Ұлы Жеңіске ұрпақ тағзымы
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы – адамзат тарихындағы қайғылы және маңызды оқиғалардың бірі. Қазақстан үшін, бүкіл посткеңестік кеңістік сияқты, бұл соғыс оқулықтардағы параққа ғана емес, ұлттық жадының бір бөлігіне айналды.
Біздің ата-бабаларымыз майданда соғысып, тылда еңбек етіп, жеңіс үшін бар күшін салды. 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанды, олардың жартысына жуығы оралмады. Олардың көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы нағыз патриотизмнің үлгісі болды. Қазақстан жері эвакуацияланғандарды паналап, әртүрлі ұлттардың екінші үйіне айналды. От пен оқ ортасындағы майдан, өмір мен өлім арасындағы қақтығыс, баласын жоқтаған ана, әкесінен айырылған перзент – бұл күндердің ащы естелігі.
Осындай соғыстың 80 жылдығы бұл батырларды еске түсіруге ғана емес, оның сабақтарын түсінуге мүмкіндік береді. Әлем қайтадан жаһандық сын-қатерлерге тап болған кезде, біз бейбітшілік, бірлік және гуманизмнің қаншалықты маңызды екенін ерекше түсінеміз. Тарих көрсеткендей, мұндай трагедиялар қайталанбауы керек. Осы орайда біз сол оқиғаларды жаңа ұрпақтың есінде сақтауға, тарихи шындықты нығайтуға үлес қосуымыз шарт. Бұл мерейтой бейбіт аспанның бағасы мен болашаққа деген жауапкершілігімізді еске салады. Біз қаза тапқандарды еске аламыз, жыл сайын аз қалған ардагерлерге алғыс айтамыз және халықтың ерлігі ешқашан ұмытылмас үшін ұрпақ санасында жаңғыртамыз. Осы орайда аудан көлемінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаев ескерткішінің ашылуына орай ауқымды ісшаралар өткізілді.
БЕЙБІТ КҮННЕН – МАЙДАНҒА
Мерекелік іс-шара «Қаһарман ұрпаққа тағзым» атты прологпен басталды. 1941 жылдағы жаймашуақ кезеңді «Жыр күмбезі» ансамблі әдемі әуенмен әрледі. Ортада еш алаңсыз шыр көбелек айнала билеп жүрген жұптар тосыннан келген суық хабардан абдырап қалуы, елін қорғауға әзір тұрған ерлердің майданға аттануы, жарын аманаттаған ер, баласын қимаған ананың қойылымы көзге еріксіз жас ұялатты. Бұл сәтті біз көзбен көрмесек те, көрініс арқылы оны көңілге түйдік. Көз жасын бір сығымдап, балалық шағын ойға алған аға буынды да көп ішінен аңғардық.
Одан әрі даңқты батыр Бауыржан Момышұлының тұрағы бейнеленіп, онда солдаттарды жігерлендіріп жатқан батырдың бейнесі керемет сомдалды. Соғыс болған соң, жарақаттың да болатыны анық қой. Медициналық киім киген аяжандардың жаралы жауынгерлерді таңып жатқаны, окоптағы солдаттардың көрінісі, майдандағы майдангердің кешкі отырысы, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың тұрағындағы батыр арулар образы толық ашылды. Сондай-ақ 1941-1945 жылдар аралығында қолданылған құралдар көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Соғыс жылдарындағы көшпелі асхана, 28 гвардияшы-панфиловшыны сомдаған соғыс алаңындағы солдаттар, Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаевтың өз жауынгерлеріне жігер беріп, майданға аттануға дайындалып жатқан сәті жиналған жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады. Соғысқа аттанған солдаттардың жеңіспен оралып, «День Победы» әнінің шырқалуы көпшілік көңілін серпілтті. Сұрапыл соғыс жылдарына саяхаттың жеңіспен аяқталғаны көрерменге бейбіт күннің бағасын түсіндірді. Бүгінгі ашық аспан астында қамсыз тірлік кешуіміз осындай орны толмас ерлікпен келгенін ұғындырды. Көрерменге ой салған қойылымдар дайындықтың тыңғылықты, жоспардың жүйелі болғанын аңғартады.
«ТАҒЗЫМ» АЛАҢЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМ
Театрландырылған қойылымнан ой түйген көпшілік «Тағзым» алаңына беттеді. Мәңгілік алау алдына гүл дестесі орналастырылып, қонақтар құрметпен гүл шоқтарын қойды. Жиналған қауым ел үшін ерлік көрсетіп, туған жердің топырағы бұйырмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жеңіс күні – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам. Шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті Қазақ жерін қорғайтын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні және Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың ескерткішінің ашылу салтанатының алғы сөзі облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Ырзақұлұлына берілді.
– Баршаңызды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Бұл күн – ұрпақ есінде қалатын ерекше күн. Ұлы Отан соғысына 1 млн-нан аса жерлесіміз аттанып, оның жартысына жуығы қан майданнан оралмаған. Сын сағатта өздерінің батырлығымен отансүйгіштігін дәлелдеді. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, 131 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алса, оның 22-сі Қызылорда өңірінен. Осындай ерен ерлігінің арқасында Кеңес Одағының Батыры атанған жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаевтың ескерткішін мерейлі мереке қарсаңында ашқалы отырмыз. Батыр бабасы секілді Отанын сүйетін, елі үшін ерлік жасауға әзір ұлтжанды жастарымыздың қатары арта берсін! Тәуелсіздігіміз мәңгі, еліміз аман болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай.
