Әулие қобыз

Өмірге кімдер келіп, кімдер кетпеді. Жеті атасынан текті талай тұлғалардың өткен жолына көз жүгіртсең құдды ертегі тәрізді. Ел аузында біз білмейтін олар жайлы талай аңыз әңгіме бар. Аңыз дейміз-ау. Күні кешеге дейін құдай берген қасиетімен қанша сәбиді өлім аузынан алып қалған Қармақшы ауылындағы Нұғыра бақсыны білмейтіндер кемде кем. Оның өз тілін кесіп, қанымен кез келген ауруды, әсіресе көз тигенді айықтыратынын қасиетіне барша жұрт бас иген. Сөзіме дәлел, осыдан біраз жыл бұрын жақын туысқанымыздың 5-6 айлық сәбиі қолды аяққа тұрмай шырқырап, қатты ауырса керек. Ем таппаған шарасыз жандарға «Нұғыра бақсыға бар» деп жөн сілтегендер болыпты. Үлкен үйдің бір бөлмесін қараңғылап отыратын бақсы баланы бір қарағаннан-ақ тынышталып, кейін мүлде ауырмаған деседі. Баланың басын орап берген алақандай ақ матасы үйінде әлі сақталған. Сәл сырқаттанса сол матамен бетін сипап, жеңілдейтін көрінеді. Нұғыраға бақсылық қайдан келген?
ХVIII ғасырдың ІІ жартысында Сыр өңірінде, оның ішінде осы Қармақшы төңірегінде Бөрлі-алаша руынан тараған Есақай деген бақсы өмір сүріпті. Бұл кісі заманында адам емдейтін белгілі әулие, әрі атақты қобызшы болған. Есақайдың бақсылығы ауыздан-ауызға тарағанымен,тарихта жазбаша қалмаған. Сол Есақай әулие ертеректе бір тайпа ел болып көшіп-қонып жүреді екен. Терең сулы көлдің екі бетін жағалап жайғасқан үйдің бір бетінде 10 шақты үймен бірге өзі отырады да, бір бетіне тұтас рулы ел жайғасады. Бір-біріне қайық арқылы қатынасады. Күндердің күнінде көп халық жайғасқан ел бәйге шаптырып той істейді. Бірақ көлдің келесі бетінде отырған әулиені әлгі тойға шақыруды ұмытып кетеді. Той басталарда жөнді білетін біреуі:
– Ей халқым, сендер ең маңызды адамды ұмыттыңдар. Есақай бақсы шақырылмай қалды. Ертеңгі күні той істегенімізді естісе шаңымызды қағады. Кешірім сұрап, барайық, – дейді. Сонда барлығы ұмыт қалдырғанына өкініп, «ат мінгізіп, кілем төсеп, шапан жауып алып кел» деп орталарынан шақырушы жібереді. Шақырушы бақсыға келіп:
– Уа, әулие ата, біздің елде той болып, қазан асып, ат шаптырғалы жатыр. Соған сізді шақыруды есімізден шығарыппыз. Мына атты, астыңызға кілемді тарту еттік. Бізді кешіріп, тойға жүріңіз, – деген. Сонда Есақай әулие:
– Мен ешкімді кінәламаймын. «Ештен кеш жақсы». Мына әкелген сый-құрметіңді өзіңе сыйлаймын. Енді қайта бер, мен той тарқамай жетемін деп қала беріпті. Уақыт ұзатпай көлдің бетіне киіз төсеп жіберіп, қобызын тартып, өзімен бірге отырған адамдардың киіз үйлерін тігулі қалпымен той болып жатқан елге көшіріп апарған. Содан бері бұл кісі тарихта, ел есінде «Ел көшірген Есақай» деген атпен қалған. Осы тектес аңыздардың бәрі ауыл ақсақалдарының аузынан түспейді. Бұған қоса сол тойда жұрт бәйгеге тұлпар қосса, бақсы өзінің тартып отырған қобызын қосыпты. Бәйгеден бірінші келген қобыздың жылдамдығын тежеу үшін алдында тұрған үлкен талға жуан арқанды орап тоқтатамын деп, қобызының мойнын сындырып алған. Мұны қобыздың қазіргі нобайына қарап аңғаруға