» » АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАДЫ

АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАДЫ

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске орай еліміздің барлық ай­ма­ғында іс-шара ұйымдастырылуда. Кеше аудан әкімі Сұлтан Мақашов бірқатар соғыс ардагерінің үйін аралап, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының құттықтауын жеткізді.
Аудан басшысы бүгінде 94 жасты еңсерген соғыс және еңбек ардагері Қуанышбай Бисенбаевтың шаңырағына ат басын тіреді. Майдангер 1943 жылы өзі секілді жерлестерімен бірге соғыс даласына аттанады. Шаруа отбасында өмірге келген қарт майдангер бала кезінен бейнет көріп өседі. Әкесі Бисенбайдан еңбексүйгіштікті үйренсе, анасы Алмадан имандылықты бойына сіңіреді. Жастық шағы ел басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келеді. Одан соң соғыс. Небәрі 18 жасында алапат соғысты басынан өткізеді. Қиыр Шығыстан басталған дүлей жорық Байкал маңына дейін жалғасады. Одан соң Маньчжурия, Цецекарь қаласын жапон басқыншыларынан азат етуге қатысады. Әрі қарай қарт жауынгер Порт-Артурда құтқарушы кеменің күзетінде әскери қызмет атқарады. Ал соғыс  аяқталған соң Чита қаласында шекара күзетеді. Араға жеті жарым жыл салып  елге аман-есен оралады. Бір айта кетерлігі – майданда қарттың жарақат алмағаны. «Алла сақтады» дейді ол. Майдангер мереке қарсаңында отбасына арнайы келіп, сый-сияпат жасаған аудан әкімдігі мен ардагерлер кеңесіне алғысын білдірді. Құлағының сыр бергені болмаса, атамыздың денсаулығы әлі де жаман емес. Дастарқан басында «Біздің көрген соғысты сендерге Алла көрсетпесін» деп ағынан жарылды ақсақал.
Мұнан соң Сұлтан Ысқақұлы Въетнам соғысының ардагері Иса Бисеновтің отбасында болып, мерекелік құттықтауын жеткізді.
Рас, Иса Бисенов – Въетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақстандық. Ол өзі де бұл соғысқа баратынынан бейхабар болған. Қызылорда медицина училищесін бітірген ол әскерге шақырту алған. Ленинградта борышын өтеп жүреді.  Медициналық білімі бар Иса ағамыз керек маман. 1965 жылы рота командирі шақырып алып, Кеңес өкіметі Въетнам соғысына бір полк әскер жіберетінін және оның қатарында өзінің де бар екенін айтады. Үш ай апыл-ғұпыл дайындықтан өткен И.Бисенов Въетнам соғысына аттанады. Бұл жерге келген соң да алты ай әскери жаттығудан өтеді. Соғыстың түрі жаман. Айдың-күннің аманында бір елдің арасына түскен жегі құрт айналасын жалмап барады. Бір жағын Кеңес өкіметі қолдаса, бір жағын АҚШ қарық қылмақшы. Бірде қашып-пысып атысып жүргенде Исекеңнің қасына снаряд жарылады. Бірақ құдай сақтап, одан аман қалады. Снаряд жарқыншағынан алған жарақатынан госпиталда емделіп, сауығып шығады. Елге келген соң да атышулы соғыс жайында жақ ашпауы керек. Бірақ қанжар қылыштың қын түбінде жатпайтыны сықылды, батырлықтың да еленетін кезі болады екен. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Иса ақсақал зайыбымен бірге Ханойға барып, Мемлекет басшысымен жүздесіп қайтады.
– Уақыт көші алға жылжыған сайын қатары азайып бара жатқан ардагерлерімізді қалай құрметтесек те жарасымды. От пен оқтың астында арпалысып жүріп,  ұрпаққа бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған қарт майдангерлерімізді қалай қошеметтесек те артық емес. Осындай аға буын өкілінің арқасында соғыс сойқанының беті қайтып, Ұлы Жеңіске жетіп отырмыз. Сондықтан да біз сіздерге әркез қарыздармыз. Мерекемен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, ұрпақ бақытын тілеймін, – деді аудан әкімі.  
Бүгінде аймағымызда 25 Ұлы Отан соғысының ардагері болса, біздің ауданымызда 1 ғана тарихтың тірі куәгері қалыпты.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».   
09 мамыр 2019 ж. 1 169 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031