» » Ел тарихындағы елеулі күндер

Ел тарихындағы елеулі күндер

qarmaqshy-tany.kz Ұлтымыздың ұлы жолы, талайлы тағдыры, бай тарихы, бабалар өмірі, елдігіміз үшін жанын пида еткен ірі тұлғаларымыздың өнегелі ғұмыры бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің баға жетпес құндылығы. Өткенімізді айшықтап, құрметімізді арттыратын күндерді біз мереке ретінде атап өтеміз. Жалпы мамыр айы – берекелі де мерекелі ай ғой. Алғашқы күні ел бірлігін тойласақ, 7 мамырда Отан қорғаушыларды құттықтаймыз, 9 мамырда Жеңіс жолында күрескендерді еске алып, үлгі етеміз. Егемен еліміз үшін бұл мерекелердің орны ерек. Батырлықты, ерлікті, бірлікті, елін сүюді дәріптейтін қос мереке жайлы жеке-жеке тарқатсақ.

Отан қорғаушылардың орны бөлек
Ғасырлар бойы қазақ даласының жауынгерлері ерлігімен, табандылығымен және батылдығымен ерекшеленді. Бұл – Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің белгісі. Қазақстандық күнтізбеде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Яғни ел аумағы мен оның тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери күштердің – Отан қорғаушылардың кәсіби мерекесі.

Бұл күн – елдің қауіпсіздігі мен оны қорғауды, сондай-ақ тәуелсіздікке қауіп төнген сәтте кез келген сыртқы агрессиядан қорғап, бейбіт өмірді қамтамасыз ете алатын барлық әскери қызметшілер мен тыл қыз¬меткерлеріне арналған. Осыған орай, ел тұрғындары барлық ер-азаматтарды осы атаулы күнмен құттықтайды. Отан қорғаушылар күні – «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» Заңында көрсетілген тоғыз ресми мерекенің қатарына кіретін мемлекеттік мереке. Сонымен бірге атаулы күннің қоғамдық-саяси мәні бар. Бұл күн не себепті 7 мамырда атап өтіледі? Себебі, 1992 жылы Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

Бүгінде бұл мереке мемлекеттік деңгейде, түрлі ұжым мен әрбір отбасында атап өтіледі. Қазақстан әскерінің жоғары мәртебесі арқасында ел әскерінің күш-қуаты берік әрі мемлекет қарулы күштерді нығайту және дамытуға баса мән береді. Қазіргі таңда елде әскери реформа тұжырымдамасы ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік әскери құрылыс бағдарламасы да бар. Отан қорғаушылар күніне орай республика көлемінде түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді. Аталатын жиындардың барлығы әскери патриотизмді нығайтып, әскери маман¬дықтардың ел алдындағы беделін арттыруға бағытталған.

Отан қорғаушылар күнінің ел тұрғындарының патриоттық сезімін арттырып, әскери қызметтің ролін күшейтуде маңызы зор. Батыр тұлға Бауыржан Момышұлының «Еліңді сүймей, ерлік жасай алмайсың» дегеніндей, Отан қорғау жолында өз еліңді, отбасыңды сүю маңызды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та әрдайым ел тарихындағы батыр бабалардың ерлігін үлгі етеді. Ол «Қазақта «Ел – ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Біз – тұтас тарихы, қаһармандық дәстүрі қалыптасқан жұртпыз. Батыр бабаларымыз осынау кең байтақ жер үшін шайқасып, ұрпағына мирас етіп қалдырды. Ал, кешегі аталарымыз бен әкелеріміз сұрапыл соғыста жеңіске жетті. Біз өткеннен тағылым аламыз. Отан үшін, ел мен жер үшін жанын пида еткен боздақтардың рухына тағзым етеміз. Туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әрбір азаматтың қастерлі парызы. Еліміздің тыныштығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік» деп бүгінгі жастарға үміт артады. Ендеше осы үміттің үдесінен шығып, республикамыздың әскері нығайып, Отан қорғаушыларымыз дәйім ортамызда жүретіндей бейбіт күндер жалғаса берсін дейміз.

