Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Қан майданда Отан үшін, ел үшін алға ұмтылған, қаһармандық пен ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлердің бірі – Серік Дәкенов. Ол 1923 жылы ауданымыздағы қазіргі Жаңажол ауылдық округінде дүниеге келген. 1942 жылы Қармақшы аудандық комиссариатқа шақырылып, майдан шебіне аттанады. 1942 жылдан бастап 1945 жылға дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан, әскери шені – сержант. Соңғы қызмет еткен әскери бөлімі – 143 бөлімше болған. Беларусь, Калинин, Батыс майдандарында жауға қарсы жан аянбай шайқасқан. Соғыс барысында бірнеше мәрте жараланған. Елге оралған соң бейбіт өмірдегі еңбек жолын теміржол саласында жалғастырды. Жол шебері, парторг, кадр бөлімінің меңгерушісі жұмыстарын атқарған. ПЧ-58 мекемесінде 40 жыл абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Серік Дәкенов ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20,30,40,50 жылдығы, КСРО Қарулы Күштерінің 50,60,70 жылдығы, Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков медальдарымен марапатталған. Ол 2002 жылы 5 шілдеде дүниеден озған.
Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысында қан майданда ерлік көрсетіп, сұрапыл соғысқа қатысып, елдің тыныштығы мен ұрпақтың болашағы үшін басын бәйгеге тіккен кез келген майдангерге бүгінгі ұрпақ қарыздармыз.
Халқымыздың «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деген дана сөзі бар. Иә, жалындаған жастық шағында оқ пен оттың ортасында болып, Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан, бүкіл ғұмырын ел дәулетін арттыруға арнаған ардақты жан ешқашан да ұмытылмайды. Қан майданда ерлік көрсеткен жауынгер аталардың өмір жолдарын зерттеп, ұлағатты істерін кейінгі өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.
Гүлжанат ӘБИЕВА,
аудандық архивтің архивисі