СУРЕТ САЛДЫМ, МІНЕКЕЙ...
Кез келген өнер адам жанын жасартып, оған рухани байлық сыйлайды. Бір кереметі, шығармашылықта шексіздік болмайды. Қалай қиыстырамын, қиюын келтіремін десең де, мүмкіндігің мол.
Сейсенбіде білім бөлімі мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен оқушылар үйінде «Өрт – тілсіз жау» тақырыбында Жосалы кенті мектептері оқушылары арасында аудандық сурет байқауы өтті. Жарысқа қатысқан талапкерлердің сурет салуға деген қызығушылығы анық байқалады. Бірі – ақ парақты майлы бояумен өрнектесе, бірі – түрлі-түсті қарындашты оңтайлы пайдалануда.
Сайысқа қазылық еткен оқушылар үйінің педагог-психологы Мейраш Аяшова, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау капитаны Серіккүл Әбжаева мен үйірме жетекшісі Қайсар Каналбековтің айтуынша, суреттің бала фантазиясын ашу мен дамытуда септігі көп. Бояуларды да өз орнымен қолдана, тақырыпты аша білген.
Байқау нәтижесінде І орынға №30 орта мектептің оқушысы Мансұр Сержанұлы лайық деп танылса, ІІ орынды №105 мектеп-лицейдің оқушысы Ақсамал Сейілханқызы мен №27 орта мектептің оқушысы Жансая Ібірагім олжалады, ал ІІІ орын №183 орта мектептің оқушысы Назым Асылжан мен №250 мектеп-лицейдің оқушысы Нұрсәуле Нәбиеваға бұйырды. Сонымен қоса, №121 орта мектептен Ранат Хабибуллаев, №27 орта мектептен Жансая Жауынбекова, №26 орта мектептен Дильназ Тиышбекова, №105 мектеп-лицейден Нұргүл Сейітбекқызы, №250 мектеп-лицейден Назерке Әлиасқар алғыс хатпен мадақталды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».