ІСКЕР АДАМ КЕЛБЕТІ
Бұл мақала жазылмас бұрын, Аббаз ағамен кездейсоқ жолықтым. Жолығуды ұйымдастырған ағамыздың бел баласы Дәулет еді. Бір қоңырау шалғанда «Інім амансың ба? Саған бір шаруа болып тұр, уақыт бөле аласың ба?» дегені бар. Негізі қызмет бабында ағалы-інілі болып жақсы сыйласамыз. Ол кісі өтінішін тіке айта алады. «Төребай би ауылына барар жолда бір белгі бар, әкемді сонда алып барамын. Сен де жүрсең, әкемнің саған айтары бар...» деді қысқаша түсіндіріп.
Көлікке мінгесіп жолға шықтық. Аббаз аға бәсең дауысымен «Айналайын» деген жылы сөзін әңгімесіне қосып, шаруасын айтып бастады. Бұл кездескендегі жайтқа сәлден соң ораламыз.
Өткенде Сәпен Аңсатов ағаның осыдан төрт жыл бұрын досы Аббаз туралы жазған мақаласын оқығаным бар. Бұл кісінің өмірі, сол кезде жүріп өткен жолы, қызметі авторға аян ғой. Біздей кейінгі ұрпақ тек сол естеліктерді оқып, елге белгілі ағаларды танып-біліп жатамыз. Сәпен аға мақаласында «Мен достарымның барлығымен шынайы араласқанды қалаймын, олардың кісілігін қадірлеймін. Ал Аббаз екеуіміздің достығымыз Қадыр ақын айтқандай, «Кісіліктің үлгісіндей – нағыз достықтамыз». Ол өтірік күлу, көлгірсуді жаны сүймеген. Нағыз көшбасшы адам» деп суреттейді.
Ел басына нәубет келіп, екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылы Аббаз ағам дүниеге келген. Бір жасында әкеден ерте ажырап, анасының қолында тәрбиеленеді. Әкесі Нұрмахан ауылдағы еркек кіндік атаулымен ел қорғауға соғысқа аттанған екен. Ол кездегі жағдай қиын болса керек. Кейін Аббаз білім алу үшін отбасынан да ажырап, аудандағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Алайда ол өз қатарластарынан озық, алғыр, білімпаз, күрескер азамат болып қалыптасады. Балалар үйіндегі тәрбие белгілі ғой, талас пен тартыс, айқас, жарыс, тіпті төбелес те осы жерден шығады. Мінекей, осындай бақытсыз балалық шақты көріп өскен ол, өжет, намысшыл болып жетіледі. Он бес жасында Қазалы теміржол училищесін бітіргеннен кейін еңбекке ерте араласып, вагон жөндеуші, одан кейін Жосалы механикалық зауытында машина құрастырушы, вагон құрастырушы қызметтерін атқарады.
Өмірге құштар азамат мұнымен тоқтап қалмайды. 1962-1967 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтында оқып, өзін жаңа қырынан дамытады. Оқуда жүріп Ақатай Сәбетқызы, Мұрат Әуезов құрған «Жас тұлпар» қозғалысына қатысып, қазақ студентжастарының көшбасшысы ретінде Мәскеу жұртшылығына ұлттық мінез, бітім-болмысымен көзге түседі. Орыс және әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлері жайлы кітаптарды көп оқып, мол деректерге қанығады.
Осылайша оқу оқып, «Инженер-электромеханик» мамандығын меңгерген жас маман 1980 жылға дейін Жосалы механикалық зауытында шебер, инженер, бас энергетик, бас инженер, одан кейін «Главриссовхозстройдың» Қызылордадағы Тәжірибе механикалық зауытында және «Ремстройдеталь» бірлестігінде бас инженер қызметтерін атқарады. Аббаз Қанатбаевпен әріптес болған Сәпен аға әлгі мақаласында оның болмысын былай сипаттаған. «Ол қызмет бабында жайбарақат жүруді білмейді. Тынымсыз. Зауытта бір жаңа жоба басталса, техникалық, технологиялық, конструкторлық бөлімдерге, цех бастықтарына тыным бермейді. Бүгін бәрі ойланып, орындалуға тиіс жұмысты енді бастағанда, түнімен ойланған Аббаз ертеңіне әйтеуір бір идеямен келіп, бастаған жұмысымызды қайта өзгертетін. Мұндай пәрмен талай қайталанды» дейді. Іскер азамат облыстық халықтық бақылау комитетінде инспектор болып та қызмет атқарады.
