» » ЕҢБЕКПЕН КӨСЕГЕСІН КӨРКЕЙТКЕН

ЕҢБЕКПЕН КӨСЕГЕСІН КӨРКЕЙТКЕН

«Жақсыға жақын көп» дегендей, өнегелі өмірімен ұлт дамуына пайдасын тигізіп жүрген жандардың жанынан қашанда адам арылған емес.
Сондай атпал азаматтың бірі – тарихы тереңді бойлаған, көп этнос өкілінің қара шаңырағы атанған ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны Аштар Мурадов.
Заманында еңбектің керемет үлгісін көрсеткен Еңбек Ерлері Цай Ден Хак, Пак Чен Ир, Ленин орденді Ж.Дямуршаев және басқа да дала майданының майталмандарының тәліміне қанып өскен Аштар ер жете келе замандастарымен бірге аталар жолын жалғастыру ниетпен алғашқы еңбек жолын күріш алқабында бастады. «Талаптының туысы – еңбек» дегендей, күні бойы әкесі Мурадқа көмектесе жүріп, күріш өсірудің қыр-сырын меңгерген ол аянбай еткен еңбектің арқасында біршама жетістікке қол жеткізді. Ауыл жастары арасында беделі биіктеп, қоғамдық жұмыстардың басынан көрініп, ел тәуелсіздік алғаннан кейін Милияр Арифов басқарған «Достық Жер МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде көп жыл агроном, инженерлік қызметтерін абыроймен атқарды. Бірақ, бала кезден мақсаттаған арманын орындауда 2005 жылы серіктестіктен өзіне тиесілі үлесін алып, «Ақ ниет» шаруа қожалығын құрды.
Бүгінде білікті басшы қарамағында еңбек ететін 15 маманмен күріш, бақша, көкөніс, картоп сияқты ауылшаруашылығы дақылын өндіруде мол табысқа қол жеткізуде.
– Өткен жыл шаруашылық үшін табысты жыл болды. 300 гектар егістік алқапқа орналастырған күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім жинадық. Жоңышқамыз да бітік өсіп, оны да тайлап алдық. Бақша дақылдары мен көкөніс және картоптан түскен өнім дастарқанымыздың мәзірін толтырды. Маусымды жақсы табыспен аяқтап, диқан-механизаторларға тиесілі табысын үлестірдік. Сонымен қатар, қызметкерлерге шаруашылық атынан тегін қыстық тамызық отын мен көмір түсіріп берсек, елімізде, әлемде болып жатқан жаңалықтармен дер кезінде танысуда тағы да сол шаруашылық атынан газет-журналдарды тегін жаздырып бердік, – дейді Аштар Мурадов.
Міне, осындай игі ісімен ел құрметіне бөленген Аштар бала кезінен төрт түліктің асыл тұқымдық түрін өсіруге құмар екенін біріміз – білсек, біріміз – білмейді екенбіз.
Бүгінде Аштардың қорасында Башқұртстан мен Қостанай қаласынан әкелінген 15 асыл тұқымды жылқы, сонымен бірге, башқұрттық «Семминтальский» және америкалық «Ангус» тұқымды 5 мүйізді ірі қараны селекциялық әдіспен бағып, түрлендіріп отырса, тәжіктердің «Гиссарский» қойы жылына 1 рет егізден қозылайтын, семіргенде 40-45 келі ет құрайтын 15 қой мен бағымы келіскенде салмағы 60-70 келіден асатын 1 қошқар бағуда. Ал, біз оның мал қорасына жапсарлас салынған тауық қорасына барғанымызда бразилиялық «Брама» тұқым­дас 40 мекен мен 4 қоразды көрдік. Аштар Мурадов оның да жайын таразылады: «Бразилиялық тауықтар ірі әрі етті болып келеді. Сондай-ақ, брама тауығының әрбірінің салмағы 2 келіден жоғары болса, қораздары 4 келіден асады. Мекендері жұмыртқалағыш. Сондай-ақ, 5 дана цесарка тұқымдас тауық өсіріп жатқан жайым бар. Оларды халық арасында «санитар» деп те атайды. Олай деп аталуына себеп, цесаркалар жерде жатқан қандай да болмасын жеуге жарамды тағамды теріп, айналасын тазартып жүреді», – деді.
Міне, осындай игі ісімен елге танылған Аштар Мурадовтың жары Зульфия да үкілеп өсірген ұрпақтарына әке өнегесін беруде. Отбасы тұңғышы Абдулла Қызылорда қаласында еңбек етеді, қызы Рәбия ауыл азаматымен шаңырақ көтерді. Ал, қолқанаты Изнул әкесімен бірге шаруашылықта еңбек етеді. Трактор, комбайн, жатка да айдайды, диқаншылық кәсіпті де жетік меңгерген. Нағыз бесаспап маман.

Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ,
«Қармақшы таңы».
28 қаңтар 2019 ж. 677 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 82

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 228

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930