Ерліктің ісі мәңгілік
Қарты бар үйдің – қазынасы бар. Рас, қариясы бар үй – қазыналы, берекелі. Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу бұл біздің – кейінгі буынның міндеті. «Үй маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» – дейді дана халқымыз. Бойымызға даналық, мейірімділік қасиетін сіңірген үлкендеріміздің берген батасының өзі құнды қазына емес пе?!Иә, ардагерлеріміздің бір парасы соғысқа қатысып, біздің бейбіт қоғамда өмір сүруімізге мұрындық болды. Олардың ерен ерлігін ешқашан есімізден шығармақ емеспіз. Рас, бүгінде елімізде Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер азайып барады. Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен еңбек үлгісін көрсеткен құрметті ардагер, соғыстың куәгері, Отан үшін от кешкен жанның бірі жерлесіміз – Қуанышбай Бисембаев. Ол бүгінде ауданда соғыстың жалғыз тірі куәгері. Ол өзінің саналы өмірін ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесі мен туған жердің өсіп-өркендеуіне арнап, бүгінде сол еселі еңбегінің зейнетін көріп отырған ардақты ардагер.
–Біздің басымызға түскен күн ешқашан қайтып келмесін. Қазір қой үстіне бозторғай қонған күн. Осы күннің қадірін жас ұрпақтың білгені жөн. Аспанымыз ашық, жұлдызымыз жарық болсын. Алла бақытты да бейбіт күнді нәсіп ете берсін, – дейді соғыс және еңбек ардагері.
Соғыс қаншама жауынгердің жанын қиды, біршамасы өзге елде қалып қойды. Дегенмен қазір олардың жанкешті ерлігі ақталды. Біз бүгінде бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Қазақта «Төріңнен қарт кетпесін!» деген даналық сөз бар. Төріміз ылғи да қазыналы қарияларға толы болғай!
Ақнұр САҒЫНТАЙ