» » » АЙБАТТЫ АРЫСТАНБАЙ БАТЫР

АЙБАТТЫ АРЫСТАНБАЙ БАТЫР

​​​​
Орыс елі Ресей мен Кіші жүз қазақстары арасындағы қатынас бір жүйеге түспей жатқан кез көп болған-ды. Құба қалмақ пен башқұрттар, екінші жағынан түрікпендер әлсін-әлі шабуыл жасап, маза бермейтін. Жан-жақтан көз алартып отырған көршілердің қаупінен құтылу мақсатында Кіші жүз ханы Әбілхайыр 1730 жылдары-ақ Ресеймен қатынас орнатуға талпыныс жасап, бірнеше рет елшілер де аттандырды.
Ханның осынау істерінің басы-қасында аға батыр Арыстанбай Айбасұлы да бар болатын. Ресей мен қазақ арасындағы қатынастар туралы құжаттарда, Әбілхайыр хан туралы деректерде Арыстанбай Айбас баласының есімі жиі кездеседі. «Арыстанбай батырдың ақ семсері Бәйтік батырда болған екен деген ел аңыздары құлағымызға жастай сіңгендіктен бе, Арыстанбай есіміне шұқшия түсіп, оның арғы-бергі тегін іздестере бастадық. Әлгіндей айтқанымыздай, құжаттарда Арыстанбай атының есімі кездескені болмаса ол турасында арнайы жазылған мәліметтер жоқтың қасы. Дегенмен, тарихи оқиғалар сол кезеңнің зиялы азаматтары мен ақын-жыршылардың назарында болған. Олардың қалған аз-маз деректер мен аңыз-жырлардың артыңда шындық жатқаны даусыз.
Кейбір ақын-жыраулар өз тайпа, руынан шыққан хан мен батыр, билерді асыра дәріптеген де. Осы дәріптеуді саралап, ойға салып, екшеп қарағанда біраз тарихи деректерден мол хабардар етеді.
Кіші жүздегі Шөмекей руы негізінен Тобыл, Ырғыз, Торғай өңірлерін мекендеген. Сол кезеңде Құба қалмақтар мен башқұрттардың шекарасына дейін баратын кездері де болған. Осы кезеңде көп көк найзаның бірінен саналып жүрген Арыстанбайдың аты кейінгі жылдарда өз руынан асып, Кіші жүз еліне танымал бола бастады. Бұл 1720-1729 жылдар арасы болатын.
1700 жылдары-ақ Ресей патшалығы Қоқан, Хиуа хандықтары қазақ жеріне сұғына кіріп, аш көздікпен қараған. Кіші жүз қазақтары осылайша үш жақты қанаудың қыспағында болады.
Кіші жүз ханы Әбілхайыр қазақ сұлтандарының кіші буыны Өсекенің ұрпағы, 1693 жылы туып, 1748 жылы қайтыс болған. 1731 жылдың 10 қазанында Ырғыз өңірінде (Майтөбе) Кіші жүз қазақтары Ресейге бодан болуға келісіп ант қабылдаған. Осы күні Кіші жүздің Әбілхайырға қарайтын 27 ру басшысы алғаш рет антқа қол қойған. Хан қасында болып оның тапсырмасын адал орындап отырған батырлардың бірі осы Арыстанбай. Тарихи деректер осылай дейді. Арыстанбай Әбілхайыр ханмен құрдас екен. Хан тіпті от басының қиын шаруаларына батырды жұмсап отырыпты. Батыр туралы жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Елең-Алаң» атты кітабында анық та айқын жазылған. Ал, Сыр бойы ақын-жырауларының жырларында Арыстанбай батыр турасында шыққан толғаулардың үзінділері сақталған. Арыстанбай батырдың ата-тегін талдасақ төмендегідей болады. Кіші жүз, оның Қаракесек аталығынан Шөмен тарайды. Тарихқа Шөмекей атауымен енген Шөмекейдің Бозғылынан Келдібай, одан