» » » Осы жұрт Смат бақсыны біле ме екен?

Осы жұрт Смат бақсыны біле ме екен?

Киелі Қармақшы топырағында адам айтса нанғысыз бойына қасиет дарыған әулие-әнбиелер өмір сүрген. Оның ішінде аты аталмағаны, айтылмағаны, жазылмағаны бар. Себебі, дархан дала төсі талай сырды бүгіп жатыр. Тұмса тарихты сөйлетіп, ұрпаққа бабалар жолын насихаттау рухани жаңғырудағы алғашқы міндетіміз. Бабалар жолын біз насихаттамасақ, кім айтады?

Үйде дастарқан үстінде әжеміздің өткенінен естелігін айтқанды асыға күтеміз. Ондайда аузымыз ашылып, сол дәуірге қадам басқандай күй кешеміз. Бірде «осы топырақта үлкен қасиетке ие бақсы өмір сүрген» деп бастады әңгімесін. Алайда ол кісінің көзін көргендер қатары қазір жоқ. Тек ол кезде кішкентай бала болғандар бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан.
– Мен айтқан кісі – Смат бақсы. Көзі көк, ірі денелі, түрі сұсты. Бойына бала бітпегенге сәби сыйлады. Сырттан келіп емделгені де көп болды. Таң қалатыны жоқ. Мұндай жазылмаған, көпке насихатталмаған кісілер бар. Осындай қасиеттілерді кейінгі ұрпаққа насихаттау – нағыз рухани жаңғыру, – деді әжем.
«Сабақты ине сәтімен» дегендей араға 1-2 күн салып дайын тұрған көлік те табыла кетті. Қалам мен дәптерімізді құшақтап Иіркөл ауылына жол жүрдік. Біздегі мақсат Смат бақсы жайында тың дерекке қанығып, бейітіне бару. Алайда бұл кісі жайында естімегендер көп екен. Салымызды суға түсіру әлі ерте. Өйткені Жосалы кентінде бақсының келіні Ағила апаның барын естіп, қайта кейін оралдық. Ол кісі енесінен естіген біраз дүниемен бөлісті. Одан соң ауыл арасында ауызданауызға тараған бірқатар оқиғаларды жинақтадық.
Смат Шолақұлы 1887-1966 жылдар аралығында өмір сүрген. Тұқымдағы жалғыз бала. Руы – Ерназар Қаратамыр. Қостанай өңірінен. Алайда әке-шешесімен түрлі себепке байланысты Сыр өңіріне көшіп келген деседі. Бірде 9 жастағы Қожагелдінің қызы Тоқжан апамызды қол бала есебінде Смат атаның үйіне әкелген. Ол кезде ол ойын баласы екен. Қыз 16-ға толғанда Смат бақсыға қосып, неке суын ішкізген. Арада біраз уақыт өткен соң 1921 жылы үлкен қызы Ұрхия өмірге келеді. Ол кісіден 3 ұл,1 қыз дүниеге келген. Одан соң екінші ұлы Шәмбек 1930 жылы туылған. Одан 13 ұрпақ тараған. Кенже ұлы Қанибек 1939 жылы дүниеге келеді. Бұдан 6 бала тарайды. Енді мына тылсымды қараңыз, оның балаларының жас аралығы 9 жастан. Бұл – Смат атаның көзі 9 жасында көрмей қалғанымен байланысты секілді.
Иә, Смат Шолақұлы 9 жасқа келгенде аяқ асты көзі көрмей, тас қараңғы болып қалады. Не істерін білмей дал болған әкешешесі Бала бақсыға апарыпты. Ол кісі «Егер баланы маған қалдырсаңыздар, 21 жасқа келгенде көзі ашылып, елге оралады» дейді. Солай бала Смат бақсының қолында тұрады. 12 жыл бойы кішкентай Сматты қолына алған Бала бақсы кім болған?
