» » ҚЫЗЫЛОРДА ӨРКЕНИЕТТЕР ТОҒЫСЫНДА

ҚЫЗЫЛОРДА ӨРКЕНИЕТТЕР ТОҒЫСЫНДА

Әлемдегі дамыған, әлеуеті зор қалалар мегаполис болып топ етіп бір күнде төбеден түскен жоқ. Тың жобалардың, ауқымды шаралардың нәтижесінде  дүниеге келді. Айта кетейік, мұндай «шығармашылықтан» Қазақстан да тысқары емес. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ақылды қала» жобасы ұсынылды. Ауқымды жобаны жүзеге асырып, қала халқының тұрмыс сапасын жасқартуда –  Алаштың анасы атанған – Қызылорда қаласында да нақты шаралар қабылдануда.
                                           ГҮЛГЕ ОРАНҒАН ГҮЛЗАРЛАР
«Пай, пай, қала ажарланып кетіпті. Сымдай тартылған түзу көшелер, жасыл желекке оранған гүлзар-бақ тынысыңды ашады. Бұрын-соңды жүріп көрмеген құрылыс жұмыстары көңіл қуантып, көз қарықтырады». Бұл сөздерді қазіргі кезде қала келбетінің сұлулана түскенін тұрғылықты жұртшылықпен қатар, сырттан келетін қала мейманының аузынан жиі естисің. Айтса, айтқандай. Табиғаты ыстық, ауасы аптапты жерден көркем қала тұрғызып, оны таяу жылдарда «ақылды қала» қатарына қосу – бүгінгі күннің ерен ерлігі. Білетініміздей, шырайлы шаһарда 52 аллея мен скверь бар. Осы аумақтарға жылдың белгілі мезгілінде мыңдаған көшет пен гүл отырғызылады. Уақыт талабына сай, қала мәдениеті мен әсем шаһардың келбетін айшықтай түсуде жаңа демалыс орындары, түрлі саябақтар ел игілігіне берілуде. Тарихи орын – «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» және қоғам қайраткері, Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды. Тұңғыш Президент саябағы мен «Рәміздер алаңы» аралығынан демалыс саябағы салынуда. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша «Абай Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен «Ана бақыты» аллеясы лентасын қиды. Сондай-ақ, жақында Сыр өрені өнері әлемнің төрт бұрышына тараған дарабаз әнші Батырхан Шөкенов атында саябақ ашылып, эстрада жұлдызының құрметіне ескерткіш қойылды. Аталған жұмыстар ішіндегі ең ауқымдысы – Сырдария өзені бойындағы жағалаудың абаттандырылуы. Бұл күнде «Тәуелсіздік» даңғылы атын иеленген жағалау – шаһар қонақтарының сүйікті орнына айналуда. Онда аялдама, жарық бағаналары, жаяу жүргінші мен веложолақ қарастырылған. Қала тұрғындарының тыны­ғуы­на  түрлі жарықшаммен көмкерілген соңғы үлгідегі субұрқақтың да септігі бар.             
                                                  ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТ
Шаһар – экономиканың барлық саласында өзгелерге үлгі. Ол жаңа бастама мен жаңа үдерістердің көшбасшысы. Мысалы, былтыр қала бюджеті жыл басында 30 млрд. 831 млн. теңге көлемінде бекітілсе, жыл қорытындысымен 43 млрд. теңгеге жеткен. Оның ішінде, қала кірісі соңғы 5 жылда 1,7 есеге артқан. Яғни, 9 млрд. 800 млн.-нан 17 млрд. теңгеге ұлғайған. Биыл қала бюджеті 42 млрд. 115 млн. теңге болып бекітілсе, ол бүгінгі күннің өзінде бұл көрсеткіш 50 млрд. 265 млн. теңгені құрап отыр.
Дала төскейіне төрт түлігін өрбіткен қазақты ауыл шаруашылығынсыз елестету мүмкін болмас. Мемлекет жасаған қамқорлықтың арқасында қаланың ауыл шаруашылығы жыл сайын қарқын алуда. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 103, 5 пайызға артса, егіс көлемін әртараптандыру мақсатында 16 мың 876 тонна өнім жиналған. Қалада ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің саны 27-ге жетсе, осындай тыңғылықты жұмыстардың қорытындысында ет өндіру 110 пайызға артқан. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру барысында да дүркін-дүркін жәрмеңке өткізіліп, халықтың ризашылығын тудыруда.
                                             ҚАЛА СӘНІ – СОЛ ЖАҒАЛАУ