Қожакелді руы тараған. Осы Қожагелдіден Тыныс, одан Рай. Бүгінде өздерін «Рай Қожагелдіміз» деп атайтын ұрпақтар негізінен Қармақшы өңірінде жиі кездеседі. Олар өз бабалары Арыстанбай, Қашқынбай сияқты ел қорғаны болған батыр, бабалар есімін мақтаныш сезіммен айтады. Міне сол Райдың Айбасынан біз әңгімелеп отырған. Арыстанбай туған-ды. Ал Арыстанбайдан әйтеке, Білеке, Тілеке, Сәйеке, Меңдеке, Сары тағы басқа балалар дүниеге келген. Мысалы Арыстанбайдың Меңдекесін талдап көрейік. Меңдекеден Дәрмен, Қонысбай туған, Қонысбайдан – Батырбай, Қатарбай, Батырбайдан – Қожантай, Дауылтай туады. Қожантайдан – Әлиасқар, Бәлибай, Әлиасқардан – белгілі көне сөз зергері Әлімбай туған. Міне, Арыстанбай батырдың арғы тегі мен бүгінгі ұрпақтары жайлы қысқаша деректер осындай.
Сол кезде ел ішінде Жарылқап атты айтқыш кісі болыпты. Ол үнемі: «Айбастың арыстанбайы тұрғанда астында ат, тақымында сойыл, қолында садақ болады. Дөйт ұранды Арыстанбай барда маған қарсы келер кім бар» дейді екен.
Ел ішінде Арыстанбай тауып айтады. Арыстанбайға барып айтайық деген сөздерің шығуы тегін айтылмаса керек.
1720 жылдар шамасында болса керек, Арыстанбай батырмен бірге келе жатқан әскер жасақтары қалың нөсердің астында қалып, ықтасын іздеп, жақын маңнан кездескен қорымды паналапты. Әскер ішінде Жетісу Тайлақ батыр да көр ішіне кіріп жайласа бастағанда біреу қабырдың ағаштарын алып жатыпты. Қараңғы (көрден) қорықпай ағаш алып жатқан адамды үркіту үшін көр ішіндегілер «Ақтық мекенімнің ақтық лыпасын сыпырып алып бара жатқан бұл аруақ атқан кім?» деп жапуып күнгі найзағайдай күркірей айқайлапты. Сонда әлгі адам: «Әй, көрінді ұрайын. Әлдеқашан өлген саған не ық, не папа керек? Сен түгіл мына жақта хан басымен Әбілхайыр аштан өлейін деп отыр. Соған тамақ пісіріп беретін отын керек. Енді сүйегің шашылып қалсын демесең, жат былшылдамай» депті.
Тайлақ батыр дауысынан танып: «Айбастың мына баласы нағыз жүрек жұтқан екен-ау» деп жағасын ұстапты.
Бұл жағдайдан хабардар болған хан Арыстанбайды шақырып:
– Аруаққа әлгіндей сөз айтуға дәтің барды? – деп сұрағанда, Арыстанбай:
– Атаң ұлы болса да, алдияр бір жылғы төл едік, сауал қойсам ренжімейсіз ба? – депті.
Хан: – Айт сауалыңды, – депті.
– Хан ием, Сіз бұл қазақтың тек дәті барларын ғана ертеді ғой десем, астында жәй әшейін аты барларын да ерте беруші ме едіңіз?
Хан еріксіз күліп жіберіп:
– Дәт сабырлыға бітуші еді. Сабырлы екенсің-ау, достым, – десе керек.
– Жорыққа кісі көп нәрсе шыға алмайды ғой, алдияр. Мен де бір тоқты қойды жүргенше, бойда жүрсінші деп мына алдаспанды алғанмын, бір тай сияқты жүргенше, аяқта жүрсінші деп мына үзеңгіні алғанмын. Бар күшім өзімнің бойымда жүргенше, жұрттың ойында жүрсінші деп не істесем де еркін істейтін тәуекелді алғанмын. содан қалған жеріне сабырды жүктегем! – деп ханға сырын айтқан екен Арыстанбай батыр.
