Сексеннің асқақ сеңгірі
ЕЛБАСЫНЫҢ “БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ” АТТЫ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МАҚАЛАСЫНДА ӘРБІР ӨЛКЕНІҢ ХАЛҚЫНА СУЫҚТА ПАНА, ЫСТЫҚТА САЯ БОЛҒАН, ЕСІМДЕРІ ЕЛ ЕСІНДЕ САҚТАЛҒАН БІРТУАР ПЕРЗЕНТТЕРІ БАР ЕКЕНІ АЙТЫЛАДЫ. БІЗДІҢ АУДАНДА ДА ЖАС ҰРПАҚ БІЛІП ӨСУГЕ ТИІС ТҰЛҒАЛАР ЖЕТКІЛІКТІ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНЕ ШЫҚҚАН АББАЗ ҚАНАТБАЕВ АТАМЫЗ ЕКЕНІН БІЗ МАҚТАНЫШПЕН АЙТАМЫЗ.
Жайдары жаз. Ел тұмшаланып, карантинге жабылған уақыт. Әдеттегіше журналистік зерттеуімізді бастап, мәлімет іздеп әлекпіз. Күннің ысуы мен жан-жақтан төнген індет қаупіне қарамастан ауыл аралап жүрміз. Мәліметке қаныға алмадық. Солай салымыз суға кеткенде бір күні әжемнің қалтафонына қоңырау түсті. Біз зерттеп жүрген Смат бақсының бүгінгі ұрпаққа насихатталғанын қалаған жанның бірі – оның баласындай болған Аббаз ата еді. «Есімде қалғанымен бөлісейін, бейітіне де барып қайтамыз» деген ниетін білдіріпті ол. Қуана таңғы асты ішпестен ағаның үйіне беттедім. 9 жасқа дейін қолында тұрған ол Смат ата жайында ойында қалған оқиғасымен бөлісті. Одан соң балаша жетектей біледі-ау деген кісілерге хабарласып, үй араладық. Бірақ, бірі білмесе, енді бірінің үйінде қара құлып тұрды. Менің мұңайғанымды білсе керек.
– Еңсеңді түсірме, қазір көлік тауып, бейітіне барамыз, – деді ол. Жасы егде тартса да менімен зерттеудің алғы шебінде жүргеніне разы болдым. Ішімнен «ата, аман болыңыз» деп қайталап қоямын.
Сағат тілі түскі 11.00-ді көрсетіп тұр. Түскі ас ішпестен ентіге келген атаны көрдім. Иіркөлге баруға көлік тауып, мені алып кетуге келіпті. Солай жолға шықтық. Артқа біраз жол тастаған соң Аббаз ата әлденені айтқысы келгендей басын изеді.
– Анау жатқан жазық кезінде Жамбыл колхозы болған. Осы жерде тұрдық, Смат атаның да өмірінің бір бұрышы осында жалғасқан, – деді ол қолын сермей.
– Мына жерде иә үйдің, иә адамның қарасы көрінбейді ғой? – дедім таңдана.
– Қазір тып-типыл. Бірақ бұрын басқаша еді...
Тағы үнсіздік.
– Қорымның мына қапталына тоқта, – деген атаның бұйрығынан соң ретімізбен көліктен түстік.
– Келмегеніме біраз болды. Осы маңайда секілді еді. Жүр іздеп көрейік, – деді Аббаз ата.
Расымен, бейіт болған соң еркін жүру мүмкін емес. Шеңгел, сексеуіл. Одан қалды әр жерде төмпешік. Бергі жағынан іздеген бейітті таппаған соң арғы жағына өтуге тура келді. Жоқ. Атаның да ұнжырғасы түсіп кеткен. Амал не? Кері қайтуға тура келді. Сағат дегенің 13.30-дан асып кеткен. Ауық-ауық көлік терезесінен көз тастап қоямыз.
– Түскі ас ішіп болған соң келіні Ағиланы ертіп өзіміз бейітке барып қайтармыз. Нақты туғаны мен қайтқан жылын қағазға түртіп, өзіңе табыстаймыз, айналайын, – деген Аббаз атаның сөзіне жүрегімнің елжірей кеткені рас.
– О не дегеніңіз? Жаспыз ғой, қайда барсаңыздар да басы-қасында жүремін, ата, – дедім айтарға сөз таппай. Өзінің ауырыңқырап жүргені де байқалады. Жүріс-тұрысы да қиындау. Бірақ екінші мәрте ауылға қайта айналып келу үлкен кісіге оңай емес. Абдырап қалдым. Байқады ма, «Бастаған соң аяқтау керек. Жазылған соң толық жазылу қажет» деп қысқа қайырды. Осы сәтте үйге де жеткен едік. Бірер уақытқа ғана қоштасып, түскі ас ішуге кірістім. Бейіттегі оқиғаны ойға оралтып, тыныштықта отырғанымда телефон шыр етті.
