» » » Бейіт басындағы жанталас

Бейіт басындағы жанталас


Таң. Шырылдаған шегіртке өзіндік күйін шертсе, әр үйдің ауласынан иттің дауысы еміс-еміс естіледі. Күн шықпай жолға шығамыз деп жоспарлап ек. Бірақ салқындық байқалмайды... Жеңіл көліктің маторы гүр ете қалды. Кеттік пе? – деді жүргізуші. – сәттілік болғай, кеттік. Жол бойы үнсіздік.
Бұл сәтте ойдың терең тұңғиығына батқан едім. Ойымдағы сауалға жауап таппай әлекпін. Қаншама күн мен түнді артқа тастап, Иіркөл ауылына сапарлаттық. Қандай да болса бір мәлімет тапсақ деп ниет еттік. «Смат бақсы кім болған, бейіті қайда?». Осы сұрақпен жанталаса ауылға қалай кіргенімізді аңғармай да қалыппыз. Көлік гүрілі бір сәтке баяз тапты. Күмбезі күнге жарқ-жұрқ етіп шағылысқан Оспан молда мешітінің есігі айқара құшағын ашып тұр. Кіріп, Құран бағыштап ниет еттік. Сапар басы осылай басталды. Бірақ жалғасы қалай аяқталарын ешкім де білмеген еді.
Бойымыз жеңілдеп, ауылдық клуб үйіне беттедік. Мұндағы қызметкерлер әдеттегіше күлімдей қарсы алды. Бірақ, біз іздеген дүниені таба алмадық. Жасы егде тартқан, Смат бақсыны біледі-ау деген жайсаңдар ауырып, төсек тартып жатыр екен. Ал аралағандардың естуі болғанымен, не мәліметін, не бейітін білмейді. Тар жолда аяқ тоздырып жаяу жүріп келеміз. Қақ аспаннан шекеңе шақырая түскен күн көзі де аяр емес. Тыныштық. Бірақ санадағы сан сұрақ сайрап тұр. Әр мүйіште бадырая қараған қос-қос ешкіге соңғы рет көз тастадық та кері қайттық. Бұл жолғы сапар біз ойлағандай болмады.
Кешқұрым қалтафонға қоңырау келіп түсті. Ауылда сабылғанымызды естіген Смат атаның келіні Ағила апа екен. Ауылға кетпес бұрын ол енесінен естіген біраз оқиғамен бөліскен болатын. Біздегі ой зерттеуді толықтыра түсу еді.
– Айналайын-ау, мені ерте кетпедіңдер ме? Бейіті қайда екенін білетін едім ғой, – деді ол көңілін кірбің шала.
– Апа-ау, үлкен кісі болған соң артық мазалағымыз келмеді, – деп ақтала кеттім. Одан не пайда? Барғандағы бос қайтқан көңілді айтсаңызшы.
– Келесіде міндетті түрде айт. Қайда барсаң да сенімен біргемін, – деп қолдау білдірді.
Күн өткен сайын уақытты босқа жібермеуді тағы ойлайсың. Арқалаған ауыр жүк жеңілдесе деген оймен күнде ниет еттім. Мен іздеген Смат бақсының басынан өткен оқиғалары әлі шала еді. Көзкөргендерден оқиғаны түртіп алуды ойладым. Ағила апаға хабарласып, екі-үш кісіге баратын болып шештік. Солай кеш бата бақсының құда баласының үйіне жол түсті. Мақсатымызды айқындаған ол езу тарта бір күлді. Мүмкін Смат атаның өткенін ой елегінен өткізген болар. Ұзақ ойланды да әңгімесін бастады.
– Біз ол кезде бала едік. Көп нәрседен қорықтық. Есімізде біразы қалмады, – деді де еміс-еміс ойға оралған оқиғадан сыр шертті. Ақ парақтың беті екі-үш оқиғаға толды. Балаша қуанып сыртқа шықтық. Жадыраған күн райы алай-дүлей болып кетіпті. Соққан дауыл еңселі адамды да құлататындай. Қара бұлт үйіріле, жаңбырдың әр нөсері бетке себелейді. Бірақ ойдағы жүктің бір ұшы жеңілдегендей болды...
...Бір күні әжемнің қалтафонына қоңырау түсті. Смат бақсының бүгінгі ұрпаққа насихатталғанын қалаған жанның бірі – оның баласындай болған Әнуар аға еді. «Есімде қалғанымен бөлісейін, бейітіне де барып қайтамыз» деген ниетін білдіріпті. Қуана таңғы асты ішпестен ағаның үйіне беттедім. 9 жасқа дейін қолында тұрған ол Смат ата жа¬йында ойында қалған оқиғасымен бөлісті. Одан соң балаша жетектей біледі-ау деген кісілерге хабарласып, үй араладық. Бірақ, бірі білмесе, енді бірінің үйінде қара құлып тұр.
