» » Індеттен іргеміз аулақ болсын десеңіз...

Індеттен іргеміз аулақ болсын десеңіз...

ҚАЗІРГІ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ КҮРДЕЛІ ӘРІ АУЫР ДЕҢГЕЙДЕ ТҰРҒАНЫН БӘРІМІЗ БІЛЕМІЗ. БАСЫНДА БҰЛ АУРУДЫҢ БАР-ЖОҒЫНА КҮМӘНДАНА ҚАРАСАҚ, БҮГІНДЕ ОНЫҢ АРАМЫЗДА ЖҮРГЕНІНЕ КӨЗІМІЗ АНЫҚ ЖЕТТІ. БІРАҚ ВИРУС «АДАМДАР СЕНГЕНІН КҮТЕЙІН» ДЕГЕН ЖОҚ, ӨЗІНІҢ ТАРАЛУЫН ЖАЛҒАСТЫРА БЕРДІ. СОНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ АУЫРЫП ЖАТҚАНДАРДЫҢ САНЫ КҮРТ КӨБЕЙДІ. ЕНДІ НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?

Әрине сақтану қажет. Вирустан қалай қорғану керегін біз қазір бес саусақтай жаттап алдық. Маска, антисептик пен тазалық жүйесі біздің күн тәртібімізге еніп кеткен. Алайда, қазір көбінің дене қызуы көтеріліп, жөтел мен өкпенің қабынуы секілді аурумен ауырып жатыр. Емханалар вирус жұқтырған адамдарға лық толы болғандықтан, олар үйде емделуге мәжбүр. Осындай уақытта ағзаны қалай қуаттандыру керек, үй жайында қалай ем алған дұрыс деген сұрақтарға жауап алу үшін дәрігермен кеңескенді жөн көрдік. Ал бұл орайда уақыт тауып, бізге жауап беруге тәжірибелі дәрігер-педиатр Ұрхия Ідірісқызы келісті.

– Дәл осы кезге дейін адамдар қарапайым қол жууға аса мән бермейтін. Ас ішер алдында қол жуу ұмыт қалатын. Ал пандемиядан кейін тазалық жүйесі қалыптасқан әдетке айналды. Десе де ең алғаш вирустың таралуына бірден-бір себеп болған дүние – тазалық. Қарапайып дүние қаншама адамның өмірін қиды. Енді біз санитарлық гигиенаны қатаң ұстанатын болдық. Яғни, денсаулығымыз мықты болу үшін тазалыққа көп мән беруіміз керек, – дейді дәрігер.

Ал бүгінгі күнде вирустың жаппай таралуының басты себебі – карантин талаптарының сақталмауы деп түсіндіреді маман. Төтенше жағдай кезеңі аяқталған сәттен кейін көпшілік босаңсып, көшеде жүрген адам аяғы көбейді. Енді вирусты жеңу үшін адамдар арасындағы қарым-қатынасты азайту керек. Көпшілік жиындарды ұйымдастыруға және ондай жерге баруға болмайды. Масканың да пайдасы аз емес. Қай аурумен ауырсақ та бетперде таққан дұрыс. Мысалы, сау адам маска киіп, ауырып жүрген адам маска кимесе сау адамның жұқтыру қаупі 5 процентті құрайды. Ал екі адам бірдей бетпердені қолданса вирустың таралу көрсеткіші 1,5 қана процентті құрайды екен. Демек, масканың вирусты жеңуге тигізер пайдасы аз деуге болмайды. Арақашықты сақтап, қол алысып амандасудан да бас тарту қажет.

– Былайша вирустың симптомдары барлығымызға белгілі. Ал оны жұқтырған жағдайда ең алғаш әрине оқшаулану қажет. Одан кейін сұйықтықты көп мөлшерде ішкен дұрыс. Осы орайда айта кетерлігі, сұйықтықты ыстық күйінде ішу маңызды. Сол кезде денеден шыққан тері арқылы адам бойындағы токсиндер шығады. Қазір адамдар дәріханадан толтырып антибиотиктер сатып алуда. Алайда, аурудың бастапқы кезеңінде бірден дәрі-дәрмек қолданып, екпе салдырған дұрыс емес. Одан бұрын вирусты анықтап, қай дәріні ішу керегі жөнінде дәрігерден кеңес алған жөн. Шынын айтсақ, қазір адамның сәл қызуы көтерілсе дәріге бас салады. Ал адамның дене қызуы вируспен күресіп жатқандықтан көтерілетінін көбісі білмейді. Сол үшін 38°С-қа дейін дене қызуы кезінде ағзаға аурумен күресуге бір күндей уақыт беру керек. Алайда, мұндай дене қызуын көтере алмайтын адамдар, егде жастағылар әрине медициналық көмекке жүгінген жөн. Онымен қоса күніне 1 литрға жуық көлемде регидрон ішуге болады. Ал дене қызуын күніне 1 дана парацетамол, аспирин секілді дәрімен түсіреді, – дейді Ұрхия Тұрмағамбетова.

