» » » "Жанқожа батыр" тарихи жыры

"Жанқожа батыр" тарихи жыры

ХІХ ғасырда ұлт мүддесі үшін атқа қонған, азаттық туын көтеріп, жауынан теңдік алуға серттескен ел серкелері көп болған. Солардың бірі – Сыр өңірінде Қоқан үкіметі мен хиуалықтарға қарсы шаруалар көтерілісін басқарып, патша билігін мойындауды қаламаған біртуар батыр – Жанқожа Нұрмағамбетов.  Тарихи-фольклорлық үлгілер ұсынатын деректерге қарағанда, батыр 1774 жылы Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты "Ақ ирек" деген таудың ұлтанындағы "Айқай көл" деген жерде дүниеге келіп, 1860 жылдар шамасында қаза болады. Жанқожа батыр Кіші жүз Әлім ішіндегі Шекті руының Құттық деген атасынан тарайды.  Ел аузынан Жанқожа туралы мәліметтерді жинаушы Себепов Ғұлама: "Жанқожаның бейіті Қарақалпақ пен Қазақстанның шекарасындағы Ақтайлақ деген жерде", – деп жазады.  Жанқожа туралы жырларды ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінен, саяси тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Шаруалар көтерілісінің мән-маңызы, әлеуметтік-экономикалық жағы Л.Митердің, Н.Маевтың, А.Макшеевтың, Е.Бекмахановтың, В.Шахматовтың, Т.Шойынбаевтың еңбектерінде жан-жақты көрініс тапқан.  "Жанқожа батыр" жыры жайында пікір айтқан Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Шалабаев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Ж.Тілепов сияқты әдебиетші, фольклортанушы ғалымдар тарихи жыр табиғатына арналған еңбектерінде "Жанқожа батыр" туындысына тоқталып отырған. Десек те, Жанқожаға қатысты тарихи-фольклорлық үлгілердің көп жылдар бойы жарық көрмеуі осы бағытта атқарылуға тиіс шаруалардың молдығын көрсетсе керек.  Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында "Жанқожа батыр" жырының сегіз нұсқасы сақталған. Олардың мазмұны, композициялық құрылымы бірін-бірі қайталамайды.  "Жанқожа батыр" батыр деп аталатын ауқымды жырды 1947 жылы Ғылым академиясының қорына халық мұрасын жинаушы Әзілхан Нарымбетов тапсырды. Жырдың көлемі 2400 жолдай. Авторы белгісіз. Тоғыз тарау аңыз-әңгімеден түзілген тарихи туындыда Хиуа ханы Ережептің тапсырмасымен қазақ жеріне аттанған Бабажан сарттың қанқұйлы әрекеттері баяндалады. Жат жұрттық билеуші Жанқожаның ағасы Ақмырзаны мойнына тас салып, суға лақтырады.  Жанқожа қиян-кескі ұрыста Бабажанның өзін де, баласы Байқадамды да өлтіріп, еліне азаттық әкеледі. Жырдың басталуы, аяқталуы, жалпы құрылымы Жанқожа туралы басқа шығармаларға ұқсамайды. Көркемдік кестесінде де өзгешеліктер мол ұшырасады.  Латын әрпімен хатқа түскен бұл жырдың шежіре мен өмір шындығы негізінде дүниеге келгені байқалады. Мұнда қазақ жұртының Хиуа ханына наразы болып, қолына қару алып көтерілуінің түпкі себептері де анық айтылған. Екі жақты қысымға душар болып, отаршылдық тауқыметін тартқан қыр шаруалары, қол біріктіріп, тізе қосып шайқасуға мәжбүр болған. Жырда саяси-әлеуметтік талдау тереңдей, нақтылана түскен. Басты кейіпкер Жанқожа батырдың іс-әрекетіне берілген дәлел-дәйектер көңілге сенім ұялатады.  Дегенмен, "Жанқожа батыр" жыры тарихи туындыға тән нақтылығымен қоса, фольклорлық дәстүрге де біртабан жақын тұрған дүние. Жырда Ақмырзаның қазасын естірту, Жанқожаның ағасын жоқтауы сияқты тұрмыс-салт жырлары орын алған. Бұл – жанр табиғатын, оның шығу тегін айқындайтын белігілер. Өйткені жорық дастандардың шығу тегі сөз болғанда олар тұрмыс-салт жырларының негізінде туды деп айтуға кәміл болады. Батыр жорыққа аттанарда айтылатын қоштасу жыры, ол қалың әкелгенде айтылатын үйлену салт жыры, ол өлгенде жанкүйерлері жылап-сықтап айтатын "жоқтау" жыры сол батыр жайындағы жорық жырдың негізін құрмауы мүмкін емес.  Қаһармандық эпос ерекшеліктерінің бірі – басты кейіпкердің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан атының болуы. Нақты өмір шындығы негізінде дүниеге келген тарихи жыр үлгілерінде де осы дәстүр сақталған. Жанқожаның жорыққа мінер сәйгүлік аты Көкешкі делінеді. Сондай-ақ ХҮІІІ-ХІХ ғ. оқиғалары суреттелетін жырларда Кенесарының Көкбурыл, Наурызбайдың Ақауыз, Исатайдың Ақтабаны, Қабанбайдың Қубас аты т.