ҚҰЛТЫ ӘУЛИЕ

Атам қазақта «Әкенің қадірін балалы болғанда білерсің» деген сөз бар. Сол аталы сөздің мән-мағынасына біздер жас кезімізде онша мән бермей өсіп, кейін жасымыз ұлғая келе түсіндік, баға бердік. Иә қазір әке емес, ата болған кезімізде бабаларымыздың кім болғанын, олардың туып-өскен жері мен халық үшін қандай жақсылықты істер жасағаны туралы және оларға тағзым ету керегін еске алсақ та оларды орындауға түрлі себептер кедергі болады.
Әсіресе, біздің әулетіміздің, Кіші жүздің Байұлы, оның ішіндегі Алтын руының Айдар аталығынан тараған бүкіл қазақ еліне аты мәшһүр Құлты, Уәлі бабаларымыз жайлы әкелерімізден естіген әңгімелер көп болғанымен олардың қалай әулие атанғаны мен қайда жерленгенін біле бермеуші едік. Бұл деректерді мен болашақ ұрпақ үшін өзінен кейінгіге айтып, бабалар тарихын, тегінде бұрындары қандай данышпан болғанын біле жүрсін деген ниетпен жазып отырмын. 1975 жылы Қазақ Кеңес Энциклопедиясы бас редакторының орынбасары болып қызмет жасаған Мәжит Бәйімбетов Құлты бабамыздың жерленген жері Торғай өзенінің бойына екі рет барса да ауа райының қолайсыздығынан бейіт басына бара алмай кері қайтқанын өкінішпен айтқан еді.
Ал, Құлты атамызға келер болсақ, сонау ХVІІІ ғасырдағы орыс патшасының қазақ жерін отарлау саясатының кесірінен қазақ халқы Еділ, Жайық өзендері бойынан Арқаға үдере көшкен екен. Міне, сол елмен бірге балалары Құлты мен Уәліні алып, әкелері Итен де Қостанай өңіріне көшіп келіп тіршілігін жасайды. Халқына қызмет етіп, сол жақтан мәңгілікке қоныс табады. Қазір онда «Құлтының қара моласы» деп аталатын жер атауы бар. Итен ақсақалдың ұрпақтары ағайынды Құлты әулие мен Уәлі би Қостанай өңірінде ұзақ жыл тұрып, өздерінің ел сүйсінер ісімен жергілікті тұрғындардың ризашылығын алады. Сол өңірде Құлты әулие қайтыс болған соң ағасын жерлеген інісі Уәли өздеріне қарасты ағайындарымен Сыр бойына қоныс аударып, қазіргі Қорқыт стансасының аумағына көшіп, қыста дарияның оңтүстік бетіне, жазда Қарақұмның көк майсалы жайылымына қоныс тебеді.
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз селосының тұрғыны С.Байжиен атты азаматтың «Денсаулық» журналының 2006 жылғы №11 санында «Құлты әулие» деген мақаласы жарыққа шықты. Онда былай делінген:
– Құлты әулие 1790 жылдары дүниеге келген. ХVІІІ-ХІХ ғасырда Ырғыз, Торғай өңірінде өмір сүрген. Ағайынымен Ақтөбе, Қостанай облыстарындағы Ырғыз, Торғай, Табыл өзендерінің бойын жайлап өмір сүрген екен. Құлты әулие өз заманында Торғай, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда аймағында халыққа өзінің емшілік қасиетімен танылған. Ол адамдардың жанды жара мерез, емге көнбейтін сүйек тас­тау, қан қысымы, жүйке ауруларын емдеп, оташылық, сынықшылық еткен.
Міне уәлие атамыз өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет етіп, көне көз қариялардың айтуымен шамамен 1870 жылы Торғай өзенінің оң жағында орналасқан Нұра тауының биік шоқысына сол аймақтағы Нұра ауылдық округіне қарасты Мамыр елді мекенінен 13-14 шақырым жерге жерленген. Құлты әулие қайтыс болғанда сол өңірдегі бүкіл халық тау басына жиналып, он екі қанат киіз үйдің аумағындай жерге қиыршық тас, саз және тобылғы араластырып, биік етіп белгі қойған.
Ал, Құлты бабамыздың інісі Уәлі би жайлы айтар болсақ, ол кісі көзді, ірі денелі, алып кісі болған деседі. Оның үш әйелі болған. Мақаланың басында Уәлі ағасы Құлты қайтыс болғаннан кейін барлық ағайынын Сыр бойына көшірді деп айтып кеткенбіз. Ол өзінің ағайынымен Сыр бойындағы «Қызыл үй» деген тоғайдан бастап, шығысқа қарай Қызылтам елді мекеніне дейін қоныстанады.
Уәлі өзінің турашылдығымен, әділ­дігі­мен еліне билік жасап, қамқор болған. Елдің өзге  қадірменді кісілерімен бірге халықтың бірлігі мен татулығы жолында көп жұмыс істеген. Оған бір дәлел сол кездері Сыр еліне билік құрған Елекей сұлтанның (Қасым ханның баласы) халық үшін шығарған бір шешіміне риза болмаған ол:
– Әділеттік құдайда болғанда, ханда қайдан болсын, – деп сұлтанның шығарған шешімін қайта бұздырған екен. Атамыздың мұндай өткірлігі мен батыл іс қимылы бүгінде халық арасында кеңінен айтылады. Бабамыз кезінде Кеңесары ханды қолдап, сол саясаты үшін Орынбор губернаторынан қатаң ескерту алған деседі.
Міне, Құлты ағасындай ел тағдырына бей-жай қарамаған Уәлі би 1882 жылы 84 жасында өмірден озады. Бабаны бүкіл Сыр бойы халқы арулап, оған мазар орнатып, Қорқыт ата қорымына жерлейді. Бірақ баба мазары кейін дария толқынына шайылып құлаған соң шөбересі Жеңісбек Ысқақов мазардың құлаған жеріне ескерткіш орнатты.
«Бабалар рухы ұрпағымен мәңгі жасайды» деген Қармақшы өңірінде өмір сүріп жатқан ұрпақтары атынан Уәлі бидің шөбересі Қани Ысқақов бар бір топ ағайыны мен Құлты әулиенің жерленген Мамыр елді мекеніне барып белгі қойып, Құран бағыштады. Бұл бабалар алдындағы перзенттік парызы.
Көшербай ІСКЕНДІРОВ
23 шілде 2019 ж. 1 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 029

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031