» » Батыр туған ер баба

Батыр туған ер баба



Тәуелсіздік – ұлтымыздың маңдайына біткен бақ. Тарихтың терең қойнауына әлдеқашан сіңіп кеткен талай ғасырлық талайлы тағдыры бар еліміздің жарқын өмірге аяқ басуы шын мәніндегі ұлы жетістік. Тәуелсіздік бұл жер бетіндегі баға жетпес байлығымыз, елдік пен егемендіктің айшықты көрінісі. Мемлекетіміздің өз алдына отау тігіп,  егемен атанғанына да биыл міне тура 30 жыл толып отыр.
Осыбір көк туы желбіреген ұлы күндерде ата-бабаларымыздың арман-аңсары жатыр. Аттың жалында, түйенің қомында өткен тар жол тайғақ кешуде сол ата-бабаның ерлікті іздері, батырлық жолдары сайрайды. Толарсақтан саз кешіп, қазақ баласының бостандығы мен болашағы үшін күрескерлік ісімен елге танылған тұлғаның бірі – Арыстанбай батыр Айбасұлы.
«... Атой салып ішінде арыстаны,
Бозбала мына сөзге намыстанды.
Буырқанып бойыңда күші тасып,
Қырандай шолып кетті алыстарды.
Қиындыққа көндігіп, еті өлгендер!
Баласы ер Айбастың Арыстанбай,
Ел ісінен жүрді енді қалыс қалмай.
Қолына көк найзасын серт қып ұстап,
Текті жолмен болды шын табысқандай!» деп ақын Ибрагим Бекмаханов өзінің «Арыс­танбай батыр» атты дастанында Арыстанбай  батыр жайында осылай жырласа, Сыр шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуов:
«Арыстанбай мен Сәлтеке,
Айбаты бейне арыстан.
Қарсарысқан дұшпанды,
Табанға салып жанышқан» деп батырлық рухын асқақтата түседі.
Әсілі батырлық қазақ халқының әу бас­та қанында бар қасиет болса керек. Ел басына күн туған шақта толарсақтан саз кешкен қазақ халқының батыр ұлдары қолына найзасын алып, жауға қарсы шапқан. Батырлықтың үлгісін көрсетумен бірге, бітімгерлік, қайраткерлік секілді елдік істерде де олар өздерінің жаужүректілігін, дипломатиялық қырларын танытып отырған. А.Айбасұлы да қазақ жері, қара бала қамы үшін жан беріп-алысқан қайраткер тарихи тұлға. 1727 жылы тарихта таспен жазылып қалған «Қалмақ қырған» шайқасы кезінде шешуші рөл атқарған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр жасағының бас қолбасшысы Арыстанбай батырдың ерлігі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» кітабында баяндалады. Қай кезде де ханның айналасында жай адамдар жүрмеген. Оның маңайында елге, халыққа пайдасын тигізер би-шешен, батырлардың шоғырлануы бекер емес. Сол кезеңдегі маңызды саналған Ресей мен Кіші жүз қазақтары арасындағы мәмленің бір жүйеге түспей жатқаны – жан-жақтан қаумалаған құба қалмақтар мен башқұрттардың қазақ жеріне тарпа бас салу қаупін тудырған еді. Оған қоса, түрікпендер де көз алартып, осындай өліараны текке жібергісі келмей қылышын қыннан шығаруға дайын отырған болатын. Осындай саяси жағдаяттарды ескерген Әбілқайыр хан Ресеймен қарым-қатынас орнатуға күш салды. Екі ел арасында бейбіт дипломатиялық қатынастар орнатуда аға батыр Арыстан­байдың болғаны және мәмлегерлік шаруада оның көп септігі тигенін тарихи құжаттар көрсетеді. Солардың бірі – 1731 жылы Ырғыз өңірінде, Майтөбеде Кіші жүз қазақтары Ресейдің қарамағына кіруге келісім жасап, ант қабылдауы. Батырдың осы кезде Кіші жүздің 27 рубасының антқа қол қою рәсіміне қатысуы – үлкен нәрсені аңғартқандай. Бұл шешім айналасындағылардан ұдайы теперіш көріп отырған  қазақ даласына өзгерістер әкелген еді. Ханның тапсырмасын мүлтіксіз орындап, оған адалдық танытқандардың алдыңғы қатарында  Арыстанбай сынды атқа қонған ер бабаның жүргені тарихтан белгілі. Рухы биік, дұшпанының мысын айбатымен басқан Айбасұлы сарбаздарына күш-қайрат беріп, демеп отырған. Жігіттердің намысын жанып, атой салуына ықпалы мол болған. Батырдың шешендігі мен көсемдігі һәм ұлтжандылығы бір бөлек әңгіме. «Адамның ішінен қайнап шыққан жыр – нағыз алмас, жаудың жүрегіне қадалатын найза ғой!» дегенді ол жиі айтады екен.
Ұлтымызда жеті атасын білуі ертеден келе жатқан дәстүр. Сол себепті де батырдың тегін айтып кеткеннің артығы болмас. Арыстанбайдың ата-тегі – Кіші жүз, оның ішінде Қаракесек аталығынан Әлім, Шөмен-Шөмекей тарайды. Осы Шөмекейдің Бозғылынан Келдібай, одан Қожагелді руы тараған. Қожагелдіден Тыныс, одан Рай. Сол Райдың Айбасынан Арыстанбай дүниеге келген. Бүгінде Қармақшы өңірінде тұратын батыр ұрпақтары батыр бабасын лайықты мақтаныш етеді. 
Батыр 1777 жылы, 84 жас шамасында өмір­­ден өткен. Бейіті Ырғыз өңіріндегі хан қорымында.
Тәуелсіздіктің туы желбіреген заманда қазақ халқының егемендігі, азаттығы үшін сыртқы жаулармен қасық қаны қалғанша күресе білген Арыстанбай батырдың есімін қадір тұту ұрпағымызға парыз. Қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған Батыр бабалардың ерлік істері ешқашан өшпейді. Қазақ халқы бар кезде, оның тарихы да ұзақ жасай бермек!
С.АҚКІСІ    
04 қазан 2021 ж. 539 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031