Мектепте «Coworking» орталығы ашылды
Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында біршама игі іс атқарылуда. Соның ішінде жас буынның білімділік сауаттылығын арттыру – бірінші орында тұр. «Кітап – білім қазынасы» дейтін болсақ, қазір кітапқұмар жастар азайып кетті. Оған басты себеп – кітапханалардың заман ағымынан кенжелеп қалуы. Осы олқылықтың орнын толтырып, оқырманды кітапханаға қайта тарту мақсатында кітапханаларда «Coworking» орталық ашылған болатын. Ал жақында мұндай орталық Жосалы кентіндегі іргелі білім орнының бірі – Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейде ашылды.
«Coworking» – ағылшын тілінен аударғанда «бірлесе жұмыс істеу» деген мағынаны береді. Яғни, бұл адамдардың әңгіме-дүкен құратын, оқып-үйренетін, жеке және топтанып келіп жұмыс істейтін, кеңесетін орнына айналуда. Басты мақсат – кітапханаға оқырманды, әсіресе жастарды көбірек тарту.
Білім ордасындағы рухани орталықтың ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев, «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, мектеп директоры Гүлжахан Мұнарбаева қатысты. Кітап мекенін салтанатты түрде ашу рәсімі Дастан Мырзабекұлы мен Гүлжахан Жұмағалиқызына берілді.
– Бұл бастама «Nur Otan» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасы аясында қолға алынып отыр. Мұндай бастама – рухани азықтан алыстап бара жатқан өскелең ұрпақты кітап оқуға баулудың таптырмас жолы. Яғни, жастарға ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды таныту. Көркем әдебиетті оқыту арқылы құндылықтарымызды, тарихымызды дәріптеу. Еліміздің сауатты азаматтарының қатарын арттыру. Әсіресе, бұл мекен компьютерлік ойындарға тәуелді жастардың назарын кітапқа аударуға зор үлес қосады, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев.
Кітапханада балалар тек кітап оқумен ғана шектелмей сүйікті істерімен яғни тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындарын ойнап, ән тыңдап, әртүрлі шаралар өткізіп әлеуметтік желіден қажетті ақпараттарын ала алады. Орталықтың жұмысы туралы кітапхана меңгерушісі Мария Әділова түсіндіріп, қалай жұмыс жасайтынын таныстырып өтті.
Одан соң, іс-шараға келген қонақтар жылы лебіздерін айтып, орталық пен кітапхана туралы өзіндік ой-пікірлерін білдірді. Жаңаша безендіріліп, өзгеше жабдықталған орталықтың оқушылардың тұрақты ортасына айналарына сенім мол.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)