Жылдық ырыс көктемгі еңбекпен өлшенеді

Сонымен бірге, былтыр 202 гектар алқапқа егілген жаздық бидай 210 гектарға егіс көлемі ұлғайды. Сондай-ақ, бақша дақылдары, яғни қауын-қарбыз 555 гектарға, көкөніс 300 гектарға, ал картоп 450 гектарға орналастырылуда.
Аудандағы ең ірі егін шаруашылықтары арасында, атап айтар болсақ, Милияр Арифов басқаратын «Достық Жер МК» серіктестігі биыл 2400 гектарға күріш, 200 гектарға мақсары, 1686 гектарға ескі және жаңа жоңышқа орналастырса, осы жұмыстарға 42 түрлі ауыл шаруашылығы техникасы мен 241 адам тартылуда. Сонымен қатар, Орынбасар Төлепов басшылық жасайтын «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбеккерлері де алқаптың 3200 гектарына күріш дақылын, 1588 гектарға ескі және жаңа жоңышқа егіп, күтімге алса, жаздық бидай 100 гектарға егілді. Сонымен қатар, жаңажолдықтар бақша мен картоп дақылдарын егіп, күтіп-баптауда. 230-ға жуық түрлі ауыл шаруашылығы техникасы мен 380 сала маманы көктемгі егін егу жұмыстарына жұмылдырылуда. Ал, Нұржан Пірмантаев басқаратын «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігігің мамандары көктемгі егіншілікте 280 гектарға күріш дақылын, 150 гектарға мақсары, 125 гектарға жоңышқа және түрлі бақша дақылдары мен көкөніс екті. Сонымен бірге, ауқымды шаруаға 33 түрлі маркалы трактор мен басқа да ауылшаруашылығы техникасы қатыстырылуда.
Сондай-ақ, күріш дақылын шет лге экспорттау мақсатында ирандық «Тором Хошими» сортын соңғы жылдарда егу жұмыстарын қолға алған Нұрлан Іздібаев биыл да сол жолдан танбай еңбек етуде. Нақтырақ айтқанда, «Ақтөбе и К» шаруашылығы күріштің осы сортын 330 гектарға егуде. Сонымен бірге, шаруашылық диқандары 1440 гектар алқапқа күріш, 159 гектарға мақсары және 335 гектарға ескі және жаңа жоңышқа орналастырып, бүгінде оны күтімге алуда. Осы жұмыстарды атқаруға 60-тан астам трактор мен басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын және 120 сала маманын тартуда.
Диқандар егін егу жұмысын уақытылы орындап, мол астық алуға ниетті. Биылғы ырыс-несібе солардың еңбегімен өлшенеді. Қажырлы еңбекпен келген азықтың жемісі тәтті болары анық. Ала жаздайғы маңдай тер қытымыр қыста қалың елге талғажау болар тірліктің қамы бұл.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
«Қармақшы таңы».