Содан кейін Тәйімбет Көмекбаевтың ұрпағы Ардашер Шәйімбетов батыр әкеге құрмет көрсетуге жиылған көпшілікке алғысын жеткізді. Мерекелік салтанатта өткеніміздің шежіресі, Сыр елінің Жеңіс сарбазы, Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың ескерткішінің лентасы қиылды. Мәдени ісшара әрі қарай өнерпаздардың концертіне ұласты.
КЕЛЕЛІ КОНФЕРЕНЦИЯ
Мерекелік жиын одан әрі Ш.Төлепова атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Ұлы Жеңіс. Ерлікке тағзым. Ұрпаққа үлгі» атты танымдық конференциямен жалғасты. Оған облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Ырзақұлұлы, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы, жиынға арнайы шақырылған құрметті қонақтар мен зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары қатысты. Тағылымды іс-шараның тізгінін аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов алды.
– Бұл күн – ерлік пен батырлықтың, бірлік пен қайсарлықтың белгісі. Біз бүгін тарихқа үңіліп, өткеннің өнегесі мен бүгінгі ұрпақтың парызын талқылау үшін жиналып отырмыз. Ұлы Отан соғысының қаһармандары – біздің ұлы мақтанышымыз, олардың жанқиярлықпен қорғаған бейбіт өмірі біз үшін қасиетті мұра. Біз олардың ерліктерін еске алып, өскелең ұрпаққа өнеге ету – борышымыз деп білеміз. Конференция барысында айтылатын ойлар, жасалатын қорытындылар бізді жаңа белестерге жетелеп, болашаққа бағыт берері сөзсіз, – деді Әділ Үсенұлы.
Конференцияның алғашқы сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Ырзақұлұлына берілді. Ұлы Жеңістің бізге оңайлықпен келмегенін, ерлік көрсеткен әрбір ерге құрметтің аласармайтынын тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары, мерейлі мерекеге орай ізгі тілегін де жеткізді.
Одан соң, конференцияның күн тәртібіне сай, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас «Ұлы Отан соғысы: Тарихи тағылым және ұрпақ жадындағы мәңгілік ерлік» тақырыбында мазмұнды баяндама ұсынса, қоғам қайраткері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Сәпен Аңсат «Тыл еңбеккерлері – Жеңіс үшін жұмылған жандар. Механикалық зауыттың майданға қосқан үлесі» тақырыбында баяндады. Танымдық конференциядағы кезекті баяндама «Батырлықтың биік шыңы – Тәйімбет Көмекбаевтың ерлік жолы» тақырыбында өрбіді.
Батырдың майдандағы қаһармандығы мен елге оралғаннан кейінгі өнегелі өмірі – ұрпақ үшін тағылымды сабақ. Осы орайда берері мол баяндама жасаған белгілі жырау, ҚР Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов сөзін былайша түйіндеді.
– «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы» дегендей, Тәйімбет сынды асыл әкелеріміздің өнегесі – қазіргі ұрпақтың бойына жігер, жүрегіне сенім, санасына ұлт алдындағы жауапкершілікті сіңіреді. Бүгінгі ұрпаққа керегі – дәл осындай ар-намысқа суарылған, ел үшін туған ерлердің ғибраты. Себебі, тарихын ұмытқан ел – тамырынан айырылған бәйтерекпен тең. Ал тамырлы ел ғана – мәңгілік. Осы орайда Тәйімбет Көмекбаевтың өмір жолын ғылыми тұрғыда тереңірек зерттеп, жас ұрпаққа насихаттау – өткенге тағзым, келешекке ұлағат болар еді. Бұл – тек зерттеушілік парыз емес, азаматтық борыш. Себебі, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген дана халқымыз үшін өткенді қадірлеу – келешекті кемел етудің кепілі. Сөз соңында айтарымыз «Батырдың аты өлмейді, ерлік ұмытылмайды». Сол себепті Тәйімбет Көмекбаевтың ерлік жолы – мәңгілік ел мұратына апарар сара жолдың бір парасы, – деді ол.
Қазақтың жыршылық дәстүрі ғасырлар бойы ел мен жердің тарихын, батырлар мен абзал азаматтардың ерлігін ұрпаққа аманат етіп келген. Осы бағытта филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ерхан Кәрібозов «Мәңгілік ерлік, мәңгілік жыр! Ұлы Жеңісті жырлаған ақындар мұрасы» тақырыбында баяндама жасады. Одан кейін ерліктің өнегелі жолын насихаттау, ұлттың қайсар болмысы мен батырлық дәстүрін айқындауды мақсат еткен «Жауынгерлік рух – мәңгілік мұра» атты баяндаманы Қызылорда қоғамдық телерадио компаниясының төрағасы, ақын Шаһизада Әбдікәрімов ұсынды.
Бұл конференция ел тарихындағы маңызды кезеңдерді талқылап, батырларымыздың ерлік жолын, тыл еңбеккерлерінің қажырлы қызметін, жыр-дастандар арқылы дәріптелген Жеңіс рухын жан-жақты саралады. Жиын барысында ортаға салынған ойлар мен ұсыныстар іс жүзінде жүзеге асып, тарихи мұраны сақтау мен дәріптеу жолында жаңа бастамаларға серпін беретіні сөзсіз.
Осылайша тарихта өшпес із қалдырған, ұрпақтар жүрегінде бабалар ерлігіне деген тағзым мен мақтаныш сезімін ұялатқан Ұлы жеңіс, мәңгілік ұмытылмайтын қастерлі күн ауданда айшықты түрде аталып өтті. Жаудан жығылмаған, қиындықтан мойымаған ержүрек майдангер бабаларымыздың біздерге алып берген сыйы Жеңіс мерекесімен қатар тойланатын Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні – жеңімпаз әкелер мен бүгінгі сардар сарбаздардың арасындағы әскери дәстүрлердің сабақтастығы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