» » ЕРЛІГІ МӘҢГІ ЕСІМІЗДЕ

ЕРЛІГІ МӘҢГІ ЕСІМІЗДЕ

Шежірелі тарих – халықтың жады. Әр парағы шерге толы, әр беті – бабалар ерлігімен бедерленген. Биыл адамзат баласы үшін ең үлкен зұлматтардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Бұл күн – мәңгі ел есінде, жүректе қалған күн. Жеңіс күні – бейбіт өмірдің бастау алған сәті.
Иә, Қазақстан аумағында соғыстың ұрыс қимылдары болмағанымен, бұл сұрапыл кезең миллиондаған қазақ отбасына қара жамылтып, сансыз жүрекке жара салды. Аса бір терең тыныспен өткенге үңілейікші. Сол жылдары қазақ даласы тек еңбекпен емес, қанмен де сыналған кезең еді. Майдан шебіне 1,2 миллионнан астам қазақстандық аттанып, олардың жартысы оралмады. Бұл – бір халық үшін ғана емес, тұтас ұлт үшін орны толмас қасірет. Осы сын сағатта Қазақстан тек сарбаздарымен ғана емес, тылдағы жанқияр еңбегімен де көзге түсті. Алматы мен Қарағандыда қару-жарақ пен оқ-дәрі, Шымкент пен Семейде дәрі-дәрмек, ал Сыр бойында азық-түлік пен киім-кешек майданға үздіксіз жөнелтіліп тұрды. Аты аңызға айналған Панфилов дивизиясы да қазақ топырағында жасақталып, Мәскеуді қорғауда ерлікпен шайқасты. Сол майдан даласында ерлік көрсеткен Сыр елінің ұландары да аз болмады. Майданға 150 мыңнан астам қызылордалық жауынгер аттанып, олардың 30 мыңнан астамы туған жеріне оралған жоқ. Бірақ олардың есімі мен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі жаңғырып тұрады. Осындай есімі ел есінде мәңгі сақталған ерлердің бірі – Тәйімбет Көмекбаев. Ол – батырлық пен адалдықтың, отансүйгіштік пен қайсарлықтың шынайы бейнесі. 1942 жылы майданға аттанып, I Украина майданының құрамында ұрысқа қатысқан. Оның әрбір қадамы – ерлікке толы, әрбір әрекеті – ел үшін жасалған жанкештілік еді. 1943 жылдың басында жолдастарымен бірге жаудың штабына тұтқиылдан шабуыл жасап, 12 жауынгер мен 2 офицерді тұтқындауы – нағыз батырдың ісі. Познань түбіндегі барлау операциясында ұрыссыз 17 жау солдаты мен 2 офицерді қолға түсіруі – оның әскери шеберлігі мен ақылдылығының дәлелі. Ал 1945 жылдың 6 қаңтарында Одер өзенінен алғашқылардың бірі болып өтіп, бес дүркін шабуылға тойтарыс беруі – ержүрек сарбаздың өшпес ерлігі.
Бриг қаласын азат ету кезінде жаудың пулеметін жойып, 60 жауынгерін жер жастандырып, 12 гитлершіні тұтқындағаны үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл марапат – жай ғана ордень емес, бұл – бүкіл бір ұлттың сенімі мен алғысының көрінісі. Соғыстан кейін Тәйімбет Көмекбаев туған топырағына оралып, ауыл шаруашылығында еңбек етті. Қарапайым еңбек адамы ретінде еліне адал қызмет жасады. Ол «Ленин» ордені мен бірнеше медальдермен марапатталып, бейбіт күннің де батыры атанды. Бүгінде оның есімі – ерлік пен рухтың символы. Музей қызметкері ретінде біз осындай тұлғаларды жастарға, жалпы отандастарға танытып, олардың рухани дамуына бағыт беруіміз керек. Әрбір қазақстандық азамат осындай батыр бабаларымыздың өмір жолын білсе – ұлттың болашағы бекем болары сөзсіз.
Соғыс майданында ерлермен иық тірестіре күрескен қыздарымыз да ұмыт қалмауы тиіс. 9,5 мың қазақ қызы майданға аттанып, олардың ішінде Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сынды ержүрек арулар Кеңес Одағының Батыры атанды. Олар – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышы. Алайда, мақтаныш болған батыр да батыл соғыс ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Биылғы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қызылорда облысында көзі тірі екі-ақ ардагер қалды. Бұл – жүрекке ауыр тиетін ақиқат. Алайда олардың ерлігі – мәңгілік естелігіміз.
Жеңіс – жай ғана мейрам емес, бұл – ұлттың рухани ұстыны. Әрқашан 9 мамыр ұлы күнге, ұлы ерлікке тағзым күні болып қала бермек. 1965 жылдан бастап бұл күн ресми түрде демалыс болып белгіленді. Ол – ерлікті ұлықтайтын, тарихты еске алатын, болашаққа бағдар беретін күн.
Ұлы Жеңіс – сабырдың, сенімнің, сарқылмас күштің символы. Бүгінгі еркіндіктің әр тынысы, әр сәті – солардың төккен тері мен қанының өтеуі. Біз, ұрпақ, сол аманатқа адал болуымыз керек. Ұмытпайық. Ұлықтайық. Ұрпаққа үлгі етейік!
Айгерім АБЛАЙҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері
19 сәуір 2025 ж. 305 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

№31 (10399)

29 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 700
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031