» » БАЛАБАҚША БАЙЫБЫ

БАЛАБАҚША БАЙЫБЫ

Адам өмірінің мәні – бала. «Балалы үй – базар» деп қазекем бекерге айтпапты. Біле-білгенге бала санын көбейтіп, ұрпақ өрбітуді мақсат еткен ұлт жер бетінде көп емес. Десе де, шаңырақта іңгәлаған сәбидің даусы естілсе мәз болатын қазақ отбасы сәбиін ай мен күнге балаған. Қаны қазақтың сенім артар жалғасы, үкілі үміті де осы төл перзенті. Қазір мемлекет тарапынан жас отбасыларына жайлы жағдай жасалуда. Бұл әсіресе, жұмысбасты ата-аналар үшін өте тиімді. Бұрынғыдай, олар «балаға қалай қараймыз» деп жан-жағына алаңдамайды. Өйт­кені, сәбиді сенімді қолға тапсырар балабақша бар. Әні-міне, дегенше жаздың да соңғы айының қақ жартысына жетіп қалдық. Алда жаңа оқу жылы. Оған дайындықты кей ата-ана бастап та кетті. Ал, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын ба? Сала қызметкерлері үшін өткен жыл несімен есте қалды? Ауданда бөбектердің бала­бақшамен қамтылуы көң­іл көншітеді ме?
Есеп бойынша бүгінгі күні өңірде 36 мектепке дейінгі балабақша болса, оның 32-сі балабақша да, қалған 4-еуі шағын орталыққа жатады. Өткен оқу жылында 2823 бүлдіршін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, оның 1264-і бөбекжайда (2-3 жас аралығында) тәрбие алған. Сондай-ақ, кейбір балабақшада жаз мезгілінде жазғы сауықтыру шаралары жүргізілді. Бүлдіршіндер денсаулығын шыңдау мақсатында спорттық ойындар, тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылды. «Жақсылық жасасаң, балаға жаса» дейді қазақ даналығы. Балаға жасалған жақсылық – игі бастаманың ең қуаттысы. Айталық, үстіміздегі жылы иіркөлдік ағайын осындай мерейлі шараның куәсі болды. Мамыр айында ауыл тұрғындарының қатысуымен жаңадан салынған «Самал» балабақшасы ел игілігіне беріліп, салтанатпен тұсауы кесілді. Оқу-тәрбие әдістемесінде де көзге көрінер бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, 2017-2018 оқу жылында «Бейбітшілік әлемі» творчестволық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен өткен халықаралық фестивальде «Сәтті бала» жеке балабақшасының тәрбиеленушісі Айару Гажденбек бас жүлдені олжалап, арнайы төсбелгімен марапатталса, осындай сый-құрмет бөбекжай тәрбиешісі Мереке Алпамысоваға, білім бөлімінің бас маманы Мария Төрешоваға, «Сәтті бала» жеке мекемесінің құрылтайшысы Несібелі Агаеваға және меңгеруші Шәрбану Шүкіроваға да көрсетілді.
Кез келген балабақшаның оқу-тәрбие жұмысында әдістеменің орны айрықша. Пікірлесіп, өзара тәжірибе алмасуда «Айымерке» жеке балабақшасында «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар – нәтижелі білім негізі» тақырыбында аумақтық семинар өтті. Оған қоса, өңірде «Оқу қызметіне жаңа технологияларды пайдалану», «Заманауи әдістер мен технологияларды қолданудың жаңа үрдістері», «Оқу қызметін жаңаша ұйымдастырудың әдістері мен тәсілдері» тақырыбында облыстық, аймақтық, аудандық семинар-кеңестер ұйымдастырылды. Білім бөлімі мамандарының айтуынша, қазіргі таңда өңір балабақшамен 100 пайыз қамтылған. Қай балабақшаның да әлеуеті жаман емес. Оларға қойылатын талап бір, оқу-тәрбие үрдісінде айтарлықтай айырма жоқ. Барлығы да жаңа технологияға сүйенеді. Тәй-тәй, «Монтессори», «Триз», «Визиборд» технологияларымен бүлдіршіндер заманға сай тәрбие алуда. Осындай жұмыс нәтижесінде облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен өткен шығармашылық апталықта «Аққайың» балабақшасының әдіскері Мереке Акимова «Мен – көшбасшы әдіскер» аталымын иеленсе, «Гаухартас» балабақшасының ұжымы «Театрландырылған әрекеттерді ұйымдастырудың заманауи әдістері» атты облыстық семинарда жоғары баға алды.
Саладағы келелі мәселенің бірі – жұмысбасты ата-ана балаларының жұмыс уақытында қараусыз қалмауы, олардың бөбекжаймен толық қамтылуы. Бұл мәселе де жыл санап өз шешімін табуда. «Аққайың», «Ертөстік», «Айгөлек», «Балбөбек», «Алақай», «Балдәурен», «Толғанай», «Тоғ­жан», «Балдырған» балабақшаларында 1,5-3 жас аралығындағы балаларға арналған ясли топтары жұмыс істеуде. Биылғы жаңа оқу жылы жаңалықсыз емес. Салаға көптен күткен электронды балабақша бағдарламасы енгізілмек. Сондай-ақ, бүлдіршіннің интеллектуалды қабілетін дамытуда үштілді оқыту бағдары жүзеге аспақ.
ТҮЙІН
Қай істің де байыбына бара білетін қазекем: «Баланың пәлегі – ащы, түйнегі – тәтті» деп, бала өсірудің бейнеті мен зейнеті бірге жүретінін бірауыз сөзге түйген. Сол айтпақшы, бала өсірудің өз машақаты жетіп-артылады. Десек те, бар жиған-тергенін тойға шашатын қазақтың бала дегенде шығарға жаны бөлек. Осындай баға жетпес байлығымызды әрбіріміз қызғыштай қорып, әлпештей білейік.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
16 тамыз 2018 ж. 2 453 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 228

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 333

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930