– Осы кезде дайын отыр. Саған бара жатырмыз, – дегенін ести сала орнымнан атып тұрдым. Себебі онсызда дайын едім. Араға 15 минут салмай даладан көліктің гүрілі естілді. Жүгіре барып есігін аша бергенім сол еді, ата мен апаның күлімдеп отырғанын көріп көңілім тағы көтеріле түсті.
– Айнұр қыз жолды жаттап алған шығар, – деді олар әзілдей.
Бейітті екінші барғанда таптық. Құран бағыштап қайта елге оралдық. Жол бойы жинаған ақпараттардан соң соңғы миссияның орындалғанына іштей қуандым. Бейітін таппай зерттеу қалай жазылмақ? Сол күнгі оқиғаның бәрін жиып алып түн батқаннан таң атқанға дейін көз майымды тауыса мақаланы жазып шықтым. Солай дайын тұрған «Осы жұрт Смат бақсыны біле ме екен?» тақырыбындағы журналистік зерттеу газеттің 62 нөмірінде жарыққа шығып, қалың оқырманға жол тартты. Енді ғана бойдағы ауыр жүк түсіп, біразға жеңілдегендей болдым. Журналистік тіршіліктегі алғаш зерттеуім оңай туындай салмады. Бірақ 5-6 ай аралықтағы күндерде өмірге керек азық алдым, рухани жаңғырдым, рухани жаңардым. Тілшінің міндетіне айналған насихаттау жұмысы осылайша өз мәресіне жетті. Ал сол мәреге жеткізуде қолпаштап, барынша көмек қолын созуға дайын тұрған, мақаланың жарыққа шығуына атсалысқан Аббаз атаны қалайша атап өтпейін? Оның бойындағы өжеттілік пен күрескерлік келбеті бейнесіне төгілген нұрдай еді.
Аббаз Қанатбаев 1941 жылы Қармақшы ауданында қызметкер отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1956 жылы Қазалы теміржол училищесін бітіргеннен кейін вагон жөндеуші, Жосалы механикалық зауытында машина құрастырушы, вагон қараушы болудан бастаған. 1962-1967 жылдары Мәскеудің көлік-инженерлік институтында оқып, одан инженер-электромеханик мамандығын алып шығады. 1967 жылдан 1980 жылға дейін Жосалы механикалық зауытында шебер, инженер, бас энергетик, бас инженер болып жемісті қызмет етеді. Одан кейін «Главриссовхозстройдың» Қызылордадағы тәжірибе-механикалық зауытында және «Ремстройдеталь» бірлестігінде бас инженер қызметтерін атқарған.
Ал 1980-1987 жылдары облыстық халықтық бақылау комитетінде инспектор, 1987 жылы Жосалы механикалық зауытында директор болып жұмыс істейді. Одан соң «АНК – Дәулет» жеке кәсіпкерлігін ашып, бизнесін дөңгелетеді. «АНК – Дәулет» серіктестігі Жосалының қыр бетінен 200 гектар жер алып қиыршақ тас араласқан топырақты елеп, әртүрлі фракцияларға бөліп, жуып, кептіріп, арнайы қаптарға салып теміржол вагондарына тиеп жөнелтетін технология тізбегін құрды. Ағысы қатты өзендерге орнатылатын су реттегіш тоспалар құрылысы мен «Қазатомпром» өндірісінің қажетін өтеп, үлкен сұранысқа ие болуда. Бүгінде серіктестік 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Демеушілік, қайырымдылық істерімен де танымал, жыл сайынғы су тасқынына қарсы күрес кезінде аудан басшылығы осы серіктестіктің көмегіне жүгінеді. Бала күнінде талай теперіштерге тап болып, кезіккен қиындықтарға тапжылмастан күрескен жан – Қармақшы ауданының құрметті азаматы.
Өндірісте ұзақ жыл жемісті еңбек еткен Аббаз Қанатбаев қазір елдің ардақты ақсақалы. Бүгінде ол зайыбы Нұрсұлу анамызбен шаңырағынан өрген ұрпақтарының қызық-қуаныштарына тоймай, мерейі артып отырғанына іштей тәуба етеді.
Бүгінгі мақаламызға арқау болған Аббаз Қанатбаев секілді аталар қашан да тұлғалық тұрпаттың биігінде жүріп, кісілік келбеттің қандай болатынын көрсетіп келеді. Өскелең ұрпақ осындай азаматтарға қарап бой түзері анық.
Айнұр ӘЛИ
Ерсін ӘЛІБАЙ (сурет)