Бұл кезеңде тамақтануға да аса мән беруі тиіс. Күнделікті тамаққа ет пен сүт өнімдерін, жеміс-жидекті көп пайдалану қажет. Ауру белгісі анықталған сәтте үрейге бой алдырмауы керек. Үйде ем алу кезінде ауруды жасырып қалуға болмайды. Оның орнына учаскелік дәрігерге жай-күйіңізді баяндап, дәрігерлік кеңес алу қажет. Әр күніңізді қағазға жазып отырған дұрыс. Оның ішінде аурудың симптомдары, дене қызуының көрсеткіші мен тыныс алу деңгейі қамтылуы керек. Сол қағаз арқылы аурудың дамып немесе бәсеңсігені белгілі болады. Өз кезегінде бұл ақпарат арқылы дәрігерге диагноз қою да оңай болмақ.

Осы уақытта вирустық пневмонияға шалдыққандар саны көбейді. Сол үшін оның да алдын алған дұрыс. Үй жайында тыныс алу нашарлағанын бір минутта алған дем саны арқылы білуге болады. Егер осы уақытта адам 20-дан көп дем алса тыныс алу жүйесі нашарлаған болып саналады. "Ондай кезде дәрігер арнайы рентгенге түсіруге жолдама беріп, пневмония анықталса емдеу жүргізеді" – деп түсіндіреді білікті маман.

Мұндай қиын уақытта көбісі иммунитетін көтеруді көздейді. Десе де адам ағзасының күштілігі ұзақ уақыттық еңбектің нәтижесі. Яғни, бір мезетте ағзамызды оңай күшейте салу мүмкін емес. Көбіне иммунитеті жоғары адамдар спортпен шұғылданған, дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттен алыс болады. Сол себептен қазірден бастап рационалды тамақтануды қолға алу қажет. Ол дегеніміз – әрбір тамақтану барысында калория жеткілікті болып, ақуыз бен майлар өз деңгейінде болу керек. Мысалы, адам күніне 200 грамм ет, 600 грамм жеміс-жидек пен 1,5-2 литр сұйықтық, 200-400 грамм сүт өнімдерін пайдалану керек. Көп мөлшердегі қант пен тұз, майларды қолданудан алыс болыңыз. Сондай-ақ, Covid-19 кезінде ақуызды көп мөлшерде, яғни ет пен сорпаны көп пайдалануды ұсынады дәрігер.

– Ежелден ет жегенді ұнататын халықпыз ғой. Міне, енді осы кезде сол етті, әсіресе қойдың етін көп пайдалану қажет болып тұр. Ағзаға тез сіңетін майдың бірі – қойдың майы. Балды қолдануға болады, бірақ көп мөлшерде қолдану зиянын тигізетінін естен шығармау маңызды. Қымыз, шұбат пен саумал да зор пайдасын тигізеді, – дейді дәрігер.

Физикалық қозғалысты бәсеңдетпеу керек. «Үйде болыңыз» деді екен деп жата беруге болмайды. Аулаңызда жүгіріп, физикалық жаттығулар жасау қажет. Қазір пневмонияға шалдыққан адамдардың өзіне көп жатпай, физикалық қозғалысты көбейтуге кеңес беріледі. Тыныс алу жаттығуларын да көбейткен жөн.

P.S.
Жоғарыда аталған кеңесті пайдалансақ вирусты бірден жеңеміз деген сөз емес. Десе де олар ағзаның күшін көбейтуге өзіндік әсерін тигізетін бірден-бір себеп. Тазалық пен сақтық жүйесі күнделікті өмірімізде әдетке айналды. Енді қашықтықты сақтау секілді шектеулерді ұстанып, ағзамызды күшейтсек деніміз сау болмақ. Дәрігердің әр ұсынысын тиімді пайдалансаңыз талай ауруды жеңіп шығарыңыз күмәнсіз. Міне, осы себептен білікті дәрігердің білгенімен бөлісуді жөн көрдік. Ал егер өзіңіз ойлаған сұраққа жауап таппасаңыз, Ұрхия Ідірісқызынан онлайн кеңес алуыңызға болады (8-747-158-29-35).

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
11 шілде 2020 ж. 1 021 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031