Бала бақсы – 1825 жылы өмірге келген делінсе, бір деректерде 1830 жылы туған деп айтылады. Азан шақырып қойған есімі Кернебай. Әкесінің есімі Сүтемген. Арғынның ішіндегі Қуандықтан тарайтын Аманқұл руынан шыққан. Кесенесі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Алғабас ауылында. Мекен еткен жері де осы маңай. Кернебайдың бойындағы тылсым күші бесікке бөлеген сәттен бастап көрінген екен. Бесікке бөлеген соң, бесік өз-өзінен шайқалып тербеліп, киіз үй ішінде шоршып жүрген деседі. Мұны көрген ауыл ақсақалдары кеңес құрып, баланы жұртқа бесігімен тастап, өздері басқа жаққа көшіп кетеді. Бір түн, бір күндік жерге көшіп барып, енді үйлерін тіккелі жатса, өздері ескі жұртқа тастап кеткен бесіктегі бөлеулі бала бесігімен қоса қастарына келіп алған екен. Ауыл адамдары бұл кереметтен шошып, қолдарына бақан алып, баланы өлтірмекке бесікке тұра ұмтылады. «Іштен шыққан шұбар жыланын» өлімге қимаған анасы шыр-пыр болып, бесікті қалқалап, үстіне жата кеткен екен. Содан, баланы әке-шешесімен тастап туған-туыстар тағы да басқа жұртқа көшіп кетеді. Шамалы уақыттан соң-ақ баланың тылсым күші сезіле бастайды. Кернебайдың әке-шешесі ауру-сырқау дегенді ұмытыпты. Еміне шипа іздегендер «баланың септігі тие ме екен» деп іздеп келе бастаған. Келген жұрт ауруынан айыққан деседі. Осыдан кейін Кернебайға «Бала бақсы» атауы таңылыпты.
Солай кезінде үш жүзге аты мәлім болған бақсының қолында тұрып, тәрбиеленген Смат Шолақұлы барлық тірлігіне көмектесіп, жасы 21-ге де толады. Елге қайтар уақытта Бала бақсы ескі тері сіңген тақия сыйлаған екен. Алайда Смат пендешілік жасап, тақияға көңілі толмайды.
– Осыншама уақыт қызмет істегенімде маған берген сыйлығы осы ма? – деген ішкі ойдан соң қолында тұрған тақия ұшып кетеді. Әрі қуады, бері қуады. Ақыры ұстай алмайды. Зуылдай ұшқан тақия Бала бақсының басына қайта барып киіле қалады. Смат келіп кешірім сұрағанымен, оны өзіне кері қайтара алмайды. Сонда Бала бақсы басын шайқап:
– Балам, сені Түркістанды билейтін беделді кісі еткім келіп еді. Бірақ басыңа берген бақты кері қайтардың. Енді мына таяқты ал да осыған ырза бол. Күн көрісіңе жарайды, – деп жарты метрдей болатын ескі таяқты беріпті. Сол таяқтың құдіреті ме, бәлки, Смат бақсы өзінде бар қасиетімен бірге 80 жасқа жуық өмір сүрген екен.
Бақсының кереметі – баласызға бала сыйлаған, көз тиюден, сырқаудан айықтырған. Ауылдан, өзге аудандардан келіп, бақсыға қаралып, өкіл қыз болғандар көп. Олар бала сүйіп, ана атанған. Мәселен, бақсы қондырған емнен соң Қаратамыр руынан Әбдіраш деген кісінің қызы Бәтіш, Жапалақ алтын Ршауов деген кісінің баласы Мыңділдә дүниеге келген. Ал біз білмейтіндері қаншама?! Бірде бақсыға кәріс қызы бала сүйе алмайтынын айтып, емделуге келіпті. Сонда ол 40 күн дария жағасына үй тігіп, ем жасап, мұсылмандыққа енгізеді. Солай әлгі келіншек екі ер баланы дүниеге әкелген деседі.
Иә, Смат бақсының өз заманында бірнеше оқиға орын алып, ол ауызданауызға аңыз болып тараған. Сонымен, аңыздар не дейді? Құлақ түріп көрелік...
Байдың тұқымы, молданың әулеті «халық жауы» деп түрткілеулерге ұшыраған уақыт. Бірнеше жыл бойы бала сүйе алмаған отбасы бір сәбидің маңдайын иіскеуге зар болады. Отағасы Әбдіраш сол замандағы белсенділердің бірі еді. Әйелі Смат бақсыға көрінгісі келетінін айтқанымен, жұбайы үзілдікесілді қарсы болады. Содан не керек, Әбдіраш жоқта енесі келінін ертіп бақсыға қарай жол тартады. Мән-жайын сұрасқан соң киіз үйде емделуге енесімен бірге қалады. Алайда үйінде зайыбының жоғын білген Әбдіраш, көрген-білгеннен ести сала Смат бақсының қарашаүйіне келеді. Атын кісінетіп олай да бұлай үй сыртынан айнала қамшысымен ұрғылайды.
