» » » Жеңіс күні: Ер қадірін - ел білер

Жеңіс күні: Ер қадірін - ел білер

Бұл соғыс кімді аяды дейсіз? Біреуді жалғызынан айырып, біреуді жапан түзде оққа ұшырды. Бірін әкесінен, бірін бауырынан ажыратты. Бірін зар илетіп, бірін мүгедек етті бұл соғыс. Азаннан қара түнге дейін ұлын күткен ана, қара қағазын қолына қысып, жолын тосып, зар жылады. Бүгінгі ұрпақ мұны көзбен көрмесе де талайын жылатқан жаңғырық әлі құлақ түбінде тұрғандай. Иә, жер бетіне шығыны мен орны толмас қасіретін әкелген Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына – 77 жыл. Ешкім, ешқашан ұмытылмайды.
9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі. Бейбіт аспан аясында көк байрағымыздың желбірейтін, халқымыздың жасампаз айбынын көрсететін күн. Бұл – батырлық пен батылдықтың, жанқиярлық пен жүректіліктің мерекесі. Тұтқиылдан дұшпан қарсылығына ұшырап, жау күшінен әлдеқайда әлсіз әскердің төрт жыл дегенде бес қаруын асынып, жеңіске жетуі – халқымыздың бойындағы қайсарлықтың белгісі еді. Ұлы даланың ұлдары соғыс майданында намысты қолдан бермеді. Жау шебіне атой салған 500-ден аса қазақстандық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алса, олардың 96-сы өз ұлтымыздан болғанын есімізден қалай шығармақпыз. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, сондай-ақ қармақшылық Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев та сол қатарда. Майданға алынған 1 млн 200 мың қазақстандықтың арасында Қармақшы топырағынан 5 мыңға жуық жауынгер соғысқа аттанды. Олардың 2500-дейі хабар-ошарсыз кетсе, 1205-і соғыстан оралмаған боздақ ретінде тізімге алынды.
Қазақ соғыс кезінде сталиндік қуғын-сүргінге тап болған талай ұлт пен ұлысқа құшағын ашып, талайына пана болды. Жеңісті жақындатуда соғыс шебінде кескілескен ұрыс жүріп жатса, тылда да жанкешті еңбек майданы жүріп жатты. Жыр алыбы Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты өлеңін бүкіл Кеңес одағы жатқа айтты. Барлық радиолакацияда күніне бірнеше мәрте қайталанды. Рух берді, демеу болды, дем берді.
Естеліктер, қуаныш, сағыныш. Мұндайда сұрапыл соғысты есіне қайта түсірген аталарға қарап тағы мұңаямыз. Басынан не өтпеді десеңші. Сондағы батыр әкелердің соғысқа қатысқаны – ұрпағының, яки біздің бейбітшілікте өмір сүруімізді қалағаны еді. Осылайша олар аттың жалында, түйенің қомында жүріп бізге бейбіт өмірді сыйлады. Уақыт өткен сайын Ұлы Жеңістің маңызы артып келеді. Ал бізге нағыз патриоттықтың үлгісін көрсеткен аталардың қатары сиреп кеткен. Біз болсақ аудандағы соғыстың соңғы куәгері Қуанышбай атамен осыдан бірнеше жыл бұрын қоштасқан едік. «Біздің көрген соғысты сендерге Алла көрсетпесін» дейтін ақсақал. Майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті сол Ұлы Жеңісті әкелді де. Зұлмат жылдың ізі өшкен жоқ әлі. Соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ жоқ шығар, сірә? «Майдан», «тыл» деген атау ғана. Әйтпесе, бірі – мылтықты, бірі – мылтықсыз. Екеуі де жанкешті шайқас болатын. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген еді Бауыржан Момышұлы. Сол еңбекпен біте қайнасып, талмай-тынбай қызмет еткен тыл ардагерлері қазір арамызда бар. Өкініштісі олардың да арасы сиреп бара жатқаны. Уақытқа кім тоқтау болар дейсіз?
Ер азаматты оқ, бала-шағаны жоқ қинаған заман еді ол кезде. Қаншама адам қорғансыз, асыраушысыз қалды. Талай тарлан, небір боздақ құрбан болды. Талай жесір көзінің жасын бұлады, талай бала «әкешім» деп жылады. Бір кездері айдарынан жел ескен ер-азаматтар ауылы ақжаулықтылар ауылына, жайнаңдаған жастар мекені қариялар мекеніне айналған сол бір қасіретті шақты ойға алсаң жүрегің сыздайды. Иә, сұрапыл соғыста қаншама адам қыршыннан қиылды. Олар Отан үшін өз жанын пида етті. Ал олардың әрқайсысының анасы, баласы, сүйген жары, үлкен арманы бар еді. Алайда олар елге қауіп төнгенде оның барлығын құрбан етті. Бұл – шынайы ерлік болатын. Отан үшін отқа түсіп, өскелең ұрпаққа Жеңіс сыйлаған әрбір ардагерге бүгінде ұрпақтары тағзыметеді.
...Ресей мен Украина арасындағы дау ушығып, соғыстың қызыл алаңына айналды. Көркем қалалардың тас-талқаны шығып, бейбіт тұрғындар қаза табуда. Қазіргі бұл соғыстың зардабы бір емес бірнеше елге тиіп, бірнеше компаниялардың қызметі тоқтады. Арадағы алауыздықтан біздің елдің адамдарының ойы да екіге бөлінді. Ой сан-саққа кеткен талайы соғыстың оңай емесін ұқты. Жанын шүберекке түйіп, бейбіт заманда бейбіт адамның оққа ұшқанын көру, есту кімге де болмасын ауыр. Әлемде соғыс болмасыншы... 

Айнұр ӘЛИ
09 мамыр 2022 ж. 1 821 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031