ОҚ ПЕН ОТТЫҢ ОРТАСЫНДАҒЫ ОН ЖЫЛ
Қазіргі қоғам бүгінімізбен өмір сүріп, заманауи озық дүниелерге ұмтыламыз десек те, өткен тарихты ұмытпай оған құрметпен қарауды естен шығарған емес. «Өткенін білмеген болашағын бағамдай алмайды» дегендей, кешегі өткен қазақ аталарымыздың тағдырлы жолы мен шежіресі көкейімізде көмбедей сайрап жатқаны анық. Тәуелсіздік таңы атқанда өшкеніміз жанып, өткеніміздің қайта оралғаны тарихтың біраз шындығын ашып берді. Сол «тар жол тайғақ кешуде» қазақ халқының батыр ұлдары мұз жастанып, толарсақтан саз кешпеді ме?! Кешегі ата-бабамыздың ұранды рухы – «Қара қазан, сары бала» қамы үшін болғанын жас ұрпақ мықтап жадында сақтап алуы керек.
Халқымыздың өткен қилы жолдарының бірі – 1941-1945 жылдардағы фашистік Германия және Кеңес Одағы арасында болған Ұлы Отан соғысы болды. Атынан адам баласы түршігетін сұм соғыстың Жеңіспен аяқталғанына да, міне, 80 жыл толып отыр. Төрт жылға созылған осы алапат майданда талай жас қыршынынан қиылса, қаншамасы мүгедек болып қалды. Талайы із-түзсіз жоғалса, енді бірі ұрыс даласында жер жастанып, беттері көмусіз қалды. «Қара кемпір», «Қара шал» әндерінің зарлы да мұңды әуені арада осынша уақыт өтсе де, әлі құлаққа естіледі. Бәсіре деп атаған малын талай мұңлы ана мен әке жалғыз баласын қан майданнан түбі бір келеді деп, жолына қарай-қарай көзі суалып өмірден өтіп кеткені қаншама?! Десе де ауданымыздан соғысқа аттанған 5 мыңға жуық азаматтың 500-ден астамы ғана туған жеріне аман-есен оралып, отбасыларымен қауышты. Олардың арасында жарымжан мүгедектері, еңбекке жарамсыздары да кездесті. Тіпті кейбір неміс тұтқынына түскен азаматтарымыз саясаттың құрбаны болып, елге келген соң да еңсе тіктеп жүре алмады.
Иә, соғыс ешкімді аямады. Бала-шаға, қарттар мен әйелдер тылда тынымсыз еңбек атқарса, майданда ер-азаматтар ел қорғау жолында от пен оқтың арасына түсіп, жанқиярлықпен шайқасты. Олардың арасында есімі елге белгілі азамат Қасқыр Наметша да болды. Ол 1917 жылдың қарашасында ауданға қарасты бұрынғы Ленин ауылдық кеңесінде, шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі өмірден ерте қайтып, отбасындағы тауқыметті анасы көп көреді. Әкеден жастай қалған қарындасы Күләйім екеуіне ағалары Байғара мен Тасқара қамқор болады. Білімге құштар жас Тұрмағамбеттің медресесінде білім алады. 1930-жылдардағы ұжымдастыру, аштық, қуғын-сүргін зобалаңы оның өміріне де әсер етпей қоймады. Жаппай ашаршылықта жер ауып, Ташкент арқылы Ауғанстан шекарасына келеді. Бұл кезде ол 15 жасар бозбала болатын. Бірақ жас бала ел-жер асудан бас тартып, ағаларымен бірге туған жерге қайтып оралады. Осы аласапыранда арғы бетке өткен ағайындарымен қауышу араға жарты ғасыр салып бұйырған екен.
Бір айтарлығы, өзінен басқаны мойындамаған Кеңес Одағы тұсында Қасқыр әкеміз шетел асқан ағайындарымен хат-хабар алысып тұрған. Солардың кейбірінің әкейдің шаңырағына маңдай тіреп келгендері де болыпты. Өмірден алғаны мен көкірегіне түйгені көп ардагердің ұрпақтары аталарының жазбаларын, құнды мәліметтерін жинақтап, «Көкірегі қазына Қасқыр» атты кітап шығарған.
Майдангердің еңбек жолы 1930-1933 жылдар аралығында Шымкентте және Өзбекстанда түрлі жұмыстар атқарумен түйіссе, 1936 жылы «Өндіріс» ұжшарына мүше болып, осы жерде 1936-1939 жылдары есепшілік қызмет етеді. Ал 1939 жылы әскер қатарына алынып, әрі қарай қанды майданның ауыртпашылығын басынан өткізеді. Беларусь, Калинин, Батыс майдандарында және Украина, Белоруссия, Прибалтика, Москва үшін шайқастарда жауға қарсы жан аянбай шайқасқа түседі. 1945 жылы коммунистік партия қатарына қабылданып, 1948 жылы туған еліне оралады.
Үлкендердің айтуынша, Қасқыр әкеміз соғыс жайында әңгіме қозғауды аса ұната қоймаған. Бірде ол майдан даласында басынан өткен мына оқиғаны баяндайды.
