» » Үйірме – өнер бастауы

Үйірме – өнер бастауы

Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті кішкене күнінен түрлі қосымша үйірмеге қатыстырады. Оған қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі ерекше.

Біздің өлкеде жас ұрпақтың білімін жетілдіріп, өнердің түр-түрі мен спортқа баулитын үйірмелер жетерлік. Осындай мектептен тыс білім беру жүйесінің жұмысы да пандемия әсерінен қашықтан жүргізілсе, кейбірі мүлде тоқтатылды. Карантиндегі мектеп туралы газеттің өткен сандарында жазған болатынбыз. Осы жолы мектептен тыс үйірмелердегі жұмыс барысын баяндамақпыз.
Спорт мектебінен бөлек ауданда 4 мектептен тыс білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың өзіндік ерекшелігі мен берер тәлімі бөлек. Үйірме жұмыстарының жүргізілу барысын аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінен бастадық. Мекеме ішіне енгеннен түрлі аспаптың дыбысын құлақ шалып, жүйелі жұмыстың талапқа сай жүргізіліп жатқанына куә болдық. Негізінен бұл мектепте 7 аспап бойынша 407 оқушы дәріс алады. Әрбір сыныпта антисептик, үстел үстін тазалауға арналған хлор ерітіндісі, жүруге, отыруға арналған жолақтар белгіленген. Ұстаз бен шәкірт арасындағы арақашықтықтың сақталуына орай парта мен орындық қойылған.
– Біз үшін баланың денсаулығы басты орында. Мектепте 42 мұғалім, 16 техникалық қызметкер еңбек етеді. Төретам кенті, ІІІ Интернационал, Қармақшы, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарында біздің бөлімшелер жұмыс істейді. Қазіргі талапқа орай топтық сабақтар онлайн форматта өткізілсе, жекелеген сабақтар ата-ананың рұқсатымен штаттық режимде өткізілуде. Оған 388 бала қамтылған. Дәріске келу уақыты балалар топталып, жиналмайтындай етіп қарастырылған. Сондай-ақ 19 оқушы әлі де қашықтан білім алуда. Карантин уақытында жоспарланған шаралар өз уақытында онлайн түрде өткізілді. Ал түрлі онлайн байқауға оқушылар белсенді қатыстырылып, біршама жақсы жаңалықпен қуантып жатыр, – дейді мектеп директоры Дәулет Байғараев.
Сыныптарды аралап көргенімізде расымен талапқа сай бір сыныпта тек оқушы мен ұстазы ғана сабақ өтуде. Әрбір сыныпта осы көрініс. Музыка әлеміне деген құштарлыққа карантин кедергі келтірмесе керек. Өзінен үлкен баянды асынған жеткіншек те, домбырасын шерткен оқушы да жаңа білімді игеруге асық екені жарқыған жанарларынан-ақ байқалады. Осындай көңілді нотамен бір серпіліп алған біздер мәдениет үйіне қарай аяңдадық.
Аудандық мәдениет үйінде де біршама үйірме жұмыс істейді. Нақтырақ тоқталсақ, мәдениет үйі жанынан ашылған 13 үйірме қосымша білім береді. Мұндағы ерекшелік қатысушылар тек оқушы емес, ересектер де бар.
– Елдегі жағдай көпшіліктің жұмысын тоқтатты. Олай етпеске шара да жоқ еді. Мәдениет үйлері көрерменсіз, өнер иелері тыңдармансыз қалды. Алайда мәдениет саласының майталмандары бұған мойымады. Әлеуметтік желі арқылы індетке алаңдаған елдің көңілін көтеріп, онлайн концерттер ұйымдастыруда. Би, ән салу, қуыршақ театры үйірмелері онлайн форматта дәріс жүргізіп, жұмыстарын тоқтатпады. Қазір аталған үйірмелермен қоса, халық театры, «ВИА» ансамблі, «Бастау» би үйірмесі, үгіт-бригада үйірмесі штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Дәріс барысында барлық санитарлық талаптар толық сақталады. Жалпы үйірмелерге барлығы 177 мүше тартылған. Бүгінде «Әжелер», «Келіншектер» ансамблі, Жайдарман, Әзіл-сықақ, сурет салу, көркемсөз үйірмелерінің жұмысы уақытша тоқтап тұр. Індеттің ауылы алыстап, жаймашуақ күн келгенде бұл үйірмелердің де жұмысы жанданары сөзсіз, – дейді аудандық мәдениет үйінің әдіскері Ақерке Бекеева.
