Ел жадындағы ер
Ерлікке – мәңгі тағзым. Уақыт өткен сайын майдангерлердің жауынгерлік қаһармандық ерліктерін жиі еске алып, оларға деген құрметіміз арта түспек. Олардың соғыстан кейінгі қираған қалаларды, мемлекетті қалпына келтіруге қосқан үлестері де сүбелі. Осы қиыншылықтың бәрін көрген, басынан кешкен еліміз бейбіт, ядролық қарусыз өмір үшін күрестің, сондай-ақ, көрші елдермен туыстықтың, ынтымақтастықтың қолдаушысы болып келеді. Бақытымызға орай бүгінде елімізде бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық салтанат құрған. Бұл бейбіт күнге соғыс ардагерлерінің қосқан үлесі зор. Себебі олар ұрпақ амандығы мен еркіндігі үшін қан майданда кеудесіне от пен оққа тоса білді. Осындай батыр атамыздың бірі – жерлесіміз Серік Дәкенов.
Ол 1923 жылы ауданға қарасты Жаңажол ұжшарында дүниеге келген. Арнаулы орта мектепте білім алып, майданға аттанбас бұрын Қызылорда қаласындағы педучилищеде оқи жүріп, туған ауылы Жаңажолда егіс бригадасының есепшісі қызметін атқарады. 1942 жылы Тоцк қаласындағы сержанттар дайындайтын курстан өтіп, №1237 атқыштар полкінің миномет бөлімшесінің командирі есебінде майданға аттанған.
Калинин, Ржев бағытындағы кескілескен ұрыстарға қатысып 1942 жылдың қыркүйек айында ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделуге тура келеді. 1943 жылы Смоленск бағытында екінші мәрте жараланып тағы да госпитальға түскен. 1944 жылы Польша жерінде №63 атқыштар полкінің бөлімше командирі болған. Майдан даласында үшінші рет жараланған соң, командирлердің шешімімен офицерлер даярлайтын Урюпинск әскери-техникалық училищесіне оқуға аттанады. Училищеде оқып жүргенде, бұрын үш мәрте ауыр жараланғанына байланысты басшылықтың рұқсатымен 1945 жылы елге оралған.
Майдандағы мазасыз күндер мен госпитальдағы ауыр уақытты артта қалдырған майдангер елге оралған соң 1947-1948 жылдары Қызылордадағы мұғалімдер даярлайтын училищені бітіріп, еңбекке араласады. Теміржолдағы еңбек жолы Жосалы дистансасында бетон құюшы болып басталады. Майданнан кейін Жосалы теміржол дистансасында 32 жылға жуық еңбек етіп, көпір жөндеу шебері, кадр бөлімінің бастығымен қоса, партком секретары қызметтерін абыроймен атқарады. Сонымен қатар, сол кезеңде темір жол саласына еңбек етуге жұмыс қолы тапшы болғандықтан, Ресейдің Пенза, Калуга қалаларына өзі барып жұмыс қолын көбейтуге үлесін қосқан. Мұнан бөлек, бірнеше рет партия ұйымының хатшысы болып та сайланған.
Жары Әмила Дәкеновамен екі ұл, екі қыз өсіріп, тәлімді тәрбие берген. Балалары мен немерелері түрлі салада қызмет етіп, еліміздің экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Бірі – басшылық, ұйымдастырушылық қызметтер атқарса, бірі – ғылым-білім жолын мұрат еткен.
Ержүрек майдангердің ел үшін жасаған ерліктері елеусіз емес. Мәселен, «Отан соғысы» орденінің екінші дәрежесімен, Ұлы Отан соғысының орденімен, Тәуелсіз мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес «Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков» медалімен, Ұлы Отан соғысының Жеңісінің 20, 25, 30 жылдығы медалімен, КСРО Қарулы Күштерінің 60, 70 жылдық медалімен және басқа да көптеген марапаттарға ие болған.
Даңқты майдангер 2002 жылы сексен жасқа қараған шағында өмірден озған-ды. Бүгінгі жас ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзеуде. Осынау ерлікке толы тарихымыз мәңгілік. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын біз ерекше ұғына түсудеміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие. Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де елімізді жетістіктерге жігерлендіреді, қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуға көмектеседі. Біздің парызымыз – бұл алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұтып, қатары сиреп, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету. Бүгінгі буын майдан даласындағы жан аямай шайқасқан әрбір жауынгер алдында мәңгілік қарыздар. Майдангерлеріміздің осы жанкешті ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа өшпес үлгі өнеге болып қала бермек. Сондықтан да, қан майданнан оралмаған батыр қандастарымыздың есімі мәңгі ел есінде. Ел өз батырларын ұмытпайды. Бірнеше мәрте жараланса да, соғыс даласында шайқаса білген Серік Дәкеновтің ерлік істері де ел жадында ұзақ сақталмақ. Ата ерлігін ұрпақтары да ұмытпақ емес. Керісінше ержүрек атасын әрдайым мақтан ететіні анық. Ұрпағына бақытты ғұмыр сыйлаған ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бейбіт тірлігімізге шуағын мәңгі шаша бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