» » ҰСТАЗ – ҰЛЫ ЕСІМ

ҰСТАЗ – ҰЛЫ ЕСІМ

Қазақ халқында «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген дана сөз бар. Міне, осы бір даналық ұғымды өздерінің саналы ғұмырымен ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келе жатқан әулеттер жетерлік. Оның ішінде, Сыр бойында жыраулық, ақындық және басқа да өнерді өміріне серік еткендер арасында «Сыр шайырларының генералы» атанған Ешнияз салдың жыраулық өмірін жалғастырушы баласы Кете Жүсіп, одан әрі Мұзарап, Сабыт, сондай-ақ Дүзбенбет жыраудан тараған Жиенбай, одан әрі Рүстембек, Көшеней, Бидас, Арнұр, кете руының Дуан аталығынан шыққан Есетбай батырдың ұрпағы қазақтың тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараұлы, ақын Запа Дәулетбаев, діни ғұлама Алдашбай ахун мен оның ұрпақтары, ағалы-інілі Асан мен Омар мақсұм, Мүтәләп пен Мінуар, Сәкен, сонымен бірге халық арасында «Бала жырау» атанған Тұрымбет, оның немерелері Ибрагим мен Жарқынбек, бір өзі бірнеше мақаммен жыр жырлап, елді таңдай қақтырған Сәрсенбай жырау мен оның баласы Алшынбек, одан әрі Майра мен Жауһар, Молдахмет жыраудың баласы журналист Қанибек Молдахметұлы, тағысын тағылар бабалар ісін ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келе жатқандар.
Міне, заманында ел-жұртының қамы мен болашағы үшін өмірін арнап, елге билік жүргізген ағайынды Шораяқ пен сонау бір жылдарда қарт Қуаңның бо­йын мекен еткен жыртқыш аң жол­барыс­пен айқасып, халық арасында «Шері» атанған Титықтан тараған, қазіргі Алдашбай ахун ауылында туып-өскен Оспан, Достан, Омар мен Жанәділдің ұлдары – Шайқы, Яхия, Әбілахат, Молдаштар ата жолымен жүріп, сол ұлы жолды ұрпақтарына аманаттап қалдырған ардақты жандарды аға буын ағалар жақсы біледі. Шайқы Омарұлы Шиелі, Сырдария аудандарында партия комитеттерінде хатшылық қызмет істесе, Яхия Оспанұлы Қызылорда қаласындағы жоғарғы оқу орнында көп жылдар лауазымды қызметте болды, ақын-журналист Әбілахат Жанәділұлы аудандық, облыстық газеттерде тілші болып қызмет етті. Ал, Молдаш Достанұлына келер болсақ, бала кезінен білімге зерек болып өскен ол өсе келе облыс орталығындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы факультетіне түсіп, оны тәмамдаған соң институт жолдамасымен Сырдария ауданындағы орта мектепте алғашқы еңбек жолын бас­тады. Жылдар өте білімділігімен, еңбеккерлігімен басшылық назарына іліккен жас маман Сырдария және Тереңөзек аудандарындағы бірнеше мектепте директорлық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеуде абырой биігінен көрінеді. Тіл маманы ретінде біліктілігін арттыра жүріп, көптеген шәкірттің қоғам­нан өз орнын табуға еңбек сіңіреді. Көптеген шәкірті бүгінде ұстазы бағыт берген сара жолмен еліміздің түкпір-түкпірінде өздері қалаған мамандығы бойынша білім алып, елге қызмет етуде. Атпал азаматтан тәлім алған шәкірттер арасында ғалым мен дәрігер, өзі сияқты тіл мамандары да бар.
Ұлағат иесі Молдаш Достанұлы ана тілін терең меңгере жүріп, 1977 жылдың 29 маусымында КСРО Білім және ғылым академиясының шешімімен филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежелік атағына ие болды. Сөйтіп, Кеңестер Одағында қарапайым ұстаздар арасында тұңғыш ғылым кандидаты атанады. Мұндай лауазымды атаққа осы уақытқа дейін қарапайым қатардағы ұстаздар арасында ешкім де қол жеткізген емес.
Молдаш Достанұлы қазақ даласына «жүз шайырдың Отаны» атауымен танылған, талай дарын иелерінің атамекені қасиетті Қармақшы өңірінде туып-өскеннен бала кезінен жыраулық, ақындық өнерге жақын өсті. Әкесінің туған інісі Омардың және Ешнияз сал, Балқы Базар, Шегебай, дүр Оңғар, Тұрымбет, даңғайыр ақын Тұрмағамбет пен Кете Жүсіп, өзінің жиен ағасы Жиенбай жырау сияқты жыр жампоздарының жыр-термелерін жатқа айтып, өзі де өлең-қиссалар жазды. Бірақ, шығар­маларын жарыққа шығарған емес.
Міне, мен қолыма облыстық «Сыр бойы» мен Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газеттерін алып парақ­тап отырмын. Бұл басылымдарда сонау бір жылдарда қазіргі Қорқыт ата мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиет факультетінде Молдаш Достанұлының ұстаздық еткен жылдарында тәлім алған шәкірттері, бүгінде журналистика саласының тар­ланы атанған ардагер-журналист Өтеген Жаппархан мен филология ғылым­дарының кандидаты Болат Боранбай сынды ағалардың мақалаларын оқып отырып, Молдаш аға жайында тағылымды әңгімеге қанықтым.
Қазақта «Жақсыға жақын көп» деген сөз бар. Міне, өз өмірін осындай ұғыммен сабақтастырған ұлағатты ұс­таз Молдаш Достанұлының өнегелі өмір жолы көптеген азаматқа үлгі болып, олардың үлкен өмірден өз орнын табуына сара жол болды.
Расында да, «Еңбек ерді танытады» дегендей, білім беру ісінің корифейі атанған Молдаш Достанұлы ел алдындағы елеулі еңбегінің арқа­сында көптеген мемлекеттік, сала­лық марапатқа ие болды. Шәкірт тәрбие­леу­дегі ерен еңбегі үшін ұлағатты ұстаз «Ерен еңбегі үшін» және «В.И.Лениннің 100 жылдығы» медалі мен «ҚазССР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанды.
Өмірлік жары Күлбике анамызбен бірнеше ұрпақ тәрбиелеп, олардың қоғамымыздан өз орнын табуына аянбай еңбек сіңірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде ұрпақтары тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде ел әлеуетін арттыруға перзенттік үлестерін қосуда.
«Ұстаз – ұлы есім» дегендей, бар саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Молдаш Достанұлының өнегелі өмір жолы қашанда ұрпаққа үлгі болып қала береді. Оған дәлел атпал азаматтан тәлім-тәрбие алған шәкірттер бүгінде өздері шәкірт тәрбиелеп, ұстаздары аманаттап кеткен ұлы істі адал жал­ғас­тыруда.
Мұхтар ЖҰМАТАЕВ.

19 қараша 2018 ж. 2 437 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 083

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031