«Соғыста Алла тағаланың арқасында, талай өлімнен аман қалдым. Әсіресе мынау оқиға ойымнан кетпейді. 1942 жылы Москва қорғанысының Калинин майданында немістердің танкілеріне төтеп беріп жатқан кезде, мен зеңбіректің наводчигі едім. Бір кезде командир маған «Сен қазақсың, сен аттарды жақсы білесің. Ендеше, оларды өзеннің қасына барып дайын ұстап, біз шегінген жағдайда әзір болып тұр» деді. Мен бұйрықты орындауға бара жатқан кезде, немістің «Тигр» танкісінің атқанын анық байқадым. Үлкен жарылыс болды, құладым. Өз-өзіме келіп, жан-жағыма қарағанда, командир және әскери жолдастарымның мерт болғанын көрдім. Осы жерде Құдай мені сақтады. Егер маған командир бұйрық бермегенде, мен де солардың қасында қаза болатын едім».
Елге оралысымен соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. 1950-1951 жылдары Қармақшы май зауытының директоры, К.Маркс ұжымшарының төрағасы, 1956-1957 жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы, 1957-1963 жылдары Ленин кеңшарында жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметтерін қалтқысыз атқарса, 1963 жылдан 1980 жылға дейін Жосалы «Астық қабылдау» кәсіпорнының директоры болып, ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Өзіне жүктелген міндеттемелер мен жоспарды орындауда ұжымды ұйыстыра біліп, соның нәтижесінде ұжым Бүкілодақтық және республикалық социалистік жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосып, құрметке бөленді.
Қасқыр Наметша басшылыққа келгенде астық қабылдау мекемесі артта қалған кәсіпорындардың қатарында болған еді. Көшбасшының іскерлігімен кәсіпорынға тиісті құрал-жабдықтар алынып, жаңа нысандар салынды. Облысқа іссапары кезінде Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев астық комбинатын көріп, директордың қызметін жоғары бағалайды.
Қармақшы аудандық астық қабылдау мекемесін 15 жылдай басқарған кезінде Жосалыда көптеген өзгеріс орын алды. Кәсіпорын қаржысына су құбыры желісі тартылып, балабақша, медициналық пункт, дүкен, монша салынып, көшеге жарық тартылды. Елдің әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Мекемеге қойма, ғимараттар және 40-қа тарта пәтер салынды. Басшының бастамасымен Сырдариядан канал қазылды. Аяқсу мәселесі шешімін тапты. Мұндай жағдай аудан орталығы тұрмақ, облыста жаңалық саналды. Кенттің осы аумағын жергілікті халық «Қасқыр ауылы» атап кеткен-ді.
Қ.Наметшаның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып отырды. Ол І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Москваны қорғағаны үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» орден-медальдармен марапатталды. Білікті басшы басқарған кәсіпорын ұжымы өндірісте жоғары көрсеткішке жеткені үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен жұмысшы-қызметкерлер кәсіподағы, облыстық партия комитеті мен кәсіподақтар кеңесінің «Қызыл Туымен», Қазақ КСР астық өнімдері министрлігі мен республикалық кәсіподағы кеңесінің Құрмет грамоталарына бірнеше мәрте ие болды. Ұжымның мәдениәлеуметтік жағдайын жақсартқаны үшін «Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» және 1997 жылы «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атақтары берілді. Ардақты азаматтың есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылды.
Ғибратты ғұмырында атпал азамат іскер ұйымдастырушы болуымен қатар, отбасында асқар тау әке, немерелерінің сүйікті атасы, арқа сүйер жар болды. Отбасында Руслан, Сержан, Роза және Талғат есімді перзенттері дүниеге келді. Өмірлік серігі Флора апаймен өнегелі өмір сүріп, ұрпағына тәлімді тәрбие берді. Анамыз соғыстан кейін халықтың денсаулығын сақтауда қажырлы еңбек етіп, көптің құрметіне бөленді.
Қаншама қиындыққа төтеп беріп, өз өмірінің ұстасы болған соғыс және еңбек ардагерінің артына қалдырған азаматтық мұрасы мол еді. Ол ғұмырының тәлімді де тағылымды әрбір сәтін қағаз бетіне түсіріп, кейінгіге қалдырды. «Көкірегі қазына Қасқыр» деген кітапта әкеміз бірге қызмет жасаған азаматтар жайлы да ой-пікір қалдырыпты. Оның ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Ж.Тәшенов, И.Әбдікәрімов, Е.Көшербаев, өнер майталмандары Т.Ізтілеуов, К.Рүстембеков, М.Байділдаев және басқалар туралы жазған тебіреністері көңіл толқытады. Ел мен қоғам дамуы тұрғысында жазылған жазбалары ұлттық болмыс пен құндылыққа толы. «Тектіден текті туар, тектілік тұқым қуар» демекші, Қасқыр әкеміздің осы рухани қазынасынан оның жаны таза, көкірегі ояу, арлы да батыл азамат екенін аңғаруға болады.
Бар саналы ғұмырын туған елі мен жерінің өсіп-өркендеуіне арнаған қайраткердің өмірі – бүгінгі жас ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Қасқыр Наметша 1998 жылы 81 жасында дүниеден озды.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