Талапшыл азаматтың жұмысы жоғары жаққа ұнаса керек. 1987 жылы Жосалы механикалық зауытына директор қажет болып, Аббаз Қанатбаев облыстық партия комитеті бюросының шешімімен зауытқа директор болып бекітіледі. Осыдан кейін ол директорлық міндетіне батыл кіріседі. Зауытта шығаратын өнім түрлерін көбейтеді. Жосалы зауытына жаңа ғимарат салу, технологиялық, техникалық қайта жабдықтау секілді мәселелерді алдына қояды. Осылардың барлығы орындалу үшін миллиондаған қаржы керек. Алайда Аббаз ағаның бұл ұсынысы басшылықтан қолдау таппайды. Оның күрескерлік қасиеті барын жоғарыда айтқан болатынбыз. Дәл осы мінезінен тайынбаған ол өзекті мәселені әлденеше рет көтеріп, дұрыстығын дәлелдеген.
Тоқсаныншы жылдары кеңестік жүйе тарқап, ел тоқырауға ұшырайды. Бұл уақыт кімнің де болсын есінен кетпегені анық. Нағыз күнкөріс қиындаған кезең. Бұл шақты Аббаз ағам былайша еске алды.
– Механикалық зауытты басқарғаннан кейін, жағдай қиындады. Бәрібір күн көру керек, балашағаны асырау бар. Содан «АНК-Дәулет» деген жеке кәсіп аштым. Жосалының қыр бетінен 200 гектар жер алып, қиыршық тас араласқан топырақты елеп, әртүрлі фракцияларға бөліп, жуып, кептіріп, арнайы қаптарға салып вагондармен теміржол арқылы жан-жаққа жіберіп отырдық. Өнімдеріміз ағысы қатты өзендерге орнатылатын су реттегіш тоспалар құрылысы мен «Қазатомпром» өндірісінің қажетін өтеп, үлкен сұранысқа ие болды, – деді ол өткенге көз жүгіртіп.
Бүгінде Аббаз ағаның жасы сексен беске таяған. Жүзіндегі әжім сызықтарынан елдің өркендеу ісінде қыруар жұмыс атқарғанын оқисыз. Қарттық та адамды қойсын ба? Денсаулығы сыр берсе де артында ізін жалғаған ұлы Дәулетіне ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетуде.
Манағы Төребай би ауылына бара жатқан жолда алыстағы жоталарға қарап, ағамыз бала күнінен сыр шертіп келеді. Ақырын шыққан даусына құлағымды тосып келемін. Жол ортасына келгенде «осы тұста бұрылатын жол бар» деп Дәулетке көлік екпінін баяулаттырды. Төребай би ауылына газ құбыры жүріп жатқаны, бет алып келгендегі мақсатымызға кедергі бола қалды. Ұзыннан қазып тастаған. Аббаз ағаның бірбеткейлігін осы жерде тағы бір байқадым. «Осы жерден тоқта балам, әрі кетсе 200 метр шығар, жаяу барамыз» деді. Мен де барар жерімізді көргенше асықтым. Шыққандағы ниеттің түзу екенін қарасаңызшы, әлгі құбыр жүргізіп жатқан жұмысшыларға жөнімізді айтқан едік, дереу техникамен қазылған жерге құмды итере жол салып берді. Жеттік. Бұл жер кезінде Жамбыл деп аталған екен. Төребай би ауылының елді мекен болуындағы алғашқы майда колхоздардың бірі. Мұнда кезінде 140 үй түтінін түтеткен. Сырдың жағасында орналасқан. Аббаз ағаның туыпөскен жері. Біз барған жерде биіктігі екі жарым метр болатын үлкен белгі қойылған. Көктастың бетіндегі есімдерге бірауық назарымызды салдық.
– Балам, бұл – сол 1941 жылы соғысқа кеткен боздақтар. Осы жерден жиырмаға жуық ер бала әскерге аттанған. Алайда сол соғысқа кеткендердің он бесі оралмаған. Оның ішінде менің әкем Нұрмахан Ермаханұлы мен інісі Қасым Сабырбайұлы бар. Қасым жиырма жаста болған екен. Әкемнің соғыста қай жерде болып, қайтқан жерін құжат арқылы іздестірдік. Бірақ тиісті мекемеден «хабар-ошарсыз» деген хабар алдық. Үлкендерден осы боздақтардың есімін сұрастыра келе көктасқа жазып, туып-өскен жеріне 2005 жылы белгі етіп қойдым. Ұрпақтары білсін, көрсін деген ниетім ғой. Ертең біздер кетсек, оларға кім айтып, жөн сілтейді, – деді Аббаз аға негізгі шаруасын айтып.
Мұсылмандық әдетімізбен Құранымызды бағыштап, орнымыздан қозғалдық. Аббаз ағаның көкейде жүрген бір міндеті орындалғандай көңілі жайланды. Иә, өткенді ұмытуға болмайды. Оларды әрі қарай ел жадында жаңғырту – біздің де парызымыз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