Ол 1727 жылы "Қалмақ қырған" атпен тарихқа енген. қалмақ пен қазақ арасындағы шайқаста үлкен ерлік жасайды. Әбілхайыр хан жасында қолбасшылардың бірі болыпты. осы ұрыста Арыстанбайдың ерлігіне тәнті болған Тайлақ батыр: "Сені тапқан анаңнан айналайын" деп риза болыпты деген ел аузында әңгімелер қалған. Арыстанбай батыр туралы бүгінге жеткен деректерде, ол ірі сүйекті, ұзын кісі болыпты. Ат үстінен екі аяғы салбырап, жерге жеткендей болып көрінеді екен.
Бір күні Арыстанбай тоқбура ұраңды Бәби биге келіп, сәлемдеседі. Бәби би қонақасыдан кейін:
– Мейман қысылмай кең жатсын, төсегін көлеңке бетке салыңдар, дегенде Арыстанбай сөздің аяғын іліп әкетіп:
– Жеңеше, Бәйем баяғыда маған "сенің қолыңның ұшы бөлек, жотамды өзің уқаламай құрысқан-тұрысқаным жазылмайды" деуші еді, ағаның көптен бері арқасын сипамаған едім, төсекті бірге салыңыз" депті. Ертеңіне би тіл қатып, "ал Арыстанбай шырақ, бұйымтайың болса айта отыр" дегенде, біздің бұйым айтылды ғой. Сіздің бұйым айтылмай жатыр" деп салқын қабақ танытқан Бәби биді жібіткен көрінеді.
Ырғыз бен Торғай өңірі сонау жылдары ну болған көрінеді. Осы өңірге келген Шөмекей ауылы бірде құба қалмақпен, бірде башқұрт, енді бірде түркімендермен шапқыншылықта болған. Елін, жерін қорғаған осынау соғыстарда Арыстанбайдың аты кең шығыпты.
Бірде тама Есет батырмен болған кездесуде "Айналайын Арыстанбай келдің бе?" деп атып тұрыпты да, "қос білегін айқастырып құшақтай көріскенде тұрымтай құстай болыпты. Құшырлана қысқанда жыланның аузындағы торғайдай болыпты. Сонда Есет батыр: "Ақай, Арыстанбай Қалқам, өкпелемесең атыңды шығарса қауқарың емес, аттың артқы айылын тартқанша басыңа қырқы келіп, қырқы кететін айлаң мен тіліңнің шырыны шығарар" депті Есет батыр.
Міне, хан Әбілхайыр, Бәби би мен тама Есет батыр арасындағы өткен әңгімелерден-ақ Қожагелді Айбасұлы Арыстанбай батырдың ел үшін еткен еңбегі, елге қамқорлығы сезіліп-ақ тұр. Сол кезеңдердегі елдің іргесін сақтауда Кіші жүз ханы Әбілхайырмен бірге ел тұтқасын ұстауға қатысқан қайраткер санатында болған Арыстанбай баба туралы сонау бағзы заманнан үзіліп жеткен аңыздар мен ақиқат осындай.
Белгілі ақын Молдахмет Дабылұлы өзінің бір өлеңіінде:
... Бақсының қызын алған Қожакелді,
Кісі екен нағыз батыр, өзі тілді.
Ұрпағы қажырлы боп өсіп-өнген,
Ұшқыр сөз, найза ұшымен қорғап елді,-десе,
Сағынбай Тұрғанбаев:
Қожакелді руынан шықты билер
Ашатын істің анық ақиқатын.
Бостан би, Арыстанбай батыр
Қошқарбай, Қоблан,
Ерлер еді бірнеше елді шақыратын – деп өлең-жырға қосқан-ды.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ.
08 тамыз 2018 ж. 2 047 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 114

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930