Расымен өнер тарландарының әлеуметтік желідегі парақшасы күн сайын жаңартылып, тыңдарманын әсем ән мен тәтті күйсіз қалдырмады. Түрлі бейнеролик пен байқау ұйымдастырып, онлайн форматта белсенді жұмыс атқарды. Әдемі өнер мен нағыз қазақылықтың ордасына айналған тағы бір білім ошағы – К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі. Мұнда да бірнеше үйірме жас өренді ұлттық өнерге баулуда.
Жүз шайыр мекен еткен елдің перзенттері жыраулық өнерге құштар. Мұнда жеті үйірме жұмыс істейді. Оның бесеуі жыр терме бағытында болса, біреуі қобыз. Ал енді бірі – жақында ашылған ақындар үйірмесі.
– Жыраулық өнерге қызығушылық танытатын шәкірттер жыл санап көбеюде. Бүгінде бізден дәріс алушылардың жалпы саны – 126. Карантин талаптарына орай оқушылар ата-аналарының рұқсаты арқылы штаттық режимде арнайы кестемен, түрлі уақытта келіп сабақ алуда. Ал қашықтан оқуды жөн көрген шәкірт үшін де әлеуметтік желі, арнайы платформалар арқылы сабақтар жүргізілуде. Бастысы – білім беру мен оны игеру қадағалануда. Онымен қоса, онлайн түрде өткізіліп жатқан жыр фестивалі мен түрлі байқауға шәкірттер үздіксіз қатыстырылып, жеңіс төрінен көрінуде, – дейді әдіскер Салтанат Жұматаева.
Жыраулық өнерді таңдап, оның тереңіне бойлауды қалаған шәкірттің термесін тыңдап, келесі нысанымызға қарай бет алдық. Бұл – аудандық оқушылар үйі. Оқушының сапалы білім алуымен қатар, қоғамдық маңызы, тәрбиелік мәні бар шығармашылық жұмысты ұйымдастырып, тұлғалық қасиетін қалыптастыратын бұл мекенге келушілер қатары көп екенін мекеме ішінен аңғардық. Талапқа бағынған ұстаз да, шәкірт те түгелдей бетперде тағынған. Оқушылардың жүрер жолы мен отырар орны да айқындалған. Ерекше жылулық сыйлаған мекемеде негізі 28 үйірме жұмыс істейді. Олар гуманитарлық, көркем шығармашылық, ғылыми-техникалық, спорттық, эко-биологиялық, музыкалық, тарихи өлкетану бағыттарын қамтиды. Әр бағыт бірнеше үйірмеден құралғандықтан оқушылар 98 топқа жинақталған. Оқушылар үйінің табалдырығын аттап, қосымша білім игеріп жүрген кенттегі оқушылардың саны – 1084.
– Қазіргі жас толқынның жаңаны үйренуге, өзін дамытуға деген құштарлығы басым. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Бүгінде санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, штаттық режимде оқытатын 15 үйірме 50 топқа жинақталған. 558 оқушы үйірмелерге келіп, білімін шыңдауда. Санитарлық ережеге сай, білім ошағына келген әрбір оқушы, ұстаздың болсын дене қызуы өлшеніп, дәптерге тіркеліп отырады. Себебі мұндай уақытта сақтық шарасын сақтау аса маңызды, – дейді оқушылар үйінің директоры Индира Әбдібекова.
Иә, мектептен тыс үйірмелердің жұмысын көзбен көріп, көңіліміз марқайды. Неге дерсіз? Тек мектептің білімімен шектелмей, қосымша өнер, білім іздеген 2000-ға жуық жас толқынның барын білдік. Қашықтан болса да қосымша өнерді меңгеруге ұмтылғандардың ықыласы қуантпай қоймады. Себебі бұл үйірмелер – білімқұмар шәкірттердің алдағы уақыттағы бағындырар белесіне апарар даңғыл жолдың бірі.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (суреттер)


17 қазан 2020 ж. 4 391 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031