Ұстаздар тың тәжірибе алмасты
Қазір «білсем, көрсем, үйренсем» деп жүрген жас көп. Білім ізденіп, жан-жақтылықтың жолына түспесе қатардан қалып кететіндей күй кешеді көбі. Сол үшін әрбір ата-ана баласын заманға сай тұлғалық қасиетін шыңдап, жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Мұндайда баланы кішкене күнінен түрлі қосымша үйірмеге қатыстырады. Оған қатысу арқылы бала белгілі бір білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің үйретері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да, мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі ерекше.
Баланың заман көшінен қалмай, жанжақты дамуына ықпал етіп жүрген Оқушылар үйінің маңызы зор. Мектепте меңгерген ақпаратты тереңдете түсіндіруде бұл мекеннің ықпалы мол екенін айта кету керек. Жақында Құралай Манасова басшылық ететін аудандық Оқушылар үйінде қосымша білім беру педагогтеріне арналған «Академиялық адал ұрпақ тәрбиелеудегі үйірмелердің маңызы» тақырыбында облыстық семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қосымша білім беру жүйесінде академиялық адалдықты насихаттау, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында педагогтерге адал азамат тәрбиелеу жолдарын ұсыну және тәжірибе алмасу болды.
Семинарға облыстық білім басқармасының «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы бөлімінің басшысы Жұлдыз Ғалымжанқызы, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Каналбекқызы және қосымша білім беру ұйымы директорының орынбасарлары мен қосымша білім беру педагогтері қатысты.
Шара шымылдығы домбырашылар ансамблінің күмбірлеген күйімен бастау алып, оқушылардың сәлемдесуімен жалғасты. Қатысушылар жақында ғана жаңа ғимаратқа көшкен әріптестеріне қызыға қарап, қосымша білім беру ұйымына таңданыстарын жасырмады.
Бүгінде Оқушылар үйінде 28 үйірме жұмыс істейді. Олар 14 оқу кабинетіне топтастырылған. Өзге ауданнан келген педагогтер бірінші кезекте үйірме жұмыстарымен танысып, ұлттық құндылықтарға негізделген қолөнер көрмесін тамашалап, үйірме жұмыстарының тәрбиелік мәнін, баланың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудағы рөлімен жан-жақты танысты.
Семинар аясында облыстық білім басқармасының «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы бөлімінің басшысы Жұлдыз Ғалымжанқызы сөз алып, жаңа форматтағы «Жас толқын» студиясының салтанатты түрде лентасын қиып, барша әріптестерге сәттілік тіледі. Мұнан соң студия алаңына қонақтар шақырылып, сүбелі сұхбат құрды. Семинардың негізгі бөлігінде түрлі үйірмелер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Озық ойлы шәкірт тәрбиелеуде жанжақты тәжірибе алмасқан мұғалімдерге жиын соңында «Педагогтерді қолдау – үйірме жұмысының жандану кепілі» тақырыбында семинар-тренинг өтіп, қатысушылар кәсіби қолдау мен шабыт алды. Қорытынды бөлімде кері байланыс ұйымдастырылып, үздік педагогтер марапатталды.
Семинарға қатысқан педагогтер қосымша білім беру арқылы жас ұрпақтың бойына адалдық, еңбекқорлық, өз ісіне жауапкершілік сынды құндылықтарды сіңіру жолындағы өз тәжірибелерін байыта түсті. Мұндай мазмұнды шаралар болашақ ұрпақты жанжақты, адал азамат етіп тәрбиелеуге үлкен серпін беретіні сөзсіз.
Иә, баланы үйірмеге берудің артықшылықтары көп. Әсіресе, қазіргі уақытта тапжылмай отырып, ұялы телефонға телмірген балаларға пайдасы зор. Сол себепті талай өренді жеңіс тұғырына көтеріп жүрген қосымша білім беру педагогтеріне арналған мұндай семинарлар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