Ерлік – елдікке жеткізеді
qarmaqshy-tany.kz Халықтың алтын мұрасы, қымбат қазынасы – архив қоры. Уақыт өтеді, ескі көнереді, бірақ рухани мұраның келешек ұрпаққа берер тағылымы мен тәлімі мәңгілік жалғасады. Ұлы жеңістің 78 жылдық мерекесі жақындап келеді. Тұтқиылдан кеңестер одағына басқыншылықпен шабуыл жасаған неміс фашизмінің адамзат баласына жасаған қайғысы мен қасіреті қанша жыл өткенімен «Өткенге салауат, қалғанға береке» десек те, соғыстың барлық ауыртпалығын бастарынан өткізген бұрынғы көп ұлтты кеңес халқының ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Қасқыр Наметша 1917 жылдың қараша айында ауданға қарасты Ленин ауыл советінде, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ленин ауылындағы мектепте оқып, 7 кластық білім алған.
1930-1933 жылдар аралығында Шымкентте және Өзбекстанда әртүрлі жұмыстар атқарған. 1936 жылы «Өндіріс» колхозына мүше болып, 1936-1939 жылдары колхозда есепші болып қызмет жасаған. Қасқыр Наметша 1939 жылы әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын бастан өткізіп, Беларусь, Калинин, Батыс майдандарында және Украина, Белоруссия, Прибалтика, Москва үшін болған шайқастарда жауға қарсы жан аянбай күрескен. 1945 жылы коммунистік партия қатарына қабылданып, 1948 жылы туған еліне оралады.
Еңбегі жоғары бағаланып, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Москваны қорғағаны үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» орден-медальдарымен марапатталған.
1950-1951 жылдары Қармақшы май зауытының директоры, К.Маркс ұжымшарының төрағасы, 1956-1957 жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы, 1957-1963 жылдары Ленин кеңшарында жұмысшылар комитетінің төрағасы, 1963 жылдан 1980 жылға дейін Жосалы «Астық қабылдау» кәсіпорнының директоры қызметін абыроймен атқарған. Қасқыр Наметша өзіне жүктелген міндеттемелер мен жоспарды орындауда ұжымды жұмылдырып, соның нәтижесінде ұжым бүкілодақтық және республикалық социалистік жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосып, құрметке бөленген.
Наметша басқарған кәсіпорын ұжымы өндірісте жоғарғы көрсеткішке жеткені үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советі мен жұмысшықызметкерлер кәсіподағы Советінің Қызыл Туымен, облыстық партия комитеті мен кәсіподақтар Советінің Қызыл Туымен, Қазақ ССР астық өнімдері министрлігі мен республикалық кәсіподағы Советінің Құрмет грамоталарына бірнеше рет ие болған.
Кәсіпорын ұжымының мәдени-әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ұзақ еңбек еткен Қасқыр Наметшаға «Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» және 1997 жылы «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілген. Есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылған. Ол 1998 жылдың 17 мамырында 81 жасында дүниеден озды.
Ідіріс Тұрмағанбетов 1918 жылы 3 қаңтарда Төрткөл ауылдық советіне қарасты елді мекенде кедей шаруа отбасында дүниеге келген.
Әкесі Тұрмағамбет Сеитов 1932 жылы, шешесі Күмбез Қожабайқызы 1933 жылы қайтыс болған.
Әке-шешесі ерте қайтыс болғандықтан аудандағы балалар үйінде тәрбиеленген. 1930-1934 жылдары Қармақшы колхоз жастар мектебінде оқып, бастауыш мектепті жақсы деген бағамен бітірген. 1934 жылы балалар үйінің жолдамасымен Шымкент ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Техникумды техникгидромелиоратор мамандығы бойынша 1939 жылы жақсы бағамен бітіреді. Еңбек жолын Қазалы аудандық су шаруашылығы бөліміне учаскелік гидротехник болып жұмыс істеп жүрген кезінде күз айында әскерге шақырту алады. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, Финляндия соғысына қатысады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысында Латвия шекарасында қоршауда қалып, жаралы болып қолға түседі. Тұтқында жүргенде көптеген қиыншылықты, аштықты, азапты қорлықты көреді. 1943-1945 жылдары Либаво қаласында қоршауда қалып, 1945 жылы 9 мамыр күні соғыс бітісімен темір тордан Совет әскері босатып алады. Тергеуден өткесін 8 ай әскерде қайтадан Финляндия жаққа Выборг қаласына барып, сол жерден шығарылып жауынгерлік борышын өтеп, елге 1945 жылдың желтоқсан айында оралады. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін медаль алады.
1946 жылдың наурыз айынан бастап аудандық су шаруашылығы бөлімінің учаскелік гидротехнигі болып жұмысқа орналасып, 1948 жылы аға гидротехник, 1950 жылдан 1978 жылға дейін аудандық суландыру жүйесінің бастығы қызметін атқарған.
Еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», 1941-1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 25-30 жылдығы» медальдарымен, «Қазақ КСРне еңбек сіңірген гидротехнигі» атағымен марапатталған. Майдангер 1978 жылы 15 қарашада дүниеден озды.
Шәкіман Бектібаев 1920 жылы 8 наурызда ауданға қарасты Көктөбе ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1932 жылы Ленин атындағы мектепте білім алған.
