» » » КҮЛЛІ ТҮРІК БАБАСЫ

КҮЛЛІ ТҮРІК БАБАСЫ

Қазақтың  ұлан-ғайыр дархан даласы талай дарын иелерін өмірге әкелген киелі де құтты мекен.
Міне, осындай қасиетті ата жұртта туып-өскен дара тұлғалардың бірі –  ұлы ойшыл, жырау әрі қобызшы, күллі Түркі әлемінің абызы Қорқыт ата.
Қорқыттың өмірін зерттеушілердің айтуынша, оның  әкесі Қарақожа Сыр бойын мекендеген оғыз тайпасының баят руынан, ал анасы Алтыншаш қыпшақ руынан шыққан.
Қорқыт дүниеге келген күні  қатты дауыл тұрып, ол үш күн бойы сол аймақты билеген екен. Күн тұтылып, адамдар үйден шығудан қалған деседі. Міне, осындай ерекше құбылысқа куә болған дүйім халық өмірге жаңа келген  нәрестеге Қорқыт деп ат қойған деседі.  Әлемдік зерттеушілердің бірі – Қорқыт  есімін «құт әкелетін адам» десе, енді бірі –  «өмір тоқтады» деп ұғымда түсіндірме береді.
Айта кетерлік жайт, Қорқыт өмірін зерттеушілердің сөзімен айтқанда дүниеге келген сәби Қорқыттың көп ұзамай тілі шығып, тіпті сөйлеп кеткен. Қорқыт есейе келе шамандық дінді насихаттауда өзінің әйгілі желмаясымен әлемді шарлайды. Ол жиырма жасынан бастап өмірне серік еткен қобызымен күй тартып, елге танылған екен. Тіпті, сол қобызы арқылы бақсылықпен де айналысқан. Қолда бар кейбір деректер бойынша сенсек,  Қорқыт мұсылман дінін қабылдағаннан кейін сол заманда ел билеген  хандарға бас уәзір болып қызмет атқарған.
Иә,қазақ халқы үшін  Қорқыт һәм қобыз егіз ұғым. Ол туралы Қорқыт ата кітабында терең зерттеліп жазылған. Кітапта Қорқыттың ұрпаққа қалдырған нақыл сөздері де көп. Кемеңгер  тұлға өзі айтқан әрбір нақылды Алладан, Мұхаммед Пайғамбардан бастаған екен. Сонымен бірге, әйелдер жайлы да көптеген өсиет қалдырған. Ол өз нақылдарында әйелдерді төртке бөліп, әрқайсысына өзінше сипат берген. Зер салысақ. «Бірі – ниеті қураған әйел болса, екіншісі – нысапсыз әйел, үшіншісі үйдің құты болған әйел, ал төртіншісі – кесір әйел. Әйел біткеннің ең жаманы осы» деген екен.  Сонымен қатар, Қорқыттың халық арасына кеңінен тараған нақылдарында әділеттік пен өнерге, білімге де айрықша орын берілген.
Қорқыт  ата туралы аңыздардың біріне құлақ түрсек, бірде Қорқыт ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде  оған бір адам: «Егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің» деп аян береді. Бұл түсті ойына алмай, қарапайымдылық танытқан Қорқыт тағы біраз уақыттан кейін, ауыл ішінде қуып жүрген баспағына жете алмай  «саған өлсем де жетемін» деп серт беріп, әрі қарай қуа береді. Алайда, Қорқыттың осы ісін бақылап жүрген Әзірейіл оның жанына келіп: «Өлімді еске алғаның үшін сен енді өлесің», – деп құлағына сыбырлап кетеді. 
Жалпы, Қорқыт ел ауызындағы аңыздарда өмір бойы өлімге қарсы күресуші ретінде таныстырылады. Бірақ, өлімнен қашып, жер бетін кезіп жүрген Қорқыт жолшыбай кездескен адамдардың барлығы да  көр қазып жатады. Ол көр қазушылардан «Бұл кімнің көрі қазылып жатқан» деген сұрағына, ол  «Қорқыттың көрін қазудамыз» деген жауап алған екен. Тағы бір аңызда Қорқыт түс көріпті. Түсінде оған әлдекім «Жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың»  деп аян береді. Міне, ол өзі көрген сол түстен кейін кезбелігін доғарып, туған еліне оралады. Өзі ойлап тапқан қобызымен күй шертіп, күйшілік өнерді дамытқан.  Ел арасында айтылып жүрген аңыздарда Қорқыт қобыздан сусындаған елде адамдар арасында ешқандай текетірестік, тіпті өлім де болмаған деседі.