болады. Әулиенің қобызы бертінге дейін әр жұмада түнгі сағат 24.00-дер шамасында сөйлеп, намаз оқиды екен. Облыс бойынша Алаша руының мекені – Шаған кеңшары болған. Осы кеңшардың арық жағалауындағы бір түп сексеуілге үлкен серкесін байлаған дейді. Ал өзі ұрпақтарының айтуы бойынша Қызылорда қаласынан әрірек орналасқан Бәйгеқұм стансасынан кейін «Көксерек» атты каналдың шығыс жағында өсіп тұрған үлкен жиде талының түбіне жерленген. Кейбір деректерде Жаңажол ұжшарының арғы жағында деген мәлімет бар. Сол бақсының әулиешілігі кейінгі ұрпақтарына қона берген. Есақайдан Қаржаубай туады. Ол да қобыз тартып, бақсы атанған. Қаржаубай ақсақалдың бәйбішесі туралы мәлімет мүлдем жоқ. Одан Бисенбай, Омар, Смайыл деген үш ұл туған. Бисенбайдан Тебеген атты ер бала, Омардан Баршагүл есімді қыз, Смайылдан үш бала тарайды. Үлкені Балсұлу, Тәжібай, 1911 жылы Нұғыра дүниеге келген. Әулие қобыз Қаржаубайдан Смайылға келеді. Смайыл да атақты бақсы болып, әулиелігі ел ішіне тарайды. Смайыл өмірден өткеннен кейін қобызды ұлы Нұғыра алады. Өзіне үлкен аталары аян беріп, қобыз тартып, бақсылықты ұстайды. Ол теміржолда жұмыс істей жүріп, емші-бақсылығымен көптеген адамдарды ауруынан құлан-таза айықтырады екен. Бірақ бір жылдары ащы суға әуес болып, атадан қонған қасиетті ұстап жүре алмайды. Басқаға қамқор қолын ұсынып жүретін азамат бір күні вагонға тиелген қап-қап етті түсіруге көмектеседі. Қаптағы доңыздың еті екенін білмеген. Қобыздың өзі Нұғыраның бұл кемшілігін кешіре алмаған соң ол қатты науқастанып, 1949 жылдан 1962 жылға дейін Алматы қаласында болып, емделген. Ешбір ем қонбай І топтағы мүгедек болып, зейнетке шығыпты. Он екі мүшесі сап-сау. Тек адам көрсе жақтырмай, қараңғы бөлмеден шықпайтын ауруға шалдыққан. Сол бір бөлмеде табжылмастан 24 жыл жатыпты. Ем іздеп келген науқастарды ғана қабылдайтын көрінеді. Бәйбішесі Қаншагүлмен 8 бала өсірсе, 3-еуі өмірден өткен. 1986 жылдың наурызында баласы Бимұрат келін әкелгенде қуанып, беташарға таяқ сүйеніп далаға шығып, тойды тамашалаған. Содан бастап денсаулығы дұрыстала бастайды. Бірақ өмірден өткенше мың құбылып, бірде аласұрып, бірде есінен танып, ұйықтамай жүреді. Сонда да емшілігін жүргізуді тоқтатпапты. Көбіне омыраудағы сәбилерді өзінің тілін тіліп, атқылаған қанды баланың денесіне бүркіп емдеген. Ал сәби сүйе алмай жүрген келіншектердің басына қобыз жастап, түнеткен. Әлгі келіншектер сол күні жақсы түс көрсе, көп ұзамай сәби сүйген. Баласы Бимұрат ағамыздың айтуынша, бақсы өзінің өмірден өтетін күні мен уақытын, сағатына дейін айтып отырған. Үш ақ күн төсекте жатып, о дүниеге аттанып кете барыпты.
– Демі таусыларда бейітімді арнайы үйден кесек құйып салындар деді. Айтқанын мүлтіксіз орындадық. Құдайдың құдіретін айтсаңызшы, кесектен салсақ та әлі күнге бірде-бір жері мүжілмей сол қалпы тұр. Бүгінде қобыздың шанағы сынған. Содан кейін тек адам емдеумен ғана үйде ілулі тұр. Әкем өмірден өткен соң қобызбен емдеуді анам жалғастырды. Қазір келіні, менің жолдасым Ақзада емдейді.
