» » ҰМЫТЫЛМАС ЕРЛІККЕ МӘҢГІ ТАҒЗЫМ

ҰМЫТЫЛМАС ЕРЛІККЕ МӘҢГІ ТАҒЗЫМ

Кімді жалғызынан айырып, кімді жапан түзде оққа ұшырмады бұл соғыс. Кімді әкесінен, кімді бауырынан ажыратпады бұл соғыс. Кімді зар илетіп, кімді мүгедек етпеді бұл соғыс. Баласының артынан қаралы қағаз алса да, бәсіресін арнап, жолын тосқан қара кемпір зары әлі құлағыңызда болар. Жер бетіне қисапсыз шығын, орны толмас қасірет әкелген Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 74 жыл.  Ешкім де ешқашан да ұмытылмайды. Ерлік ісі мәңгілік. От пен оқтың ортасында жүріп, бүгінгі бейбіт өмірді сақтап қалған батыр бабаның рухы қашан да өшпек емес. Әрбір мереке – батырлыққа тағзым ету, ту етіп көтеру. Табиғаттың заңы десек те, бір өкініштісі – жыл өткен сайын қан майданда Отан үшін от кешкен батырлар санының  азайып бара жатқаны.
Бірі – туған жері үшін қасық қаны қалғанша күресіп, майдан даласында шейіт болса, бірі – аман-есен елге оралып, соғыстан кейінгі елді қайта қалпына келтіруге атсалыс­ты. Ел экономикасының дамуына, әлеуетінің өсуіне үлес қосты. Қалай айтсақ та, жан алып, жан беріскен ұлы дүрбелеңде жаужүрек жауынгерлер жеңіске жетіп, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмірді аманат етті. Олар соғыста өшпес ерліктің даңқын асырса, тылда еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін еңбек етіп, елдің ауызбірлігін танытты.
9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі. Бейбіт аспан аясында көк бай­ра­ғымыздың желбірейтін, хал­қы­мыз­дың жасампаз айбынын көрсететін күн. Бұл – батырлық пен батылдықтың, жанқиярлық пен жүректіліктің мерекесі. Бұл – патриоттық сезім пен пара­саттылықты, өрлік пен ерліктің өнегесін паш ететін айтулы мереке. Бұл – туған жер мен Отанға деген аса сүйіспеншіліктің, адамгершіліктің белгісі. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен қоғам дамуының үлгісі.
Тұтқиылдан дұшпан қарсы­лығына ұшыраған әрі жау күшінен әлдеқайда әлсіз әскеріміздің төрт жыл дегенде бес қаруын асынып, жеңіске жетуі – халқымыздың бойындағы осыбір асыл қасиет­тердің арқасы еді. Аттың құлағында ойнап, дала философиясымен ғұмыр кешкен ұлы даланың ұландары соғыс майданында да  намысты қолдан бермеді. Сол секілді оны небір алапат шайқаста дәлелдеп шықты да. Мысалы, соғыста ерлік көрсетіп, жау шебіне атой салған 500-ден аса қазақстандық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алса, олардың 96-сы өз ұлтымыздан болғанын есімізден қалай шығармақпыз. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, сондай-ақ жақында ғана атында самбо күресінен халықаралық мемориал өткен қармақшылық Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев та сол қатарда.
Майданға алынған 1 млн. 200 мың қазақстандықтың арасында Қармақшы топырағынан 5 мыңға жуық жауынгер соғысқа аттанды. Олардың 2500-дейі хабар-ошарсыз кетсе, 1205-і соғыстан оралмаған боздақ ретінде тізімге алынды.     
Қазақ – бауырмал халық. Соғыс кезінде сталиндік қуғын-сүргінге тап болған талай ұлт пен ұлысқа құшағын ашып, талайына пана болды. Жеңісті жақындатуда соғыс шебінде кескілескен ұрыс жүріп жатса, тылда да жанкешті еңбек майданы жүріп жатты. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен күні-түні аянбай жұмыс істеді. Қазақстан – көп ұлтқа құшағын ашқан ана болумен қатар, жауынгерлерді жеңіске жігер­лендіруде айтарлықтай рөл атқарды. Жыр алыбы – Жам­былдың «Ленинградтық өренім» атты өлеңін бүкіл Кеңес одағы жатқа айтты. Барлық радиолакацияда күніне бірнеше мәрте қайталанды. Қоршауда қалған ленинградтықтарға бұл өлеңнің рухани күш бергені сөзсіз.
«Басыңды иіп, көк өрім құрақ, тәжім ет, Мәңгілік алау – жер бетіндегі әділет!», – деп ақын Сәнімкүл Желдербаева жырлағандай, туған жерден соғыс майданына жол тартып, елге аман оралғанның бірі – Қуанышбай Бисенбаев ақсақал болатын. 
– Соғыс өрті шарпымаған, соғыс бұлты торламаған жер қалмады. Неміс басқыншылары мұздай қару­ланған. Әбден дайындықпен келген еді. Бірақ, кеңестік әскердің жанкешті ерлігінің арқасында жеңіске жеттік. Алланың қалауымен 74-ші Жеңіс жылын қарсы алмақ­пын. Ұрпағымыз біздің мехнатымызды тартпасын. Бейбітшілікті қадірлеп, тәуелсіздікті қастерлеуден жалықпасын. Қазақ елінің көк туы көгінде мәңгі желбіресін. Қармақшы халқын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Ұрпағымыз аман, саулықта болсын. Еліміз гүлденіп, көгере берсін, – дейді тарихтың тірі куәгері.
Түйін:
Патриотизм дегеніміз – Отанды сүюмен қатар, айналаңа жанашырлық ету, қамқорлықпен қарау. Туған елге адал болу, оған қалтқысыз қызмет қылу. Отансүйгіштік – жүрек түбінде маздаған шоқ. Жығылғанды демеп, сүрінгенге сүйеу болу. Олай етпегенде патриот болғаныңнан не пайда?
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
09 мамыр 2019 ж. 2 224 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031