Ал, енді  өз заманында әлем жұртын зарлы  күйлерімен асқан шеберлікпен  таңдай қақтырған Қорқыттың шығармаларына тоқталар болсақ,  күйшінің «Башпай», «Ұшардың ұлуы», «Желмая», «Елімай» және басқа да бізге жеткен күйлерінің жарыққа шығу тарихы  өз алдына бір оқиға. Аңыздарға сүйенсек,  ұлы дала күйшісінің «Башпай» атты шығармасында  оның Ақтамақ деген қарындасы ас әкеп беріп тұрған кезде күтпеген жерден күн райы өзгеріп, алай-дүлей дауыл басталып кетеді. Сол сәтте қарындасы ұсынған асты қолына ала берген Қорқыттың башпайы абайсызда қарындасына тиіп кетеді. Қорқыт осы әбестікке қатты қайғырып, тіпті бақилық болғанша өзін кінәлап өткен екен. Тіпті, ол өмірден өтер алдында  осы бір кешірмес оқиғадан құтылу үшін, арын таза ұстау үшін ағайындарына қарындасының денесіне тиген башпайын сыртқа шығарып көмуін өтінген екен. Себебі,  сол уақыттағы дәстүр бойынша ер адамның қандай да болсын дене мүшесі, мейлі  байқаусызда, мейлі әдейі болсын қыз балаға тиіп кетсе ол үлкен әдепсіздік саналған. Міне, осындай кінәні басынан өткерген күйшінің «Башпай»  атты күйі өмірге келді.  Ал, «Ұшардың ұлуы» күйі туралы айтар болсақ, бұл шығарма сол жылдары  бір ауылда  Ұшар есімді  тазы ит асыраған жас баланың басынан өткерген  өмірі, яғни бір ауыл тұрғынының  жалғыз ұлы дүниеден озады.  Бірақ, артынша оның  Ұшар деген  иті із-түзсіз жоғалып кетеді. Осы ретті, манағы  өлген баланың ата-анасы  баладан бір, иттен бір айырылғанына қатты қайғырып, ауылдастарымен итті іздеп сабылады. Итті еш жерден таба алмайды. Әбден шаршаған халық енді не істейміз деп  шарасыздық танытып тұрғанда, біреуінің есіне баланың зираты еске түсіп, барлығы сонда барады. Міне,  ғажап, күні бойы ауыл-аймақты кезіп іздеп жүрген ит баланың мазарында жатқан. Шығарма желісі осы күй арқылы сипатталады. Қорқыт жырлары көптеген тақырыптан тұрады. Онда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас,  ел мен жер, сонымен қатар ағайыншылық, махаббат жайында суреттелген.
Сондай-ақ, Қорқыт  халық ұғымында ел бірлігін нығайтқан қайраткер ғана емес, діни ғұлама. Қолына қобызын алып, ерлік пен елдікті жырлаған жыршы түркі әлемінің  елдігін нығайтуға өмірін арнаған Баяндүр, Қазандай ел билеушілері мен  ел қорғаған батырлардың ерлігін халыққа паш еткен.   Қорқыт қобызды барша түркі әлемінің аспабы еткен данышпан. Өз тілімізбен айтқанда ол саз өнерінің негізін қалаушы.
    Расында да, күллі түркі әлемнің абызы Қорқыт  өмірін зерттеушілер  Ә. Диваев, И. Кастанье, П.Лерх, И.Арзамасов,  Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Байділдаев, Ы.Шәменұлы, М.Кереев, Ә.Нысанбаев және басқалар абыздың өнегелі өмірін біздерге жеткізді.
