Тарихы тереңді бойлаған ауыл
Тарихы тереңді бойлаған, бүгінде 10-нан астам этнос өкілдері бір ананың баласындай бірлік пен ауызбіршілікте өмір сүріп, тіпті қыз беріп, келін түсіріп құдандалы болып тату-тəтті өмір сүріп келе жатқан lll Интернационал ауылдық округі өңірдегі берекесі тасыған елді мекеннің бірі.
Расында да, еңбектің керемет үлгісін, бірлігі бекем осы бір ауылдың тұрғындары қашанда жайдары да жылы жүзімен, енбекқорлығымен ерекшеленетінін біз жақсы білеміз. Бұл ауылдан екі Еңбек Ері, сонымен бірге көптеген еңбек майталманы, қоғам қайраткерлері түлеп шықты. Иə, халқының жүзінде ырысы, даласында күріші тасыған осындай құтты мекеннің бүгінгі ұрпақтары аталар салып берген сара жолын жалғастыруда аянбай еңбек етуде. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігін тұрақты жұмыспен қамтып отырған, білікті басшы Милияр Арифов басшылық жасайтын "Достық Жер МК" серіктестігі аймақтағы ең ірі шаруашылықтың қатарынан орын алған болса, Аштар Муратов, Камил Арифов, Али Рагибов жəне басқа да майталман мамандар ауыл əлеуетін нығайтуда еселі еңбектерімен ел құрметіне бөленіп келеді.
Міне, аудан əкімі С.Мақашовтың осындай берекесі мен бірлігі үстем болған елді мекен тұрғындарымен өткен кездесуде ауыл əкімі Əсет Омаров ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырған соң, сөз тізгінін қолына алған аудан басшысы өңірдің хал-ахуалын сөз етті. Өткен жылы аудан тұрғындары мен өңір экономикасын нығайту мақсатындағы іргелі істер жайында сөз қозғады жəне алдағы уақытқа мақсатталған жұмыстарды саралады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген түйткілді мəселелерді зерделеп, оның шешілу жолын түсіндірді.
Н.Жанәділов