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран жеңіс!
Осы бір ауыз сөзде қаншама терең мағына жатыр. Кез келген істің, қандай күрестің де басты мақсаты жеңіске жету болғанымен Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің орны бөлек. Сондықтан да Жеңіс күні – бәріміз үшін айрықша қымбат, қасиетті мереке. Бұл күн тек сол соғыста жеңіске жеткенімізді атап өтетін күн ғана емес, ол сол соғыста Жеңісті жақындату үшін жан аямай шайқасып, қан майданнан оралмай, еліміздің берік қорғанындай болып қалған арыстарымызды еске алатын күн.

Адамзат тарихында ұмытылмайтын ауыр да қасіретті Ұлы Отан соғысы ең сұрапыл, жойқын соғыс ретінде есімізде қалды. Әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр аталарымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес. Иә, 9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл – сан мыңдаған ұрпақ үшін, ұлты мен тілі бөлек, діні мен мәдениеті бөлек халықтар үшін ортақ мереке. Бұл мереке әлемді тыныштықта тербететін бейбітшілік пен қайырымдылықтың әрқашан жеңетінін дәлелдеді. Бұл мереке Отанын қорғаған қаһарман жауынгерлердің айбыны мен тылдағы жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалды. Тарихқа үңілсек, 50 миллионнан астам өмірді жалмаған ІІ дүниежүзілік соғыс әр қазақ отбасы үшін орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілі әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздағы қайтпай қалды. Бірінің әкесі, бірінің ағасы, бірінің баласы, енді бірінің бауыры қаза тапты. Қаншамасының қыршын жасы қиылды. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде елімізді көркейтер жас қыздар мен жігіттер кете барды.

Ұлы Отан соғысы жылдары жауға қарсы атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақ жерінде жасалды. Өз бала-шағасының аузынан жырып майданға аттандырған азық-түлік, жылы киім де вагон-вагон болып соғыс даласына аттанып жатты. Иә, Ұлы Жеңіске ғажап күшпен жеттік. Ол күш – әрине, «бірлік». Соғыстағы аталарымыз бен апаларымыздың өшпес ерліктері арқасында Отанымызды жаудан қорғап қалдық. Аталарымыздың ерліктері, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері – Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста жеңіске жеткізді. Жауды талқандаған аталарымыздың ерлігі, кеудесімен Отанын қорғаған батырлардың есімі тарихымызда алтын әріппен жазылып, ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Біз соғысты көрген жоқпыз. Десе де, фашистердің жантүршігерлік қатыгездігін кинодан көрдік, қан майданның отқа оранған күндерін әдеби шығармалардан оқыдық. Сұрапыл соғыстың ортасынан оралған арда¬гер¬лердің әңгімесін тыңдадық. Осы орайда мектеп кезіндегі мына бір оқиға ойға оралып отыр.

Жыл сайын Жеңіс күніне орай мектепте ардагерлермен кездесу өткізіледі. Оған оқушылар мен ұстаздар қатыстырылатын. Түрлі сұрақтар қойып, ардагерлерге концерттік бағдарлама ұсынылатын. Осындай бір жиында даусы әзер шығып отырған ардагердің сөзін тыңдағысы келмей шулап кеткен оқушыларға бір апайымыз «Сендер соғыс көрген ардагерді тірідей көріп, әңгімесін өз аузынан тыңдап отырсыңдар. Ал сендердің балаларың бұл кісілерді көрмейді. Оларға өткен күннің мұндай сәттерін сендер жеткізесіңдер. Сондықтан да бұл сәтті бағалап, мұқият болыңдар» деген еді. Ол уақытта балалықпен бұл сөздің мәнін түсінбесек те ұстазымыздың ойлы сөзі санада сақталыпты. Арада 15 жылдай уақыт өтті. Қарап отырсақ, апайымыздың айтқанындай-ақ бар. Біздің ауданымызда майданнан оралған жан қалмады. Тек олардың көзін көріп, әңгімесін тыңдаған аға ұрпақ өкілі мен біздер ғана қалдық.

Уақыт көші алдыға жылжыған сайын майдангерлердің қатары сиреп барады. Со¬лардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ерлігімен келген Жеңіс күніне биыл – 78 жыл толып отыр. «Ер есімі – ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Келешек ұрпақ Ұлы Жеңістің қалай келгенін, бейбіт өмірге қалай қол жеткізілгенін білуі керек. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт өмірімізге мәңгі шуағын шашпақ. Жеңіс туы мәңгілік желбірей берсін!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
07 мамыр 2023 ж. 334 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930