Ерікті жастардың ерлігі

Осындай аурудың ушыққан уақытында «иммунитетім күшті, денсаулығым мықты» деп мақтанатын сәт келіп тұрғандай. Әрине сапалы дәрілер мен дәрумендер бәрінің ағзасына өте қажет-ақ. Аурудың шындап кіріскенін білсе де кей халықтың қымбат дәрумен алып, жақсы тамақтануға, ауру келе қалса, дәрі-дәрмек алуға қауқары жоқ. Осындай жетіспеушіліктің салдары кей кісілерімізді морт сындырып кететінін білді. Кімдер? Бүгінгінің жастары! Ерікті жастар халықтан ақша жинап, мұқтаждарға көмек беруге кірісті. Теңге тиыннан құралады. Ол әрине халықтың 100 теңгелеп, 1000 теңгелеп, одан да көптеп берген ақшасы. Дегенмен берем деп тұрған ақшаны арнайы шоттарға аударуға жұмыс істеп, ұйымдастыра білу де үлкен шаруа. Ғарыш аймағының осындай ерікті жастарын аймаққа, ауданға, облыс көлеміне көрсетуге асықпын. Олар Гүлнат Жаңабергенқызы, Азамат Орынбекұлы, Гүлназ Серікқызы, Пируза Ибрайқызы, Ахан Жүгінісұлы. Кішкентай ғана қаламызда осындай үлкен жұмыстар атқарылып жатқанда қол қусырып отыру ұят. Осы игі бастаманың басында жүрген Гүлнатпен тілдестім.
«Қайырымдылықпен айналысып, осы жағдайда медицина қызметкерлерімен бір толқында болу ең бірінші Ахан Кәдірбай есімді ағамыздың идеясы. Ағамызбен ақылдасып, арнайы шотқа ақша салу, мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек, азық-түлік алып беру сынды жұмыстарды ерікті жастар бірігіп атқардық. Жиналған ақшаға Байқоңыр қаласы мен Ақай ауылындағы ауруханаларға таза су, бір қолданатын ыдыстар, қосымша дәрілер, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүгедек жандарға керекті дәрілерін, азық-түліктер алып берілді. Өзіміз жоспар бойынша күнделікті үй-үйді аралап жиналған ақшаға шын мұқтаж жандарға, қария кісілерге дәрі-дәрмек алып берудеміз. Сонымен қатар науқастармен күндіз-түні күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айту мақсатында иммунитетін көтеретін дәрумендер жеткіздік» дейді ол. Бұл шара әлі де тоқтаған жоқ. Байқоңырлық ерікті жастардың қатары күннен-күнге көбеюде. Жақсылық жасауға жарысып, қайырымдылықтың нағыз биігіне шығуына тілекшіміз. Алда әлі де осы тектес жұмыстар атқарылады. Байқоңыр барша бауырлармен бірге!
Гүлжан ӘЛІМБАЕВА
Гүлжан ӘЛІМБАЕВА