Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
qarmaqshy-tany.kz Адамзат тарихы сансыз соғыстарға толы. Бірақ, соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс ХХ ғасырдың ең үлкен қайғы-қасіреті болып тарихта қалды.
Қасиетті жерімізде бұл соғыстың қанды шайқастары өтпесе де, киелі даламыздың боз жусанын жау табаны таптамаса да біздің қазақ халқы еңбектеген жасынан еңкейген кәрісіне дейін соғыс әкелген қасіреттен үлкен зардап шекті. Сондықтан Жеңіс тойында біздің халқымыздың да үлкен үлесі бар.
Сұрапыл соғыстың барлық кезеңдеріндегі қанды шайқастарға біздің миллиондаған отандастарымыз араласып қас дұшпанды күйрете жеңуге майданда жауынгерлік үлесін, тылда еңбек үлестерін қосты.
Жеңіс күнін жақындатқан аға буын өкілдерінің ұмытылған балалық шағы, ақ жаулықты әжелеріміздің жауынгер жарын сарғая күткен жастығы, батыр бабаларымыздың ұрпаққа қалдырған отансүйгіштік асқақ рухы десек, қателесе қоймаспыз.
Ел басына бұлт үйірілген осынау бейдауа шақта, Отанымызды мекендеген барлық ұлт өкілдерінің татулық тұтастығының елдің еселі еңбек еткен бірлігінің арқасында жиналған өзі де жартылай қамбамыздағы астықтың жартысы, жамаулы киіміміздің жылысы күн сайын вагондарға тиеліп майдан даласына жөнелтіліп жатты.
Күн сайын өлім мен өмір, үрей мен үміт, қорқыныш пен қайсарлық алапат айқасқа түсіп, майдан мен тылдың арасында қаралы қағаздар мен от жалынға оранған үшбұрышты үшбу хаттар қарша борады.
1939 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін созылған, зардабын әлем халқының 80 пайызға жуығы тартқан Еуропа елдері арасындағы қақтығыстардың соңы Германияның Кеңес Одағына соғыс ашуымен жалғасты.
Нақтырақ айтқанда, 1941 жылдың 22 маусымында тура таңғы сағат 4:00-де Германияның неміс-фашист басқыншылары тұтқиылдан Кеңес Одағының шекарасын бұзып өтіп, КСРО-ға қарсы соғыс бастады.
Мыңдаған адам қолына қару алып, фашизмге қарсы тұрып, шекараны қорғау мақсатында қан майданға аттанды. Сол кездегі әр жауынгердің мақсаты біреу ғана болды. Ол – Отанын, елін, жерін қорғау. Бір мақсат, бір мүдде олардың ұлтына, дініне қарамастан топтастырып, жеңіске ұмтылдырды.
Одақтас республикалардың ішіндегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ майданда да, тылда да Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты.
1941-1945 жылдар аралығында Қармақшы аудандық әскери комиссариатынан 5017 адам әскерге аттанып, оның 1205-і соғыс даласында қаза болса, 2507 адам хабарсыз кетіп отбасына оралмады. 1305 адам жарақат алып, ауыр қиындықтарды басынан өткере отырып, түрлі жағдайларда елге оралды. Олар өздерінің денсаулық жағдайына қарамастан соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын дамыту ісіне аянбай кірісіп кетті.
Кез келген соғыс – орасан қасірет, қайғы мен азап. Уақыт өткен сайын тарих өз бағасын беріп жатыр. Ресей, Украина, Беларуссия сияқты өзге республика жерінде болған соғысқа неге қазақтар өз жерін қорғағандай атсалысып, жанын берді? Себебі олардың әрқайсысының түпсанасында қаншама ғасыр ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап келген елі мен жеріне енді соғыс келмесе екен деген мақсат болды.
Одан бері 77 жыл уақыт өтіп, бірнеше ұрпақ алмасты.
15 республикаға Отан болған Кеңес Одағының өзі де тарих еншісіне айналды. Қазақстан Республикасы өзінің егемендігін алып, халық бейбітшілік заманда өмір сүруде. Бірақ, батырлық пен ерлік, соғыс салған қайғы мен қасірет, қыршын кеткен боздақтардың есімі ел есінен бір сәт шыққан емес.
Осындай өр кеуде, қайтпас қайсар батырларымыздың ішінде ерекше көзге түскен жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаев та болды.
Тәйімбет Көмекбаев – 1896 жылы ауданға қарасты No10 ауылда дүниеге келген. Ол – Ұлы Отан соғысына қатысушы, барлаушы, бөлімше командирі, кіші сержант. Т.Көмекбаев 1942 жылы Қызыл Армияның қатарына алынып, 1 Украина майданында 21-армия, 128-атқыштар дивизиясы, 533-атқыштар полкі құрамында болды. Польша қаласының түбіндегі шайқаста Тәйімбет Көмекбаевтың барлаушылары ұрыссыз 17 жау әскері мен 2 офицерін тұтқындауда асқан ептілік танытып, өзінің батылдығы мен жаужүрек батырлығын көрсетті.
