлдіршіндер Балнұр Жүніс, Саян Бекжанов, Айымжан Болат І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Аталған ұжымның ауызбірлігі мен жұмысына аудандық білім бөлімі білім беруді дамыту секторының бас маманы Мария Төрешова да оң бағасын берді.
– Баланың болашаққа қадам басып, қоршаған ортамен танысып, ең бірінші білім, тәрбиемен сусындайтын орны – балабақша. Ауданда мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту мәселесі толық шешілген. Әр ұжымның өз жұмысын одан әрі жетілдіруге, облыстық, республикалық деңгейге шығаруға мүмкіндігі көп. Жас қашан да жаңашылдыққа құштар. Жастардан үміт күтеміз. Тәрбиешілер бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүру керек, – дейді ол.
Бөбекжайдағы тәрбиешілер әр оқу қызметіне ұқыпты дайындалады. Жаңартылған білім мазмұны курстарына барып, тәжірибе толықтырғандары аз емес. «Ұлттық салт дәстүрді, мәдениетпен өнерді насихаттау – тәрбиенің төресі» дейді олар. Қыз қуу, арқан тарту, аударыспақ, асық т.б ойындарды жиі ойнатады. Қазақстандағы қалалар мен тарихи жерлерді таныстыру күн тәртібінен түспейді. Баланың тілін дамытып, қарым-қатынасқа икемдейді. Қарапайым математикалық ұғым арқылы оң мен солын, ұзын мен қысқа, үлкен-кішіні ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылығын дамытады.
Аспазшылар дайындаған астың дәмі тіл үйірсе, медбике санитарлық тазалықты қатаң қадағалайды. Балалардың бал күлкісімен нұрланған бөбекжай жұмысына ата-ананың оң баға беруіне тәрбиеші көмекшілері мен ұжымдағы басқа да қызметкерлердің үлесі мол.– Өз дегенін, қалауын орындатқысы келетін ерке балалар жоқ емес. Бірі – үйдің кенжесі, бірі – тұла бойы тұңғышы. Мейілінше балаларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулып келеміз, – дейді балабақша әдіскері Шакизада Бодықова.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)