– Еңсеңді түсірме, қазір көлік та¬уып, бейітіне барамыз, – деді ол. Жасы 80-ге келсе де менімен зерттеудің алғы шебінде жүргеніне разы болдым. Ішімнен «аға, аман болыңыз» деп қайталап қоямын.

Сағат тілі түскі 11.00-ді көрсетіп тұр. Түскі ас ішпестен ентіге келген ағаны көрдім. Иіркөлге баруға көлік тауып, мені алып кетуге келіпті. Солай жолға шықтық. Артқа біраз жол тастаған соң Әнуар аға әлденені айтқысы келгендей басын изеді. Күн ыстықтан барлық терезені ашып қойған соң ба, қасыңда отырған адамның дауысы мүлдем естілмейді. Тек соққан жел мен ескі көліктің гүрілі.
– Анау жатқан жазық кезінде Жамбыл колхозы болған. Осы жерде тұрдық, Смат атаның да өмірінің бір бұрышы осында жалғасқан, – деді ол қолын сермей.
– Мына жерде иә үйдің, иә адамның қарасы көрінбейді ғой? – дедім таңдана.
– Қазір тып-типыл. Бірақ бұрын басқаша еді...
Тағы үнсіздік.
– Аға, қайда тоқтайын? – деген көлік жүргізушінің даусы естілді.
– Қорымның мына қапталына тоқта, – деген бұйрықтан соң ретімізбен көліктен түстік.
– Келмегеніме біраз болды. Осы маңайда секілді еді. Жүр іздеп көрейік, – деді Әнуар аға.
Расымен, бейіт болған соң еркін жүру мүмкін емес. Шеңгел, сексеуіл. Одан қалды әр жерде төмпешік. Бергі жағынан іздеген бейітті таппаған соң арғы жағына өтуге тура келді.
– Мына жаққа беттейік, – деген ағаның сөзіне елең ете бергенім сол еді қас-қағым сәтте көз алдымнан ғайып болды. Қай жағына кеткенін аңғармай, ілестен қалып қойдым. Иә, мен және бейіттер. Тыныштық. Саңқылдаған құстан өзгенің дауысы естілмейді. Босқа тұрғаннан болмас. Ағаны таба жатармын, бастысы бейітті іздейін деген оймен қорымның ортасына да келіппін. Аяққол дегеніңіз шеңгелге сырылған. Әр қадамды басқан сайын ауызға кәлима мен «піссімілләдан» өзгесі келмейді. Сол қапталдан қытыр еткен дыбыс шықты. Бір орында шұқшиып тұрып қалдым. Әрі-бері қарағаныммен жан баласы көрінбейді. Естілген ғой деген оймен іздеуді жалғастыра бердім. Бұл жолы артқы жақтан естілді. «Апыр-ау, бұл не болды екен» деген ішкі күбір. Адасқандаймын. Ағаны шақырып айқайлауға тағы болмайды. Келген жағыма қарасам сексеуіл мен шеңгелден өзге жол көрінбейді. Бар күшімді жидым да сықыр естілген жаққа беттей жөнелдім. «Не болса ол болсын» деген батырлық құдды жол сілтеп тұрғандай. Қай жақтан дыбыс естіледі, сол жаққа жүремін. Қай жақтан сықырлайды сол жаққа бұрыла кетемін. Солай бір сағат көлемінде әупірімдеп қорымнан тысқа шықтым. Қорқыныштан жүректің дүрсілі өз орнынан атып шығардай. Әлі де «пісміллә» деп тілмен айтпасам да ойыммен бұрағытып тұрмын. Ал Әнуар аға әлі жоқ. Араға бірер уақыт салып анадай жерден қарайған адам көрінді. Бейіттердің арасынан, шеңгелден олай да бұлай ентелей өткен ағамыз екен. Ұнжырғасы түсіп кеткен.
– Таппадым, – деді де бір күрсінді.
Бірде Ағила апаның бейітке барғанда мен де барамын, жолды білемін дегені ойға сап ете қалды. Қап-ай, ерте кету керек еді ғой деп тағы бір күрсініп алдық. Амал не? Кері қайтуға тура келді. Сағат дегенің 13.30-дан асып кеткен. Ауық-ауық көлік терезесінен көз тастап қоямыз.
