Тәуелсіздік – аталар аманаты
Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Бұл дегеніміз – жақсы өмір сүруге алған құқығың. Жұмыр жерде өлшеулі өмірді бейбіт елде өткізгенге жететін бақыт бар ма екен?! Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Азаттықты аңсаған ата-бабаларымыз қазақ даласы үшін, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жан аянбай күресті. Басқа елге бағынышты болды. Талай қиындықты бастан кешірді. Ешкімге алақан жаймай, баласының бейқам, бейбіт өмір сүруін қалады. Армандады....
Қазақ халқының жері қандай кең болса, маңдайына жазылған азабы да соншалық мол болды. Қазақтың қаны мен теріне суарылған азаттыққа, тәуелсіздікке ұмтылған бабалар бейнесі тамырынан қырқылмай, алғы күндерден үміт күткен бәйтерек тәрізді...
Кешегі болашағы бұлыңғыр атам қазақтың бастан кешкені бүгінде тарих беттерінде қалды. Тәуелсіздік жолындағы күрестің бірі де бірегейі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Қазақ жастары жоғары биліктің шешімімен келіспегендіктен наразылық білдірді. «Қазақстандағы билікті қазақ басқаруы керек» деп кеңестік билікке ашық қарсы шықты. Алаңды жанқиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпағы екенімізді дәлелдеп, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық. Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз тек ХХ ғасырдың соңында ғана жетті.
1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды. Егемен ел азаматтарының құқықтарын, мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Салт-дәстүріміз, діліміз, дініміз қайта жаңғырды. Азаттықтың ақ таңы атты.
Ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. «Тарихты жеңген жазады» дейді емес пе, ендеше біздің ғасырлар бойы күрескен жеңісіміздің жемісі көрінді.Ұлттық валютасы, әнұраны, туы және елтаңбасының пайда болуы – көгінде қыраны еркін шарықтаған Қазақстанның ешкімге бағынышты емес екені дәлелденді. Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі емес пе? Осыны ескерген көреген Елбасымыз мемлекеттік тілді қазақ тілі деп бекітті. Тәуелсіздік алуымыздың арқасында қазақ елі жаңаша кезеңге аяқ басты. Ақындар жыр арнады. Мың толғау, сан пікір айтылды. Халық шын қуанды. Қуаныштың көз жасы ақты. Тәңірдің тартуы деп, тәубешілік жасады. Арқаның төсінде, ерке Есілдің бойында көз тартар көркем қала бой көтеріп, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналды. Үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген таңғажайып дүниеге тап болдық.
Қазіргі таңда қазақ даласын Тәуелсіздік деген тылсым күш тербеп тұр. Тыныштық күйде, әрбір отбасы бейбіт өмірдің бал дәмін татып, бақытты күй кешуде. Тәуелсіздік – бұл атадан келе жатқан ұлы жеңіс. Сіз бен бізге берілген аманат. Сол аманатты әрбір қазақ баласы жанымен, рухымен сезінуі керек. Терең білім алып, жаңа заманның ағымына ілесіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосуымыз қажет. Бостандықтың қадірін балаларымызға жіті түсіндіріп, жүрегіне ұялатауымыз шарт. Олар ертеңгі елдің иелері. Соған күш салып, білімді, жан-жақты, өз елін шексіз сүйетін патриот етіп тәрбиелеу – біздің міндетіміз.
Елімнің ерлік пен өрлікке толы тарихы, оның ертеңгі жарқын болашағы көз алдыма елестейді. Ұлы Даламды жайлаған тәуелсіз елдің азаматы екенімді, алдындағы мәңгілік өтелмес борышымды айшықты сөзбен айтып бітіре алмаспын. Сол үшін де тәуелсіздігімізді тұғырлы ете білейік.
Ақнұр ҚАЛДЫҒҰЛОВА,
№26 орта мектеп
директорының орынбасары
№26 орта мектеп
директорының орынбасары