Бақсының көзі тірісінде Алматы қаласынан профессор, атақты коллекционер Болат Сарыбаев арнайы өзі қобызды іздеп келіпті. «Құнына Алматыдан 4 бөлмелі пәтер алып беремін, Бимұратты консерваторияға түсіремін, балаңның болашағы үшін берсеңші деп» соншалықты сұраған. Әлгі кісінің әңгімесін жақтырмай, үйден тезірек кеткенін қалаған бақсы бермеймін деген сертінен танбапты.
– Жақын-жуық, дос-жаранның бәрі кент орталығында. Мен де соларға біртабан жақындап, кентке көшейін деп шештім. 2002-2003 жылдары. Ұнатқан үйімді тауып, ақысын төлеп, көшпек болдым. Әулиенің ұрпағы болғаныммен жиі түс көрмеймін. Көшем деп буынып-түйінген күні атам аян берді. Жаңа үйіме бірінші соны алып бармақ боп қызыл жигулиге ақ матаға оралған қобызды салдым. Салғаным сол еді, қобыздың сыртындағы матасы сыпырылып түсті де, қарсылық білдіріп, дереу жан бітіп, үйге кіріп кетті. «Бұл не болды?» деп аң-таң болған күйде шошып ояндым. Ояна сала ұзақ ойға шомылдым. Ақзада жеңгеңнің Байқоңыр қаласында тұратын ағасы бар-тын. Сол көріпкелдікпен айналысып, туған-туысымен араласуды тоқтатқан еді. Хат-хабар алып, көріспегенімізге 10 жылдың жүзі болған. Таң атпай сол қайынағамның Құдай айдап үйге келмесі бар ма? Келді де ай-шай жоқ «көшпе, көшпеге» басты. «Өзің кетсең де, үлкен ұлыңды осында қалдыр. Қобыз сендердің бақтарың, ол кеткендеріңді қаламайды. Маған түнде құдам аян берді. Соны жеткізбекке келдім» деді. Содан кейін біз бұл өңірден алыстай алмайтынымызды, қобыздың тегін емес екенін тағы ұқтық. 1996 жылы Қосылған деген ағамыз өзінің ұжымымен келіп, жанұямызды, қобызды түсіріп, теледидардан көрсетуге арнайы таспалап алып кетті. Кейін ол «Бір ғұмыр» деген тақырыппен жарияланды. Алайда ол таспа бізде жоқ. Әулие қобыздың өмірі бүгінде 3 ғасырға жуықтады. Анамның есімі Қаншагүл. Ол да тегін адам емес-ті. Әу дейтіні бар-тын. 2004 жылдың қазанында «Хабар» телеарнасы арнайы келіп «Ауылдың алты ауызы» бағдарламасына түсіріп, елге көрсетті. Марал ишанның қарындастары болып келеді. 8 ағайындымыз. Шаңырақта қалған ұл мен. Анам көзі тірісінде «ешкімге тәуелді етпей, ауыртпай алсаң етті» деп тілеп отыратын. Сол тілегі қабыл болды. Жадырап ортамызда отырып, 2005 жылы өмірден озды, – дейді Бимұрат Смайлов.
Қазір ақ матаға оралған қобыз Қармақшы ауылындағы Бимұрат ағаның үйінде. Арнайы бөлмеде тұрады. Әлі күнге Ақтөбе, Алматы, Атыраудан келіп емделетіндер бар.
2000 жылы Алматы қаласынан Қорқыт ата мен Марал ишанды зерттеп жазбақ боп бір топ кісі келеді. Ішінде телепаты, журналисі, зерттеушісі бар. Соның біріне «Қорқыт пен Маралға барар жолда Есақай бақсының үрім-бұтағы бар. Сол үйге түсіңдер. Бала-шағасына ауырлық салмай ішетін су, жеті күлше, шалатын малдарыңды ала барыңдар» деген аян түсіпті. Сол кісілер келіп біраз мағлұмат жинап, мал шалып, Құран оқытып кеткен.
Нұғыра бақсының ғұмырын зерттеушілер кейінгі ұрпақтарының ішінде  ата қасиеті Бимұраттың кенже қызы Айданаға қонуы мүмкін деген болжам айтады.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
31 шілде 2020 ж. 1 409 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031