» » ЖЕҢІСТІҢ ТІРІ КУӘГЕРІ

ЖЕҢІСТІҢ ТІРІ КУӘГЕРІ

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы осыдан жетпіс төрт жыл бұрын Ұлы Отан соғысын Ұлы Жеңіспен аяқтады. Сұм соғыс миллиондаған бейбіт тұрғынның өмірін жалмап, талай жасты қыршыннан қиды. Соғыс көрсетпеген зауал, соғыс басқа салмаған ауыртпалық болмады. Бір өкініштісі – жыл сайын майдангерлердің қатары сиреп, азайып келе жатқаны. Солардың бірі де бірегейі – Жосалы кентінің тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Қуанышбай Бисенбаев.  
Соғыстың тірі куәгері 1925 жылы Жаңажол ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Бисенбай Кеңесбаев өте еңбекқор адам болса, анасы Алма Ізтайқызы жүзінен мейірімі төгілген жан болыпты. Қуанышбай әкеміз осы отбасындағы екі баланың үлкені. Бала кезінен бейнет көріп өскен бозбала  аштықты да, жоқшылықты да басынан өткізеді. Бірінен соң бірі тізбектеле  жалғасқан қиыншылық өрімдей жастың қайратын жанып, жігерін жоныды. Алайда ол жолында жан шошырлық сұрапыл соғыстың күтіп тұрғанынан бейхабар еді. Небәрі 18 жасында тұтқиылдан басталған соғысқа аттанып кете барды. 1943 жылы Жосалы стансасынан шыққан бір топ жігіт темір жолмен жүріп отырып, Қиыр Шығыс, Байкал маңына келіп аялдайды. Осында  келген соң Чита қаласының шекара күзетінде 3 жыл Отан алдындағы борышын өтейді.    
– Соғыстың адам баласына тартқызар зардабы аз емес. 3 жылғы шекара күзетінен кейін 1945 жылдың 15-мамырында жапон әскерін Забайкальеден қууға қатыстым.  Қытайға дейін бардық. Кескілескен ұрыста Қытай мемлекетi iшiнде орналасқан жапо­нның бірнеше бекінісін бұзып өттік. Осы жылдың 3-қыркүйегiнде соғыс аяқталды. Бұл күнi жапон­дықтар өздерiнiң жеңiлгенiн толық мойындап, қолдарындағы қару-жарағын ерiктi түрде өткiздi, – дейді майдангер.
Жауынгердің жорық жолы мұнымен тоқтамайды. Мұнан соң Маньчжурия, Цецекарь қалаларын жапон мелитаристерінен біржола тазартады. Одан әрі Порт-Артур­да 4 жыл қатарынан теңiзге түсе­тiн тiкұшағы бар құтқарушы кемесiнде әс­кери қызмет атқарады. Тек араға жеті жарым жыл дегенде, яғни 1950 жылы ғана туған жері – Қармақшыға қайта оралады.
Соғыстан кейінгі жылдарда да елге адал қызметімен еленеді. 1952 жылы  мектеп мұғалімі Балдама Ыбыраевамен шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. Дүниеге ұл-қыздарды әкеліп, берекелi отбасының берік іргетасын қалайды. Майдангер атамыз қазір олардан немере, шөбере сүйіп отырған жайы бар.
– Соғыстың аты – соғыс. Онда аяушылық болмайды. Сен жауыңды атып түсiрмесең, ол сенi атып түсiредi. Өмiр үшiн жан алып, жан бересiң. Хайдар қаласында құрамында 60-70 адамы бар бiр рота сыртымыздан оқпен атқылады. Қасымыздағы 2 жiгiт сол шайқаста өлім құшты. Әскери тәртiп қатал. Алланың бұйрығы болар, ұрыс даласында жарақат алмадым. Талай күндi аштықпен  өткiздiк. Соғыстан кейiн де өмiрiмiз керемет болды деп айта алмаймын. Соғыстың зардабынан ел қалжыраған, шаршаған еді. Сонда да өмір үшін күресіп, алға қадам бастық. Бейбiт аспанның қадiрiн ешқашан ұмытуға болмайды, – дейдi бүгінде тоқсанның төртеуіне келген Қуанышбай ақсақал.
Түйін:
Отан қорғауда батыр бабаларымыз ерлік пен елдіктің тізгінін қатар ұстады. Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосты. Тарихымызға қанмен жазыл­ған осынау Ұлы  Жеңіс күні мере­кесінде Қуанышбай Бисенбаев секілді батыр атамыздың жанымызда болғаны үлкен мәртебе.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
09 мамыр 2019 ж. 1 602 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031