1945 жылы 6 ақпанда Тәйімбет Көмекбаев Одра өзенінен өтіп, плацдармды ұстап тұрған жауынгерлер қатарында жаудың 5 дүркін шабуылын тойтаруға қатысты. Бриг қаласына шабуыл барысында жаудың станокты пулеметін, 100-дей әскерін жойып, 12 гитлершіні тұтқынға алды. Жеңісті жақындатуға атсалысқан ерен ерлігі мен батырлығы еленіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 10 сәуірдегі Жарлығымен кіші сержант Тәйімбет Көмекбаев «Ленин» орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен, Кеңес Одағының Батыры жоғары атағымен марапатталды.
Сондай-ақ, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірқатар медальдармен, соның ішінде «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Бұл марапаттардың артында арпалысқан өмір мен өлім, елі үшін аққан қан мен тер тұр.
Тәйімбет Көмекбаев Мәскеудегі Қызыл Алаңда болған Жеңіс шеруінің құрметті қонағы ретінде шақырылып, Жеңіс парадына қатысты. Соғыстан кейін елге келіп, ауыл шаруашылығында еңбек етіп, артында із қалдырар салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, ел ағасы атанды.
Қазақтың алақандай, қарапайым ауылында туып-өсіп, Отаны үшін ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Тәйімбет Көмекбаев біздің мақтанышымыз!
Ол қазақтың жігіттерінің батырлығы мен өркеуде намысты екенін әлемге мойындатқан қазақтың бірі. Әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған кең байтақ жерімізді мұра етіп қалдырған белгілі батырларымыздың жалғасы.
Жері үшін, елі үшін қыршын кеткен осындай бабаларымызды еске ала отырып, қазіргі бейбіт өмірдің әр таңын қадірлеуге тиіспіз! Бұл біздің болашағымыздың бірлігі үшін керек. Еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру үшін керек.
Олардың ерлігі мен есімін мәңгі есте қалдыру үшін бұқаралық ақпарат көздері арқылы, оқу орындарында өткізілетін түрлі тәрбиелік шаралар арқылы насихаттай беру біздің міндетіміз.
«Батырлық білекте емес, жүректе» деп бекер айтылмаған. Майдан даласына оқ пен оттың астында шейіт кететінін біле тұрып, Отаны үшін сұрапыл соғысқа аттанған сол кездегі әрбір азаматты ержүрек, батыр деуге болады.
Бұл қазіргі бейбіт өмірде әскер қатарына барудан жал тарып жүрген азаматтар мен олардың ата-аналарына ой салуы тиіс.
Қазіргі таңда ауданда Батыр атында ауыл, мектеп, көше де бар. 1999 жылдың соңғы күнінде, яғни жаңа 2000 жылды қарсы алар мерекелі күнде батырға аудан әкімінің шешімімен «Ғасыр жауынгері» атағы берілді.
Десе де, Кеңес Одағының Батыры, Қармақшының мақтанышы Тәйімбет Көмекбаевтай ұлы тұлғаның ескерткіші туған жерінде жоқ. Ұлы тұлғаны ұлықтап ұрпаққа өнеге етіп отыруда кент орталығынан ерлік пен өрліктің символы болатындай бір ескерткіш орнату ел алдында тұрған елеулі міндет.
Қазіргі «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» аталған жаңа болашаққа қадам басқан тұста өткен тарихымыздағы аты аңызға айналған осындай ірі тұлғаларымызды, кешегі қаһарман майдангерлерімізді, олардың жарқын істерін қадірлеп, қастерлей білу, олардың ерлікке толы шежірелі істерін мақтан тұту – басты мұратымыз.
Ерлігі мен азаматтық келбетін кейінгі жастарға патриоттық тәрбие беруге, елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға, намысты, қайратты болуға үлгі ету үшін Тәйімбеттей батырымызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес! Болашақ ұрпағымыз Батыр ерлігін тыңдап, жігерленіп, рухтанып өссе елдігіміз еңселі, егемендігіміз мәңгілік болмақ!
Адамзат тарихындағы бұрын соңды болмаған 1418 күн мен түнге созылған теңдессіз соғыс от пен оққа кеуде тосқан миллиондаған ержүрек ерлеріміздің өмірін қиды, тәніміз бен жанымызға жара салды. Бірақ асқақ рухымызды түсіре алмады.
Олардың қаһармандық ерліктері ұрпақ жадында сақталады, жеңімпаз халықтың мызғымас берік рухының үлгісі болып қала береді. Себебі қай заманда да Отан қорғаудан қымбат, одан өткен қасиетті борыш пен перзенттік парыз болған емес.
Шакизада АШАБАЕВ,
Асқар МЕРЕКОВ,
Ерболат ҰЗАҚБАЕВ,
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматтары