» » ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІНІҢ СЫРЫ МЕН ҚЫРЫ

ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІНІҢ СЫРЫ МЕН ҚЫРЫ



Қазір шежірелер мен оларды жинақтап баспадан жазба етіп шығарушылар қаптап кетті. Өз жұртының шежіресін тарқатуға атсалысып жатқандарды кінəлау да қисынсыз шығар. Десек те, олардың жазғандары ел аузындағы аңыз-əңгімелерге ғана құрылып, ғылыми тұрғыдан сарапталмайтын, бұрын-соңды тарихи еңбектерге сілтеме жасалмайтын болды. Белгілі ғалым, шежіреші Ақселеу Сейдімбек: «Қазақ шежіресін халық болмысының барлық қырын алуан түрлі үлгіде паш ететін тарихи ақпарат қоймасы деуге болады», – деген еді. Сондықтан шежірелік деректерді ғылыми айналымға молынан тарту, шынайы қазақ тарихының жазылуының басты шарттарының бірі ретінде қарастыруы керек.
«Шежіре» сөзі араб тілінен аударғанда «шыжре» – бұтақ, тармақ деген мағынаны білдіреді. Шежіре – бір ұлттың шығу тегі мен аталық нәсілін тармақтап ұрпаққа, руға таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Сондықтан қазақ ұрпағына шежіре білуді өсиет, міндет деп үйретіп, 20-10 атаға дейін тарататын ақсақалдарды «шежіреші» деп атады. Олар өз заманында және ерте заманда болған ірі тарихи оқиғалар, соғыс, апат, жұт, қоныс аудару, жеке хандар, батырлар, шешендер, жыраулар, байырғы қазақтың тұрмысы мен салты, наным-сенімі, күнтізбесі, жыл, ай, күн есептері, шипагерлігі жайында жан-жақты білікті адамдар болған.
Қазір бізге дейін жеткен қазақ шежірелерінің қашан түзілгені туралы нақты дерек жоқ. Зерттеулерге қарағанда, қазақ шежірелері VІІ ғасырдан бастап, ХХ ғасырға дейінгі мезгілді қамтиды. Бұл шежірелерде белгілі жүз, тайпа, бұдан тараған аталар таратылып айтумен қатар, осы аталардың заманындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, ірі тарихи оқиғалар, сол замандағы тарихи адамдар есімдері сақталды. Шежіре тарқату дәстүрінің VІІ ғасырдан басталуына келтіретін бірден-бір мысал – «Күлтегін» ескерткіші. Ескерткіштің тасқа қашалған жазбаларына сүйенсек, Түрік қағанатының негізін қалаушылар әлемнің жаралуын өздерінен бастайды.
Түркілердің қара шаңырағына ие болып қалған қазақ елі үшін Алаша ханға байланысты айтылатын шежірелердің орны бөлек. Шежіре қазақ этносының бастауын Алаша ханмен байланыстырады. Тарихты жеке тұлғалардың өмірімен байланыстырып баяндау ақиқатқа қарсы емес. Алаша хан туралы аңыздарда уақыт межесі есепке алынбайды. 1846-1913 жылдары өмір сүрген тарихшы Құрбанғали Халиди 1910 жылы Қазандағы “Өрнек” баспасынан басылып шыққан «Шығыстың 5 мемлекетінің тарихы» кітабында: «Алаша хан – жалпы хандардың бабасы, моңғол-татардың атасы», – деп көрсетеді. Яғни, шежірешінің пікірінше, Алаша хан Еуразия көшпелілерінің ең алғашқы билеушісі және олардың шыққан тегі бір дегенге саяды. Шағатай тілінде жазылған бұл туындыда қазақ елінің тарихы, әдет-ғұрпы, “қазақ” этнонимінің шығу тарихы, рулар жөнінде тың деректер кездеседі.
Ескі шежіре-жазбалардың ішінде «Нисабнама-қа­зақ» шежіресіндегі тарихи деректер ХІІІ ғасырдан ХVІІІ ға­сыр­дың алғашқы жартысына дейінгі мезгіл туралы баяндайды. Жазбаға түскен ескі шежіре деректерінің қатарына Іле алқабындағы Алмалық қаласынан шыққан ХІІІ-ХІV ғасыр­лар­да өмір сүрген тарихшы Ж.Қаршидың қаңлы, дулат, оғыз, қыпшақ және қарақан шежіресі, ХVІ ғасырда жазылған М.Дулатидің Жетісудағы тайпалар жайындағы шежіресі, Қ.Жалайырдың «Жылнамалар жинағы» т.б. жатады. Қазақ хандығы тұсында көп қолданылатын шежірелердің тобына «Нисабнама Шыңғыс», «Махмуд Собық шежіресі», Бейбарыс пен Ибн Халдун жинаған «Қыпшақ шежіресі» және «Оғыз-Қарахан шежіресі» т .б. кіреді. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, ескі шежірелер Есім ханның, Тәуке ханның, Сәмекенің, Әбіл­мәмбеттің ұрпақтарында сақталып келген. Ондай ше­жірелер Абылайда, оның балалары Уәлиде, Сұйықтөреде, Әбіл­қайырда, оның балалары Нұралы, Айшуақта, ұрпақтары Жәңгір ханда, Дәулеткерейде болған. Абылайдың шежіресін оның ұрпақтары арқылы орыс офицерлері Андреев және Н.Гродеков дейтіндер алып кеткен. Әбілқайырдың шежіресі толығымен М.Тевкелевтің, П.Рычковтың қолына өткен. Яғни, қазақ шежіресінің көптеген қолжазбасы осы күнге дейін орыс архивтерінде сақтаулы.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда да бірқатар шежірелік жинақта жазбаға түсірілген. Олар «Көшен Қарауыл шежіресі» (ХVІІІ ғ.), «Жәңгірдің шежіресі» (1835), Ш.Уәлихановтың жазып алған «Ұлы Жүз шежіресі», А.Ниязұлы жинаған «Үш жүздің шежіресі», А.Жантөриннің шежіресі, Г.Потаниннен жазып алған Мұса Шор­манұлының шежіресі, Қ.Бітімжанұлының бастауымен 1894 жылы жинақталған «Орта Жүз және Кіші жүз шежіресі», қазақ шежірешілері Торғай қаласында құрастырған «Ғажайып шежіре», «Шыңғыснама», Торғай би жинаған «Үш жүздің шежіресі», Диқанбайдың «Ұлы жүз шежіресі» т.б сақталған. ХVІІІ ғасырда билеген Ежен ханның тұсында жинақталып, маньчжур тілінде жазылған қазақтың көптеген шежірелік дерегі Пекиндегі хан сарайы музейінде сақтаулы.
Кезінде ұлы ақын Абай да қазақ шежіресіне көңіл бөліп, «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақала жазады. Өзі Ш.Құдайбердіұлына шежіре жазуды тапсырып, оған тікелей басшылық жасаған. Сондықтан Шəкəрім 19 жасынан бастап қазақ шежіресін жазуға кірісіп, Абайдың көзі тірісінде аяқтаған. 1905–1906 жылдары. Шəкəрім қажылық сапар шегеді. Меккеге барған осы сапарын пайдаланып, ақын Стамбул кітапханаларынан, кейбір жорамалдар бойынша, Париж кітапханаларынан да туған халқының тарихына сəуле түсіретін кітаптарды оқиды. Қолы жеткен деректер көзін орыс, Еуропа тілдеріндегі кітаптардан ұзақ жылдар бойы іздестіреді. Оларың шежіре жайлы айтылған қазақтың арғы-бергі аңыз əңгімелерімен салыстырады. Міне, осы жиған-тергендерін жүйелей келіп, «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік» деп түйіндейді. Шəкəрім шежіресінің басты ой қазығы қазақтардың шығу тегінің түп төркіні көне түркі əлемінде жатқанын ғылыми, нақтылы тарихи деректер негізінде дәлелдеуінде жатыр. Бұл еңбегі 1911 жылы. «Түрік, қырғыз, қазақ һəм хандар шежіресі» деген атпен жеке кітап болып Орынборда басылып шықты. Одан әрі Н.Наушабайұлының «Қазақ пен түрікпен шежіресі», М.Тынышпайұлының «Қазақ шежіресі» жарық көрді. Сонымен бірге, «Қазақ» газетінің 1913 жылы №34 санында шыққан Арысұлының «Абақ Керей» атауының қалай пайда болғаны жайлы жазған мақаласы, «Айқап» журналында 1912 жылы №11 санында жарық көрген Д.Қашқынбаевтың «Қазақ халқының тарихы жəне шежіресін сұраушыларға» атты мақаласы қазақтың түп атасы қайдан шыққандығы жайлы баяндайды. «Шора» журналының 1908, 1909, 1911 жылдары шыққан сандарының алғашқы беттері хандар тарихына арналып, Шыңғыс ханнан бастап Бату хан, Жошы хан, Қасым хан, Өзбек хан, Жəнібек хан, Тоқтамыс хан, т.б хандар туралы деректер топтамасы жарық көрген.
1903 жылы М.Көпейұлы «Қазақ шежіресі» атты туындысын жазды. Туындыда шежірелік дәстүрді сақтай отырып, арғын руына байланысты ауыз әдебиеті жәдігерлерін жинақтады. Мәшһүр Жүсіп өз сөзінде: «Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ. «Оқуға сенген ұмытшақ" деп оқуды керек қылмаған. Жазуға сенген жаңылшақ" деп жазуды керек қылмаған. Оқу мен жазудың жоқтығынан жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдырған“, – деп халқымыздың зеректілігі ақпараттық құ­былыс ретінде көрсетіледі. Бұған қоса, ғұламаның шежірені өлең түрінде де жазған «Шежіре өлең» атты тамаша шығармасы да бар.
Кеңес кезеңінде 1925 жылы. Ташкентте басылған М.Ты­нышбайұлының «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» деген еңбегінің салмағы айрықша сүбелі. «Қазақ» бағзы замандардан даламызда қоныстанған Сақ, Ғұн, Үйсін мемлекеттері, Түрік, Түркеш, Қарлық қоғамдастықтары, Қып­шақ ұлысы, кейінгі Алтын, Ақ, Ноғай ордаларының құ­рамына кірген түркі тілдес елдер мен жұрттардың топтасқан одағының ортақ атауы. М.Тынышбайұлы еңбегінде де қазақ рулары дəл осы ыңғаймен келіп тарқатылады. Ұлт тарихына ерекше мəн берген Ə.Бөкейхан да Қарқаралы жəне Адай уездерін мекендеген рулардың шежіресін схемаға түсіріп, алғаш рет дəлелді генеалогиялық карта жасады. 1905 жылы жарық көрген «Родовые схемы киргиз Каркаралинского уезда» атты еңбегінде Орта жүздің, Ұлы жүздің жəне Кіші жүздің рулары мен тайпаларының шежіре кестесін таратып жазған. Сонымен қатар, ол жүзге кірмейтін рулардың да шежіресін ұсынған. Алаш арыстарының бірі М.Шоқай «Қазақ рулары хақында» атты мақаласында үш жүздің рулары туралы жазылған кейбір пікірлердегі адасушылықтар мен бұрмалаушылықтарды талдап жазады. Қазақ тарихын, оның ішінде рулар мен тайпалардың тарихын жазуда басқа халық өкілдерінің еңбектерін аса сақтықпен, саралай, салыстыра отырып пайдалану керектігін айтады. Яғни, қазақ тарихын қазақтың өзінен шыққан азаматтарынан басқалары артық жаза алуы мүмкін емес. Өйткені, кез келген елдің тарихын жазу үшін, ең алдымен сол елдің тілін, салт-дəстүрін, тарихын, өзіне тəн ерекшеліктерін білу керек деген қорытынды жасайды.
Ал, Қазан төңкерісіне дейін орыс тарихшыларының қазақ шежіресін зерттеп жазудағы өзіндік мақсат-міндеттері болады. Ежелден жалғасқан шежірелік дәстүрге патша үкіметі қазақ жерін жаулап алысымен-ақ айырықша көңіл аударып, отарлауға көмегі тиеді деген ниетпен оны жинау үшін жер-жерге экспедициялар аттандырған. Ресейлік зерттеушілер шежірені, тарихты терең түсінбек түгіл қазақты қырғыз елінің бір бөлігі ретінде қараған. Тек А.Левшиннен бастап қана орыс­тар қазақ пен қырғыз өз алдарына жеке-жеке этнос екенін айтады. Шежірені зерттеу­ге ресейлік ғалымдардан Н.Аристов, П.Рычков, А.Тевкелев, Г.Грумм-Гржимайло, В.Даль, В.Бартольд, т.б. көп үлес қосты. Олардың жазып алған қазақ шежірелері ғылыми тұрғыда құндылығы болса да, алысты көздеген пиғыл, кімнің қай руға жататынын анықтап, халықты іштей бір-біріне айдап салу арқылы отаршылдықтың «бөлшектеде, билей бер» дейтін сынынан өткен ұранын жүзеге асыруға бағытталған саясат үшін керек болған сияқты.
Шежіре – бұл халқымыздың ата тегінің таралуын, шығу тегін дәлелдейтін маңызды ақиқаттық жол. Шежіре арқылы қазақ халқының түп-тамырын, қазақ мемлекеттілігін, қазақ қоғамын біле аламыз. Исі қазақтың емес, тіпті жеке жүздердің де емес, жеке рулардың шежіресін түзуге құмар болмай, қолда бар нақты шежірелік мұрамызды сақтай отырып, деректерді ұштастыру арқылы ғана ақиқатына жет­кен абзал. Сонда ғана қазақтың болашақ тарихы әлемдік қауымдастық алдында іргесі берік алынбайтын қамалға айналары айдан анық.

Серік ҚАЗИХАНҰЛЫ.
28 қаңтар 2019 ж. 2 784 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031