   Міне, атағы жер жарған, халық арасында данышпан, қобызшы, білгір бақсы әрі шамандардың патшасы атанған  Қорқыт  ата Алла  Тағала  өзіне аян берген жасына дейін өмір сүруді мақсаттап, әлемді кезіп кетеді. Жер шарын аралап, қобыз шертумен өткізген  ол қырыққа толып  Сыр бойына жеткен екен.  Жоғарыда айтқандай, Қорқыттың өмірі жайлы аңыздар өте көп. Соның бірі Қорқыт атаның үнін естіп , Қорқытпен жүздесуді мақсат еткен қырық қыз туралы аңыз. Қазақ ғалымы Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар»  атты ғылыми-зерттеу жинағында  бұл көрініс былайша суреттеледі.  Яғни, Қорқыт өзі дүниеден озғанша өлімді мойынсынбай дүниежүзін кезіп жүріп, өлімнен құтылудың амалын іздейді. Алайда, қай жерге келіп тоқтаса да оның алдынан  көр қазған адамдар  шыға береді. Міне, өлімнен қатты қорыққан Қорқыт абыз Сырдария өзенінде өмір сүріп көрейін, мүмкін өлім мені сол жерден ала алмас деген оймен  шағын кілемін өзен  бетіне төсеп, қарындасы Ақтамақты қасына алып,  туған елі мен халқына арнаған күйін тарта бастайды. Міне, Сыр өзені бойын мекен ектен халық осы кезде Қорқыт тартқан  қобыздан шыққан мұңлы күйді естіп, үйлерінен шыққан екен. Олар өзен жағасына жиналып, Қорқыт тартқан қобыздың  зарлы күйіне құлақ түреді.  Тіпті, қобыз үні  сонау Арқада мекен еткен ағайынның құлағына  да жетеді. Міне, сол қобыз дауысын естіген Арқаның қырық қызы күйшінің күйін тыңдауға, өзін көруге Сырға бет алады. Құлақтарына қобыз үні жақын естелгендей болғанымен, қырық қыз күн жүріп, түн жүріп  жүріп  Қорқытқа жете алмайды. Қобыз үнін есіткен қырық қыз бетпақ даладан да асады. Бірақ, жолда аштық пен шөлден манағы қырық қыздың  39-ның өкпесі өшіп өледі. Тек олардың арасынан ешкісін ерткен Ақсақ  қыз ғана  Сыр өзеніне  аман-есе жетіп, Қорқытты көріп өледі. Тағы бір аңызда бұл көрініс былай суреттеледі. Арқадан  Сырдағы Қорқыттың  шерткен қобыз үніне есітіп, іздеп келген Ақсақ қыздан Қорқыт бір перзент сүйіпті мыс. Бірақ, ажалдан қашқан ол баласына барынша көңіл бөле алмайды. Ал, Ақсақ қыз болса  Қорқыттан тапқан баласымен бірге өзен жағасында бар өмірін өткізеді. Бірақ, бала есейе келе  анасының тәрбиесіне көнбей, өзен үстінде қобыз тартып отырған әкесіне жақын барғысы келеді. Ол өзен үстіндегі кілемде отырған әкесінің жүрегін елжірететін  түрлі қызықтарды көрсете бастайды. Міне, тас жүректі жібіткен бала қылығына  Қорқыт елжіреп кетеді. Амалы таусылған ол шарасыз күйге енеді.  Жағалауға шығайын десе, ауызын ашып  ажал тұр. Бармайын десе жағалауда «әкелеп» баласы тұр қолын созып. Шарасыз күй кешкен Қорқыт баласын  бауырына басып, құшарлана иіскей алмай қатты қиналады. Осы сәтте «Әупбай» күйі өмірге келген  деген де аңыз бар.
Иә, халық жүрегінде күллі түркі жұртының абызы, ұлы ойшыл, қобызшы ретінде танылған Қорқыт ата есімін  мәңгі сақтауда Жосалы кенті орталығынан 18 шақырым жердегі төбе басында мемориалдық кешен салынды. Бүгінде бұл кешен күллі түркі жұртының  мақтанышына айналды. Абыз атаға әлемнің түкпір-түкпірінен  туристер келіп, тәу етеді.
                                                                                                               Н. ЖАНӘДІЛОВ,
                                                                                                               «Қармақшы таңы».
     
26 маусым 2018 ж. 1 553 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031