– Меңлай, жаныңның барында шық. Шық деймін саған, шық. Киіз үйді екінші мәрте айналып, тағы да ұрғылайды. Сонда үйден шыққан Смат бақсы:
– Мен сендерге бір ұл, бір қыз бергім келіп еді. Бірақ бір қыз ғана туылады, – дейді.
Расымен, араға уақыт салмай жалғыз қызы Бәтіш өмірге келген екен.
Смат бақсының үйінде тұрып, оқыған құда баласы Сахибек аға мен 9 жасына дейін қолында тұрған баласы Әнуар ағамен сөйлескен едік. Ол кезде олар бала болса да есінде қалған еміс-еміс оқиғасын айтқан Сахибек ақсақалдың мына әңгімесіне құлақ түрелік. Көбіне бақсының сұстылығынан сескенетіндер көп болса керек-ті. Бұлар үй маңайындағы тамда жатады. Ал үй жақтан зікір салған дауысты естіп, кірпідей жиырылады екен. Себебі, бақсы бала сүюді ниет еткендерді зікір салып емдеген. Әрі мына оқиға есінде анық сақталыпты.
Ыстық леп ұрып тұр. Әрлі-берлі еркін жүру мүмкін емес. Аспаннан түскен күн көзі шекені қатты тескен соң жол бойында келе жатқан жолдасы Смат бақсыға:
– Бойыңда тулаған қасиетің бар, осындайда көрсетсейші, – десе керек. Сонда бақсы шап-шағын, адам басын көлеңкелейтін бұлт үйіртіп, екеуінің төбесінде ергізіп жүргізген екен.
Бақсының құрдасы Тұрман деген азамат ұзақ уақыттан бері бала сүйе алмайды. Солай зайыбы Сматқа келіп көрінеді. Көп ұзамай құрсағына бала бітіп, отбасының ортасы қуанышқа толады. Бақсының айтуымен жаңа туған нәрестеге Қасқырбай есімін қояды. Уақыт өтеді. Бала да ер жетеді. Бірақ өмір жолы туралықтан тайып, бұзақылық жасап, түрмеге түседі. Неге деп ойлауыңыз мүмкін. Себебі бала дүниеге келген соң бақсыға құрдасы рақметі ретінде сый тартамын деген екен. Бірақ уәдеде тұрмады ма, айтылған сөз орындалмапты. Мүмкін Қасқырбайдың солай өрбіген өмірі осыған байланысты шығар, кім білсін?!
Смат бақсының қасиетін бағалағандармен қоса оған күмәнмен қараушылар да болған. Бірде ащы судан ұрттаған ауылдасы «Мені дарияның ар жағындағы жерге апарып тасташы, егер қолыңнан келсе» деп сенімсіздік танытқан көрінеді. Болмаған соң бақсы «арқама отыр, бірақ көзіңді ашушы болма. Егер ашсаң екеуміз де аман қалмаймыз» деп ескертеді. Көзін жұма бергенде, қарсы беттен қатты жел еседі. Пенденің «бұл не болды екен» деп қызыққаны болар, көзін сығырайта ашып қарайды. Сөйтсе, Сырдарияның үстімен ұшып өтіп бара жатады. Сол-ақ екен, жағаға жете берісте бақсы екеуі ентелей құлайды. Сонда бақсы «Мен саған ескертпеп пе едім? Сәл болғанда екеуміз де аман қалмайтын едік» деген екен.
Мамыражай күннің бірі. Аңшылыққа шыққан бір топ кісі шүйіркелесіп әңгіменің қызығына енеді. Осындайда Смат бақсының әулиелігін көрмекке «Мен қазір қырғауылды қанжығама байлай аламын ба?» деп сұрайды. Сонда Смат бақсы «Сексеуілдердің арасынан шыққанда оң жақтан бір қырғауыл ұшып келеді. Дөп тигізесің» дейді. Бақсы айтқанымен орнынан тұрып, сол жаққа қарай беттей бергенде айтқаны айдай келіп, әлгі қырғауылды атып түсіріпті.