– Түскі ас ішіп болған соң Ағиланы ертіп өзіміз бейітке барып қайтармыз. Нақты туғаны мен қайтқан жылын қағазға түртіп, өзіңе табыстаймыз, айналайын, – деген Әнуар ағаның сөзіне жүрегімнің елжірей кеткені рас.
– О не дегеніңіз? Жаспыз ғой, қайда барсаңыздар да басы-қасында жүремін, аға, – дедім айтарға сөз таппай. Өзінің ауырыңқырап жүргені де байқалады. Жүріс-тұрысы да қиындау. Бірақ екінші мәрте ауылға қайта айналып келу үлкен кісіге оңай емес. Абдырап қалдым. Байқады ма, «Бастаған соң аяқтау керек. Жазылған соң толық жазылу қажет» деп қысқа қайырды.
Осы сәтте үйге де жеткен едік. Бірер уақытқа ғана қоштасып, түскі ас ішуге кірістім. Бейіттегі оқиғаны ойға оралтып, тыныштықта отырғанымда телефон шыр етті. Ағила апа екен. Тұтқаны көтере бергенімде:
– Қалқам-ау, саған айттым ғой мені ерте кет деп, – деді.
Үнсіздікпен илана басымды изедім. Басқа айтар сөзім де жоқ еді.
– Осы кезде дайын отыр. Әнуар ағаң екеуміз бара жатырмыз, – дегенін ести сала орнымнан атып тұрдым. Себебі онсызда дайын едім. Араға 15 минут салмай даладан көліктің гүрілі естілді. Жүгіре барып есігін аша бергенім сол еді аға мен апаның күлімдеп отырғанын көріп көңілім тағы көтеріле түсті.
– Айнұр қыз жолды жаттап алған шығар, – деді олар әзілдей.
– Жаяу барсам да жол табатындай болдым, – деп қоям менде.
Әлгінде көрсеткен бұрынғы Жамбыл колхозының маңайынан өтіп бара жатырмыз. Осы кезден бастап әңгіменің тіні тарқатыла түсті. Жол бойы ой тұңғиығына батқан Әнуар ағаның есіне бір оқиға түссе керек. Қолымен жақындаңдар дегендей өзіне тартты. Басымызды еңкейте құлақ түрдік.
– Смат атаның аңқаулығы болған. Сол кездері басынан мынадай қызық оқиға өткен. Ащы судың не екенін де білмейді ғой ол. Бірде алыстан ат арытып құрдасы Қуаңбаймен жол жүріп келе жатса керек. Қуаңбай жылқыны ерттесе, Смат атаның астында ақ есегі бар.
Шақырайған күн тас төбеден тесіп өтердей ыстық екен. Шөлдеген бақсы:
– Қуаңбай-ау, шөлді басар суың болса берші, – деп сұрайды. Қуаңбай мал дәрігері болған ғой. Қойнында спирті жүреді екен. Сондай ащы судың бірі болса керек. Торсығын алып:
– Бар ғой. Бірақ дәмі қышқылтым, – дейді. Сонда ойында ештеңе жоқ бақсы «шөлді басса бере берші» деп сұрайды. Бір ұрттайды. Діттеген жерге әлі жетпейді. Тағы шөл қысады.
– Қуаңбай-ау, жаңағы қышқылтым суыңнан тағы берші. Мына шөл қысып барады, – деп тағы сұрайды. Ұрттаған соң бақсының денесі қисалаң қағып, есегінің үстінен басы әрлі-берлі қозғалады екен. Үйінен шыққан Тоқжан анамыз жөн сұраса, Қуаңбай:
– Ай, Тоқжан-ау! Жұбайыңның басынан күн өтсе керек, демалсын, – дейді де өз жөнімен кете барады.
Сонда Смат ата тұрмастан 3 күн жатқан екен.
Міне, осы оқиға ойыма түсті. Сонда атаның аңқаулығын айтсаңшы, – деген Әнуар ағаның езуіне ұзақ күлкі үйірілді.
Әні-міне дегенше бейіт басына да жақындаппыз.
– Бергі қапталдан тоқта, – деген Ағила апа әңгімесін жаяу жалғастырды.
– Жыл сайын атаның ұрпақтары келіп тұрады. Сол кезде осында ертіп келемін. Құран бағыштаймыз. Қазір мына бейіттерден өтейік, анау жерде жатыр. Енем де атамның қасына жерленген, – деді ол жолды кес-кестеген шеңгелдермен арпалыса.
– Әй, мында келіңдер. Міне бейіті, – деді ол ерекше сезіммен.
