Жазушының жастарға айтары мол
Әдебиет – халықтың рухани байлығы болса, кітап сол байлықты сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші бірден-бір асыл қазына. Ал осы кітапты оқып, оның авторымен сырттай таныс болу өзінше бір құбылыс болса, сөз өнерінің иесімен бетпе-бет жүздесіп, пікірлесу, сұқбаттасу өзінше бір ғанибет. Жақында білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес аудандағы мектеп кітапханашыларының ұйымдастыруымен Ү.Томанов атындағы №183 мектепте «Аңсатовтың азаматтық ұстанымы» тақырыбында «Айтарым бар» кітабын талқылау, ой қорыту, пікірлесу, автормен кездесуге арналған кітап оқушылар конференциясы өтті. Оған автор Сәпен Аңсатов қатысып, өз пікірін, еліне деген сүйіспеншіліктен туындаған құнды шығармаларының жазылу тарихынан сыр шертті.
Өскелең ұрпақтың әдеби кітапқа деген құштарлығын арттыру, ой-өрісін кеңейту, оқыған кітаптарын талдата отырып, рухани тәлім-тәрбие беру мақсатында өткізілген іс-шараға білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев, қалалық кітапхананың меңгерушісі Айгүл Қанайқызы, аудан мектептерінің кітапханашылары мен кітапсүйер оқырман оқушылар қатысты. Конференция карантиндік талаптарды қатаң сақтай отыра ұйымдастырылған-ды.
Әдеби танымдық кештің шымылдығы Ә.Қонысбековтың «Көксерек» күйімен ашылды. Онан соң, білім бөлімінің басшысы Д.Нәзікбаев Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, «Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының» төрағасы Сәпен Аңсатовты оқушылар мен мектеп кітапханашыларына таныстырып, кітап оқудың маңызына тоқталды.
– Адамды адам ететін оның ішкі әлемі. Ол рухани мұраға бай болса нағыз жетілген тұлға, ал білгені аз адам рухани жұтаң болады. Бізге керегі өмір жарысында сан мемлекет арасында қазақтың мәртебесін көтеріп, мерейін өсірер ұрпақ тәрбиелеу. Рухани құндылықтың негізі бастауы, бал бұлағы кітапта жатыр. Кітап дегеніміз – бұл өмір. Жазушының жүрегін жарып шыққан шығарманы оқушы түйсініп, көңілге тоқып, одан өмірлік сабақ алып, жаман мен жақсыны айырмайынша одан тұлға шықпайды. Кітап оқымайтын адам, бойы өсіп, ойы өспей қалған адам. Мысалы Жапонияда әрбір оқушы аптасына бір рет кітапханаға баруға міндетті. Бұл – тұлға жасаудың, болашақ жасаудың ең төте жолының бірі. Сәпен Аңсатов ¬– біздің жерлесіміз, оқырманға айтары бар, ойы озық жазушы. Өзім автордың кітаптарын, мақаларын үзбей оқимын. Ондағы құндылықты балалар да білсін деген ниетпен, барлық мектепке осы кітапты оқуға тапсырма бердім. Себебі мұнда адам болып қалыптасудың, рухани байлықтың мол ізденісі жатыр, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Мырзабекұлы.
Рухани кеш одан әрі С.Аңсатовтың өмірі мен шығармашылығын, мектеп кітапханашыларының мектепішілік өткізілген шаралардың презентациясын слаид арқылы таныстырумен жалғасты. Мұнан соң, оқушылар «Айтарым бар» кітабы бойынша өз түйгендерін ортаға салды. Кітапты оқу бір бөлек, ал оны түсініп, ой таразына салу өзге дүние. Оқушылар өзіне ұнаған бөлімге талдау жасап, көңілге тоқыған, өміріне азық еткен тұстарын әдемі жеткізе білді. Осы кездесуге орай дайындалған автордың сыныптасы мен замандасынан дайындалған бейнесұқбат ерекше әсер сыйлады. Мұнан кейін, қолына қалам алып, ой тербейтін шәкірттер авторға арналған арнау шығармалар оқыды. Танымдық кеш автор мен оқырман арасындағы мағыналы сұрақ-жауаппен өрбіді. Кеш қонағы Сәпен Аңсатов оқырманның ыстық ықыласы мен жүрекжарды лебізіне риза болып, кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Аудандық білім бөлімі сексеннің сеңгіріне шыққан жазушыға арнайылап ат артып келіп, оқырманмен ойлы отырыс өткізгені үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат табыстады. Оқушылар автормен естелік суретке түсіп, қолтаңба алды.
Оқушыны адамгершілікке, имандылыққа рухани жан дүниенің дамуына бағытталған тартымды конференция жоғары дәрежеде өтті. Кездесу барысында күмбірлеген күй де, тәлімі бөлек жыр да тыңдалды. Әр оқушының жадында жарқын естелік ретінде сақталар келелі кездесудің болғаны анық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)