» » Отанды қорғау - ерге серт

Отанды қорғау - ерге серт

Алаңсыз балалық шақтың тәтті кезінде «Отан – сенің ата-анаң, Отан – досың, бауырың» деп басталатын жыр шумақтарын тақылдата айтқан боларсыз. Ендеше, сол өлеңнің «Отан» деп өс жас қауым, Оны ардақтап сүйе біл» деп аяқталатыны да есте. Бүлдіршіннің бал тілімен айтылған бұл өлеңнің мән-мағынасын сол кезде түсінбесек те, бүгінде мәніне жеткендейміз. Жадымызда сақталған осы бір өлең жолдары әрбір тұлғаның жүрек түкпірінде Отанға деген махаббат пен сүйіспеншіліктің берік орнауына сеп болды. Ал Отанды қорғау – оны сүйген әрбір ердің парызы.


«Елім деген ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын» демекші, елін сүйген ердің ісі қашанда ел есінде мәңгі сақталады. Бүгінгі бейбіт өміріміз – өз заманында Отан үшін от кешкен оғландардың, олардың туған жер үшін жанқиярлық ерлікке барғанының арқасы. Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, елі үшін жанын пида еткен қайсар халықтың бүгінгі ұрпағы – Отан алдындағы жауапкершілікті толықтай сезінуі тиіс. Бұл үшін қазіргі қоғамда барлық жағдай жасалған. Тіпті, ел қорғандарына арналған күнтізбеде ерекше белгіленген мереке де бар. Ол 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні.
Мерейлі мерекенің тарихына зер салсақ, 1992 жылы 7 мамырда еліміздің жоғарғы бас қолбасшысы Н.Назарбаев ұлттық қарулы күштерді құру туралы жарлыққа қол қойды. Соған сай ел аумағындағы барлық Қарулы күштер өздерінің мүліктерімен қоса республиканың қарауына өтті. Жоғарғы бас қолбасшы ретінде оны ел президенті басқарады. Қарулы күштердің құрылған күні болғандықтан «7 мамыр –Отан қорғаушылар күні» болып жарияланды. Ал 2012 жылы Елбасы бұйрығының негізінде бұл күн қызылмен белгіленіп, мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл мереке – батырлық пен қайсарлықтың, Отанға деген шексіз махаббаттың нышаны. Өз Отанын қорғау – әрдайым әрбір перзенттің парызы болып қала бермек. Бұл туралы пайғамбар хадисінде елдің тыныштығын сақтап, Отанның шекарасын қырағылықпен күзеткен жанның дүние-ақыретінің қайырлы болатыны айтылған.
Биыл ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына – 28 жыл. Осы жылдар ішінде елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби әскер құруға барынша күш салынды. Отан қорғаушылар өз кезегінде әскери борышын өтеуде. Шекарамызды нық қорғап тұрған ерлерді батыр демеске болмайды. Олар – тәуелсіз еліміздің тірегі.
7 мамыр – ел арасында жалпы ер азаматтардың мерекесі деп те айтылып жүр. Меніңше, бұл жансақ пікір. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек. Жылқыда да жылқы бар, қазан аты бір бөлек» деген халық мақалына сай, бұл күн – елдің тыныштығы үшін шекара күзетіп, бейбітшіліктің бұзылмауына, тәуелсіздіктің жалғасуына үлес қосқан ардагерлердің және олардың ізін жалғаған жаужүрек ұлдардың, әрқашан Отан үшін от кешуге дайын, қандай қиындық болса да қасқая қарсы алып, еңсеруге дайын азаматтардың мерекесі.
Елге қорған болу – өз отбасыңды қорғаудан басталады. Әрбір азамат дана, дара, батыр халықтың ұрпағы ретінде ата-анасын, жарын, перзентін, елін қорғауды басты мақсаты етуі тиіс. Айбынды Алаш ұлдарының қазақ қоғамында орны бөлек екені рас. Сол себепті атпал азаматтарға деген сенім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
05 мамыр 2020 ж. 2 476 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031