ӘЙЕКЕШТІҢ ӘДЕТІ
Әйекеш аузын аша қалса, салғанан жеті әкеден кетеді. Сонан бір заулайды дейсің...Кімді, не үшін боқтап отырғанын бір құдайымның өзі білсін. “Ой, әкеңнің аузын ...” деп қаралай қызынып, жанды-жансызысын қосып боқтайды да жүреді екен. Інісінің бұл жағымсыз әдетінен әбден зәрезап болған ағасы Жолдыбай бір жолы оны ауылдағы дін жолын ұстанған тақуа адам Омар мақсұмға алып барыпты. Ойы – бауырын теріс әдеттен арылту болса керек.
Омар мақсұм табалдырықтан енген Жалдыбайдан не мақсатпен келгендерін сұрайды. Сол кезде боқтампаз Әйекеш алды бұрын дереу тіл қатып:
– Молда деген әкеңнің аузына емдетеміз деп әкеліп отыр ғой, - депті.
– Болды, болды, Жолдыбайжан. Бұған ешқандай ем жоқ. Әйекештің жағымсыз әдетінен ешкімге залалы келмейді. Өйткені, оның сөзінің зілі жоқ. Бұл өзі Жаратқанның берген мінезі. Оны өзгерте алмайсың, сүйекке сіңген мінез осылай кетеді, - деп жылы шығарып салыпты.
Р.АРЫСТАНБАЙ