Иә, Смат ата мен зайыбы Тоқжан ананың бейіті қатар тұр. Жанына үлкен болып сексеуіл өскен екен. Ал бейіттің өзі бұзылмаған сол қалпы. Тәу еттік те рухтарына Құран бағыштап, жолға қайта шықтық. Жол бойы жинаған ақпараттардан соң соңғы миссияның орындалғанына іштей қуандым. Бейітін таппай зерттеу қалай жазылмақ? Сол күнгі оқиғаның бәрін жиып алып түн батқаннан таң атқанға дейін көз майымды тауыса мақаланы жазып шықтым. Тұтас бір ғұмыр, бір тарих еді. Ертеңіне газет шығатын күн. Түсірген суреттер мен мақаланы тапсырып, беттеп қойдық. Жарыққа шығуына санаулы уақыт қалғанда әжемнің қалтафонына қоңырау түсті. Бір нәрсенің дұрыс болмағанын іштей сездім.
– Неге? Жас баланың ізденген қанша еңбегі еш кетті ме сонда? – деген дауысы еміс-еміс естілуде. Бо鬬¬ыма біреу суық суды құйғандай бір орында қалшидым да қалдым. Расымен, қаншама еңбек, қаншама тер.
– Айнұр-ай, бері келші, – деген бәсең дауыспен әжем бөлмесіне шақырды. – Жазған мақалаңды қоя тұр. Жарыққа шығуына қарсы болып жатқандар бар екен, – деді ол жұбата. Амалдың жоқтығынан дайын тұрған мақаланы қайта қайтарып, мұрағатқа сақтап қойдым. Одан басқа қолымнан түк те келмейтін еді.
Көңілдің түсіп, жігердің жонығаны осы шығар, сірә?! Оны шығармашыл адамнан басқасы түсіне қоймас. Мәлімет, дерек, суреттен соң сөз табу, ойды қорыта өзгеге жеткізу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жасы егде тартса да қасымнан бір елі алыстамай, қай жағынан болмасын қолдау көрсетіп, демеу берген аға-апалардың дархан пейілінен айналдым...
...Арада біраз күн өтті. Кезекті қоңырау шыр етті. Бұл жолы жақсы жаңалық естіп, қуанып қалғаным рас. Себебі мақаланың газет бетіне шығуына рұқсат берілді. Солай дайын тұрған «Осы жұрт Смат бақсыны біле ме екен?» тақырыбындағы журналистік зерттеу газеттің 62 нөмірінде жарыққа шығып, қалың оқырманға жол тартты. Енді ғана бойдағы ауыр жүк түсіп, біразға жеңілдегендей болдым. Журналистік тіршіліктегі алғаш зерттеуім оңай туындай салмады. Бірақ 5-6 ай аралықтағы күндерде өмірге керек азық алдым, рухани жаңғырдым, рухани жаңардым. Тілшінің міндетіне айналған насихаттау жұмысы осылайша өз мәресіне жетті. Бірақ бұл бастамасы ғана.
Түйін
Жаңа газет саны оқырманға жол тартты. Интернеттегі электронды нұсқасы да талайының қаралымына ие болды. Ойыма соңғы рет зерттеудегі күндерді еске алдым да, шүкір етіп ұйқыға кеттім...
...Жоқ. Мүмкін емес! Мен тағы да бейіт басындамын ба? Жалғызбын. Бұл жолы қараңғы. Тоңып барам. Мен іздеген бейіт қайда? Сол төмпешіктер, сол шеңгелдер. Не болып кетті? Санам сайрап жатыр. Терең тыныстау қиын. Бір кезде ыстық желдің лебі есті. Анадай жерден әлдененің сұлбасы көрінеді. Бейіт басына келген біреу болса керек. Жақындай түстім. О, Тоба! Смат бақсы, суреттегі ата. Түрі сұсты. Аппақ. Бірақ күлімдейтін секілді. Жанарынан қуаныш байқалады. Мен де жеңілдей түскендеймін. Үндемеді. «Аман бол!» дегендей соңғы рет қарады да айналаны жарыққа бөлеп ғайып болды. Ерекше сезімге бөлене ұйқыдан әрең тұрдым. Үстібасым малмандай су. Сағат таңғы 5.00-ді көрсетіп тұр. Бейіт басындағы жанталастың соңы осылай аяқталғанына қуанышты ем. Іштей дұғамды айтып, еркіндікпен ұйқыға қайта кеттім.
Айнұр ӘЛИ
25 тамыз 2020 ж. 1 417 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031