» » » ЖЕЗТАҢДАЙ ЖЫРАУ

ЖЕЗТАҢДАЙ ЖЫРАУ

Қазақ жерін ән-жырға көмкеріп, халық арасында «Жүз шайырдың Отаны» атанған  Қармақшы өңірін қазақтың кең-байтақ  даласында  естімеген ел-жұрт жоқ шығар. Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Жиенбай, Тұрымбет, Шораяқтың Омары,  Тұрмағамбет  және басқа да сөз мәйегін өлең-жырлары арқылы қалың халыққа жеткізіп, жыр күмбезін әуелеткен ақын-жыраулардың өнегелі өмірі бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Иә, сонау ерте заманнан атадан балаға мирас ретінде аманатталып келе жатқан жыр керуенін жалғастыруда өңіріміздің жыр-тер­мешілері аянбай еңбек етіп, өздерінің өнегелі істерімен елге танылды, танылуда да.
Міне, бір-бірінің мақамы бір-біріне  ұқсамайтын ерекше дауыс­­тарымен, домбыра шерту ерек­­ше­лігімен тыңдармандарының қошеметіне бө­лен­­ген жыр жампоз­дарының бірі – талай дарын иесін үлкен өмірге қанаттандырған киелі Тұрмағамбет ауылының тумасы Берман Бисембаев.
Бала жасынан ауылдағы жез­таңдай жыршы-термешілерден тәлім алып өскен Берман Бисембайұлы Сыр сүлейлері Кете Жүсіп, Жиенбай, Шораяқтың Омары мен даңғайыр ақын Тұрмағамбеттің толғау-тер­мелері мен қисса-дастандарын, оның ішінде Қарасақал Ерімбеттің қазақ ұлтының шежіресі туралы дастаны мен Кете-Шөмекей шежіресін жырға қосып, оны қағазға түсіргендердің бірі болса, Тұрмағамбет ақынның «Рүстем-Дастан», Нау­рызбай жырау­дың «Тазша бала» дастандарын қазақтың қара домбырасымен өзіне тән мақаммен жырлағанда тың­дар­ман қауым ерекше ықыласқа бөленетін.
Дүлдүл жырау атанған Берман Бисембаев жыраулықпен бірге күйшілік өнерді де терең меңгерген бесаспап өнерпаз.  Ол ақын әрі жырау, сонымен қатар күйші  Мұзарап  Жүсіповтың «Тәнтен қыз», «Шаттық, «Тоқым тыққан Қыстаубай»  және басқа да қазақ күйшілерінің күйлерін нақышына келтіре орындап, тың­дарман көңілінен шыққан  дарын иесі.
Халық арасында «Берман жырау» атанған  жыр жампозының өзге жыраулардан тағы бір ерекшелігі оның бір қолындағы екі саусағының жоқтығында. Нақтысын айтқанда,  өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында ауылда өзі баптап өсіріп жатқан егістікке келетін аяқ су каналының «Бозкөтерме» деп аталатын бөлігін су басып кеткенде ол топан суды бөгеймін деп жүріп, орақпен қамыс орған қара бура шом екі саусағын жұлып жібереді.  Бірақ, ол кемістік жыраудың домбыра шертуіне кедергі келтірмейді. Керісінше, оның шабытына шабыт қосады.
Жұмыстан қолы босап, яғни зейнеткерлік демалысқа шыққан Берман жырау «отбасы – ошақ қасы»  шалы атанбайын деп фольклоршы-жырау, заман­дасы Сүйінбай Ақбаевпен бірге ауылдың дарынды жастарын жыраулық-термешілік өнер­­­ге баулуда қазіргі Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы №29 мектеп жанынан жыраулық үйірме ашып, еңбек етеді. Шәкірттерінің бірі – Асылбек Зібайраев бүгінде аймаққа танылған жыршы-термеші әрі күрішші.
«Жігітке жеті өнер де аз» деп дана халқымыз айтқандай, Берман жырау  Тұрмағамбет ауылындағы КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев, Еңбек Ері, Батыр Ана Сәлима Жұмабекова мен №1 жақаевшы күрішші Әбен Тоғызбаевпен бірге «Ленин» ор­дені­­мен марапатталған еңбек­кер­­дің бірі.
Бала кезінен Жер-Ана төсіне күріш дақылын егіп, бірнеше рет аудан, облыс чемпионы атанып, ел ырзығын еселеп өндірудегі ерен еңбегі үшін, туған жерінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан даңғайыр диқан, жырау Берман Бисамбаев «Ленин» орденімен бірге «Еңбектегі табыстары үшін»  және басқа да мемлекеттік медальдармен марапатталды. Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық ауылшаруашылығы көр­месіне қатысып, бір­неше рет көрме марапатына ие болған. Сонымен бірге, оның есімі ҚазССР-дың  Құрмет кітабына жазылды.
«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей, Берман жыраудың ұрпақтары арасында ата жолын қуып, бүгінде өнерімен елге танылып жүргендер де жетерлік. Берман баласы Қанат пен Ораз  және немерелері Динара мен Аслан  бүгінде ел-жұрттың  алдына шығып, жыраулық, ақындық  өнерді насихаттап жүрген өнерлі  жастар.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
27 желтоқсан 2018 ж. 1 616 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031