б. батырдың сенімді серігі ретінде сипатталады.  "Жанқожа батыр", "Он жеті жасар Жанқожа" жырларында жауға аттанбақ болған Жанқожаның маңынан тілеулес, жорықтас достары табыла кетеді. Бұл да қаһармандық эпос дәстүрін еске салады. Жыр кейіпкерлері Ақмырза, Ақтан батырлардың ерлігі шығарма мазмұнын байыта түскен. Содан соң Ер Дабыл, Қыстаубай, Бекбауыл батырлардың аттары аталады.  Жыр нұсқаларында соғыс суреттеріне кең орын берілген, айтар ой әсірелей суреттелген. Сөйтіп шығарма бірде тарихи оқиғаның ізімен жырланса, бірде оған эпикалық сарын араласып келіп отырады. Мәселен, Жанқожаның Тықы батырмен, Әйімбет батырмен жекпе-жегі қаһармандық жырлардағы регламентті ұрысқа жақын. Осы және басқа да көріністер Жанқожа батыр бейнесін жан-жақты толықтыра түсері анық.  Бір көңіл аударатын нәрсе, басты кейіпкердің қарсыласы Бабажан сарт бейнесінің Жанқожа туралы жыр нұсқаларының барлығында кездесетіндігі. Ол шығармалардың бәрінде халықтың тыныштығын бұзған қаскөй кейпінде көрінеді. Оның бір жағынан Сыр еліндегі еңбекші халыққа тізесі батса, екінші жағынан қазақ батыры Ақмырзаға ауыр жаза қолданғаны мәлім. Бабажан Сырдарияның сол жақ жағасындағы, Қазақ тұсындағы Жаманқала деген Хиуа қамалының бастығы болған.  Жырдың Жөкей Шаңғытбаев, Лұқпан Кенжеев нұсқалары мен авторы белгісіз "Жанқожа батыр" жырында Бабажан сартты Жанқожа батыр өлтіреді. Тек қана "Он жеті жасар Жанқожа" жырында Бабажан Қаракесек Ақтан батырдың қолынан қаза табады. Бұл яғни, "Жанқожа батыр" аталған туындының ішінде басты кейіпкерден басқа, қосалқы батырдың ерлігін баса суреттеу жанр табиғатына жат құбылыс. Бұл жырды Ақтан батырға жақындығы бар ақындардың бірі жырлауы мүмкін. Өйткені ру ақындарының шығармада өз туысына бүйрегі бұрып, өз жақындарынан Жанқожаға серік болған батырларды көбірек дәріптеп айту сарыны жиі кездеседі.  "Жанқожа батыр" жыры осындай ұлт-азаттық көтерілісі сияқты маңызды мәселелерді көтеруімен де құнды. ХІХ ғ. қойнауынан жеткен "Жанқожа батыр" жыры нұсқаларында айтарлықтай айырмашылықтардың болуы да заңды. Өйткені тарихи тұлғаларды жырлау біркелкі ізбен емес, түрлі жолдармен орындалуы мүмкін. Әр жыршы қабілет-қарымына қарай өзінше жырлайтыны сөзсіз.  "Он жеті жасар Жанқожа" жырының мағыналық бөліктеріне назар аударсақ, оның бірден көлемді, күрделі дәрежеде тумағандығын байқаймыз. Жыр мазмұнын құрайтын мотивтер ертеректе ел ішіне кең тараған шығармалар болуы мүмкін. Мәселен, Жанқожаның Созақты алуы, Бабажанның елге бүлік салуы, Жанқожаның Тықы мен Әйімбет батырларды жеңуі сияқты оқиғалар жеке-жеке жыр ретінде айтылған. Содан соң ғұмырбаяндық тұтастану процесі арқылы көлемді шығармаға айналаған. Бұл жөнінде М.Әуезов: "Батырлар жырының қайсысы болса да алғашында жеке оқиғаларды суреттеуден туады. Ең әуелі жырға батырдың бір-екі ерлік ісі қосылуы мүмкін. Келесі сәтте тыңдаушы көпшілік жыршы ақыннан "жаңағы әңгіменің жалғасын айт" деп тілек білдіруі ықтимал. Сол кезде жыршы ақын бұрынғы әңгімелерін қайталай бермей, көпшілікке тараған жырдың алғашқы оқиғасына тыңнан сюжеттер қосатын болады. Жырды редакциялап, тыңдаушыға бір жерін түсіре жырлайды. Сөйтіп ол жырдың ұзағынан айтылатын көлемді де күрделі ұлғайған түрін тудырады", – деп айтқан.  "Жанқожа батыр" жыры басқа да тарихи-фольклорлық үлгілер сияқты ұлтымыздың ХІХ ғ. ауқымындағы ерлік күресін, батырларымыздың отанын, туған өлкесін, азаттығын сақтап қалу жолында қандай құрбандықтарға барғанын, сол үшін қаншама күш-қайрат сарп еткенін көрсетеді. Қалай дегенмен аталмыш туындылардың ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге қосар үлесі зор екені сөзсіз.

Дереккөз: "ХІХ ғасырдағы тарихи жырлар: оқу құралы" 



18 мамыр 2018 ж. 2 986 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031