Сол заманнан тағдыры бақсымен үзеңгілес киелі қобызы болыпты. Аспап әлі күнге дейін бар дегенді естіп келесі нысанға жол тарттық. Бұл жолы бағыт бақсының үлкен ұлы Шәмбек Сматұлының үйіне түсті. Фотоаппаратымызды асынып, Смат бақсының суреті, қобызы тұрған бөлмеге кірдік. Кіреберістен сәл қобалжығанымызбен, артынша жайлылықты сезіндік. Сырттан дауа келе алмайтын, қорған болар панада отырғандайсың. Мына әлемнен әлдеқайда алыста, тыныштықпен бетпебет қалғандайсың. Іші мұнтаздай таза. Арнайы бөлме арнап, бақсы заттарын ретретімен әйнек шкафка сақтап қойыпты. Алдымен көзіміз төрде ілулі тұрған Смат бақсының жиегі қоршалған үлкен суретіне түсті. Расымен, әлгінде айтқан бейнелеу тұп-тура. Небәрі сурет болса да, бейнедегі көз соншалықты өткір. Ұзақ қарауға бата алмайсың. Ал бақсы емдегенде пайдаланған қобызы ескі болса да, өзгермеген қалпы жоғарыда тұр. Байқасақ, қара қобызда ежелгі Орхон-Енисей таңбаларына ұқсас жазу бар. Құлағында шағын айна жабыстырылған. Ойға тез-ақ сап ете қалды. Мұнда айнаның да жайдан жай болуы мүмкін емес қой. Себебі, айнада да тылсым бар.
Қара қобызын бақсы адам емдегенде пайдаланған. Делебесі қозып, оны тарта жөнелгенде алысқа дем беретін ғажайып дауыс шығады екен. Азалы сарынмен қобызды сарнатқан Смат бақсы тілсіз жауды тоқтатқан деген де аңыз бар. Аспаптың бойындағы қасиет тылсым күшке ие деседі. Себебі шаңырағының отын жаққан келінінің айтуынша, қобыз әлі күнге дейін күй тартады екен.
– Бірде енем мына тұрған қобыз әр жұма сайын күй шертеді деді. Жас болған соң сеніңкіремедім. Бір күні «Бері келші, міне, қара» деп қобыз тұрған бөлмеге шақырды. Кіре бергенім сол-ақ екен зорайып шыққан қобыз үнінен шошып кеттім де артқа қарай ентелей шегіндім. Біраз уақытқа абдырап та қалдым. Бұл бір ғажайып тылсым ғой?! – дейді ол.
Ал қобыздың қалай пайда болғанын, қайдан келгенін, кім жасағанын біле алмадық. Тек бір дерекке қарап пайымдауға болады. Смат бақсыны қасында ұстаған Бала бақсы да қобыз тартқанда зорайып, айнала ерекше күйге түседі деген аңыз бар. Ол рас. Бала бақсы жайындағы деректердің бірінде оның қобыз тартып, емге шипа бергені жайында үлкен толғаныспен жазылады.Ал тарихты түгендесек онда қасиетті қобыз аспабын бақсылықпен байланыстырып жазады.
Әрине, бақсыларға тән айрықша қасиеттердің бірі – емшілік. Бойында осындай ерекше қасиеті бар Смат бақсы талайына ана бақытын сыйлап, бойына бала бітірді. Өзіндік орнымен, жүзіне сай мінезімен айналасындағы жандарға сыйлы бола білді. Иә, бақсылық – ұлт таңдамайтын, руға бөлінбейтін қасиет. Шаманизм, яғни Тәңірілік сенім дін емес, одан әлде-қайда күрделірек ұғым – табиғат туралы тылсым ілімдердің жиынтығы. Ал адамзат баласының табиғат атты ортақ үйінің иесі мен киесі, табиғат пен адам арасындағы дәнекері осы бақсылар болған.
Смат бақсы тамыр ұстап, денедегі дерттің бір балаға түсетінін, қалған бала таза болып туылатынын тура айтқан. Ал бақсының өзі «Қасиетім ендігі жерде жиен қызға не немере, шөбере қыздарға дариды. Бірақ мұны қабылдауда көптеген қиындық болады» деп айтып кеткен дейді жеткізушілер.
Түйін
Мақаланы жазуда біраз кедергі мен ұзақ сапар болғаны рас. Дегенмен, нендей сынақ келмесін қалың оқырманға расымен өмірде болған, бірақ мүлдем газет бетіне жарияланбай, есімі көпке еленбей қалған Смат бақсы жайында журналистік зерттеуімізді ұсынып отырмыз.
...Бүгін міне, сәті түсіп Иіркөлге тағы жолға шықтық. Себебі ол маңайда Смат бақсының бейіті бар еді... (Басы. Жалғасы бар)

Айнұр ӘЛИ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)


15 тамыз 2020 ж. 1 471 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031