Шынын айтайық, баспана – қай елде болмасын күйіп тұрған мәселе. Сол үшін де қазақ атамыз: «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп мәселенің алдын алып, баспанасыздыққа бейқамдық танытпаған. Жаңа инновация – бірінші кезекте қала тұрғынының тұрмыс сапасын жақсарту, баспанамен қамтумен байланысты. Бүгінде қалада тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алуда. Халықты баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші еселеп артуда. Соңғы бес жылда қаладан 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық қала тұрғыны су жаңа пәтер кілтіне ие болған. Тек былтырдың өзінде шаһарда 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы пайдалануға берілген. Бір айта кетерлігі, Қызылордада апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толығымен шешімін тапқан. 2017 жылдың ауыз толтырып айтар ең үлкен жетістігі, қаланың бас жоспарына сәйкес – Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы бастау алды. Онда құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайының ғимараты салынуда. Мұнымен қоса, жаңа қалашықтан 100 келушіге арналған емхана, 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана, 900 орындық білім ұясы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхана құрылысын салу да жоспарланып отыр. Қуанарлығы сол, Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына тарту ретінде Сол жағалаудағы жаңа тұрғын аудан пайдалануға беріледі.
                                                  КЕЛЕЛІ ІСТЕР КӨРІНІСІ
Кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші әрі мемлекет тарапынан кең көлемде басымдық алып отырған ерекше сала. Аталған салаға қаланың қосып отырған үлесі де қомақты. Мемлекет қолдауы арқасында салада оң өзгерістер байқалады. Күні бүгінге дейін қалада 26 мың 117 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл облыс бойынша жұмыс істеп тұрған субъектілердің жартысынан астамы, яғни 51 пайызы қала үлесінде. Былтырдың өзінде құны 6 млрд. 465 млн. теңгені құрайтын 176 кәсіпкерлік нысан іске қосылған. Нәтижесінде, 1 мың 760 жұмыс орны ашылды. 2017 жылы негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 105 млрд. 322 млн. теңгені құрап, облысқа салынған барлық инвестицияның 43,7 пайызын құраған. Облыс бойынша өндірілген өнімнің 83,8 пайызы қала үлесіне тиесілі екен. Жаңа бастамалардың арқасында өткен жылы 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл – қаладағы келелі істердің көңілге түйер көрінісі.
Осы жылдың да соңғы қоңырауы соғылып, бітіруші түлектер жаңа бір өмір белесіне иек артпақ. Былтыр 581 шәкірт мемлекеттік грантты жеңіп алса, 107 түлек «Алтын белгі», 102 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Үстіміздегі жылы да білім саласының әлеуеті жаман емес. 96 бітіруші «Алтын белгіге», 104 бітіруші «Үздік аттестатқа» үмітті.  
 – Қала жыл санап көркейіп-гүлденіп келеді. Көркейту, абаттандыру, тазалық жұмыстары жолға қойылған. «Ақылды қала» жасаймыз деп жатыр. Көшелерде бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде білім ордалары тұсына светодиодты жол белгілері қойылмақшы. Халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарда тегін интернет желісін енгізуге «Orda Wi-Fi» жобасы және тұрғындар мен қала қонақтарының қала әкімдігімен тікелей байланыс жасауға, мәселені дер кезінде шешуге арналған мобильді қосымша  қолға алынуда. Сонымен бірге, тұрғындар қауіпсіздігін сақтауда тұрғын үйлерге видеодомофондар орнату жұмыстары жүргізілетін көрінеді. Біз бұған өте қуаныштымыз. Дүниежүзінде «Ақылды қала» идеясымен өркенін жайған мемлекеттер баршылық. Бұл бір жағынан Қазақстанның жаһанданудағы озық үлгісін көрсетсе, бір жағынан қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жетілдіре түседі, – дейді қала тұрғыны Болғанбек Бодыбайұлы. 
ТҮЙІН.
Сарқырап аққан Сырдария талай сырды ішке бүгіп, үнсіз ағып жатыр. Алашқа ана, талай ұлт пен ұлысқа пана болған қасиетті өзеннің жағасында сұлу Сыр-ана кербездене қарап тұр. «Есілдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деген Махамбет жырындағы Есіл бойындағы ерке қалаға қарап көш түзеген Ақмешіттегілер де дария жағалауын игеріп келеді. Иә, Алла бұйыртса, күн санап көркейіп, жыл санап жаңарған қасиетті мекеннің Арқа төсіндегі Астанамен иін тіресіп тұратын сәті де жақын. Өйткені, Ақмешіт – Алаштың алғашқы астанасы. 
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
19 маусым 2018 ж. 2 045 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 146

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930