1940 жылы әскер қатарына шакырылып, Эстония жерінде кіші командирлер дайындайтын курсты бітіріп сержант шенін алып, жетекші командир болып тағайындалады. Соғыс басталғанша әскерде қызмет атқарып жүреді. Ұлы Отан соғысы басталысымен майданға аттанып, неміс басқыншыларынан Невель, Смоленск, Белгород, Великие Луки, Курск бағытындағы ұрыстарға қатысқан. 1943 жылы Украинаның Сумы қаласын жаудан азат ету барысында ауыр жарақат алып, госпитальда емделіп, екінші топтағы мүгедек болып 1944 жылы елге оралады. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін медалімен, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.
Шәкіман Бектібайұлы туған елге оралған соң ауданда халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласып, 1945- 1946 жылдары Қармақшы сельпосында наубайхана меңгерушісі, одан кейін аудандық астық дайындау мекемесінің қойма меңгерушісі, дайындау мекемелері жанындағы партия ұйымының парторгы, 1953 жылдан аудандық тұтыну қоғамы мекемесінің сельпо, рабкооп бастығы болып 1978 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылы Отан соғысы мүгедектігіне байланысты еңбек демалысына шығады.
Ел алдындағы елеулі еңбектері үшін ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен және басқа да мадақтамаларға ие болған. 2011 жылы Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» деген атақ берілген.
Бірнеше кітабы жарық көрген, ақылшы ұстаз, ел ағасы, ауданымызға белгілі, құрметті қария Шәкіман Бектібайұлы 2017 жылы 16 наурызда дүниеден озды.
Қаратай Қуаңбаев 1922 жылы 21 желтоқсанда қазіргі Тұрмағамбет ауылдық округіне қарасты елді мекенде дүниеге келген. Еңбекке енді араласа бастағанда Ұлы Отан соғысы басталып, 1941-1947 жылдары қан майданның бел ортасында болып Германия мен Жапонияның жеңілісіне тікелей үлес қосады. 1945 жылы Забайкалье миномет атқыштары жоғарғы училищесін үздік бітіреді. Соғыс кезіндегі ерен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен наградталған. Туған жерге келісімен Қаратай Қуаңбаев қарап отырмай қызу еңбекке араласады. Қосарық ауылдық кеңесі атқару комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, Қармақшы аудандық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, Ақжар МТС-інде партком хатшысы, Ленин атындағы совхозда жұмысшылар комитетінің төрағасы, партком секретары қызметтерін 1964 жылға дейін абыроймен атқарды. Осы жылдың басында Үкіметтің арнаулы қаулысымен Қызылқұмның мамырлап жатқан елсіз өңірінен облыс бойынша 69 қой совхозы құрылып, соның бірі – Жаңақала совхозына Қаратай Қуаңбаев директор болып тағайындалады. Қолында бұйрығы мен қалтасында мөрінен басқа ештеңе болмаса да аудан орталығынан 160 шақырым Қызылдың қиясындағы «Қарақ» деген төбенің етегінен алғашқы қазықты қағып, совхоздың орнын белгілейді. Міне сол күннен бастап елді жаңадан құру, мал шаруашылығын өркендетудің қымқиғаш қиын проблемаларын шешу жолында ол тынымсыз еңбегінің елге, әрбір адамға деген жанашыр қамқорлығының арқасында халықтың сеніміне бөленіп, абырой биігінен көріне білді.
Ол осылайша Жаңақала совхозын үздіксіз он алты жыл басқарды. 1980 жылы денсаулығына байланысты ауылдық кеңестің төрағасы қызметіне ауысады. Осы қызметтен 1984 жылы «Республикаға ерекше еңбек сіңірген зейнеткер» болып еңбек демалысына шығады. Абзал аға 1988 жылы 13 тамызда 66 жасында дүниеден озды.
Серік Дәкенов 1923 жылы Қармақшы ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. 1942 жылы аудандық комиссариатқа шақырылған. Сол жылдан бастап 1945 жылға дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан, әскери шені – сержант. Соңғы қызмет еткен әскери бөлімі – 143 бөлімше болған. Беларусь, Калинин, Батыс майдандарында жауға қарсы жан аянбай шайқасқан. Соғыс барысында бірнеше мәрте жараланған. Елге оралған соң темір жол саласына жұмысқа орналасқан. Жол шебері, парторг, кадр бөлімінің меңгерушісі жұмыстарын атқарған. ПЧ-58 мекемесінде 40 жыл абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Серік Дәкенов ĮĮ дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20, 30, 40, 50 жылдығы, КСРО Қарулы Күштерінің 50, 60, 70 жылдығы, Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков медальдарымен марапатталған. Ол 2002 жылы 5 шілдеде дүниеден озған.
Халқымызда «Еңбек – ерлікке жеткізер, ерлік – елдікке жеткізер» деген даналық сөз бар. Иә, жалындаған жастық шақтарында оқ пен оттың ортасында болып, жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан, бүкіл ғұмырын ел дәулетін арттыруға арнаған ардақты жандар ешқашанда ұмытылмайды. Осындай майдангер аталарымыздың өмір жолын зерттеп, ұлағатты істерін кейінгі өскелең ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз.
Архив қорында Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің өмірі және қызметі жайлы құжаттар сақталуда. Келешек ұрпаққа, зерттеушілерге, мектеп оқушыларына насихаттау мақсатында мәліметтер беріліп, тақырыптық көрмелер өткізіліп отырылады.
Гүлжамал ІЗДІБАЕВА,
аудандық архив филиалының басшысы