Мұнай ұрлығы: 21 адамға қатысты сот үкімі шықты
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша 21 адамға қатысты сот үкімі шықты. Естеріңізге салайық, былтыр мамыр айында еліміздің үш өңірінде бірдей, бір мезетте арнайы операция жүріп, Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен Ішкі Істер Министрлігінің бірлескен іс-шарасы нәтижесінде мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз сатып алуға, тасымалдауға, сақтауға және сатуға қатысы бар бірнеше қылмыстық топтың жолы кесілген болатын. Серкелер тұтылып, шенділер шатылған қылмыстық іске бір жыл дегенде нүктесі қойылды.
Мөлдір Құлмырзаева: Шыны керек, ақ пен қараны ажыратып, сауап пен күнәнің парқын ұғындыратын ұлық айдың шарапатынан жаза басқандар құр қалмаса, тар қапаста қор болмаса деп тіледік.Өйткені, тепсе, темір үзетін азаматтардың қай-қайсысының да артында шиттей бала-шаға. Туған туысқандарына да оңай тимегені анық. Бірақ, заңның аты –ЗАҢ. Ал ұрлықпен келгеннен ешқашан қайыр болған емес. 21-дің ішіндегі бесеуі тағылған айыппен мүлдем келсіпегенін айта кеткен жөн.
Бұл сотталушылардың кейбірі процесс барысында өткен іске шын өкініп, мұнайды қалай ұрлағанын, шикізатты қайда және кімнің тапсырмасымен тасығанын, ол үшін кім, қанша пайда тапқанын айтып, ағынан жарылғанды. Ал бүгінгі сот залындағы абыржу алқымнан ала түскендей. Ине шаншар жер жоқ. Қапырық. Бір жылға шегініс жасасақ. 2017-нің мамырында Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен Ішкі Істер Министрлігінің бірлескен ауқымды операциясы кезінде «қалтасы қалың» серкелердің қолына кісен салынды. Арнайы жасақ ұшақпен іздеп жүріп, ен далада ұрлық мұнай тасымалдаған көлік жүргізушілерін де тұтқындады. Тергеу нұсқасы бойынша, Қызылорда облысында екі қылмыстық топ қара алтын айналасында заңсыз әрекет еткен. Қылмыстық топтың біріне «Жыланды қыр», «Қоныс» кен орындарынан, сондай-ақ, «Тұзкөл-Құмкөл», «Шымкент- Павлодар» мұнай құбырларынан шикізат ұрлады деген айып тағылса, келесі ұйымдасқан топ ұрланған мұнайды сатып алу, сақтау, сату сынды шаруаларды жүзеге асырып отырды деген дәлелдер ұсынылды. Ұрланған шикізат Қызылордадағы «КАИС СЕРВИС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жерасты цистерналарында сақталған. Ал оны өткізуде «Әлем қызмет групп» мекемесінің құжаттары пайдаланылған. Заңсыз тауар еліміздегі және Қырғызстандағы мұнай зауыттарына жіберілген. Айта кетейік, қос топтың бес мүшесі бұған дейін де заңсыз мұнай айналымына қатысы болғаны үшін сотты болған. Ал бүгін 149 томға жүк болған қылмыстық іске қатысты Үкімді төрелік етуші Асхат Сабыров жария етті. 17 адам ең кемі 3 жылдан 10 жылға дейін арқалап кете барды. Төртеуі шартты түрде сотталды. Сот залынан қолына кісен салынып, қамауға алынғандары болды.
Асхат Сабыров – облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
Тергеу нұсқасы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың біріне осы қос Ғалымжан, яғни Жүнісов пен Көшекбаев жетекшілік еткен. Топ құрамында 8 адам болған. Екеуі де заңсыз мұнай бизнесіне қатысы барын толықтай мойындады да. Олардың ендігі тағдыры темір тордың ар жағында тармақталады. Қос Ғалымжан 5 жылға сотталды. Қылмыстық топтың тағы бір жетекшісі деп айып тағылған Кенжетай Басықараевты мемлекеттік айыптаушылар оны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Танымал кәсіпкерге бақандай 10 жыл берілді. Ал облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бұрынғы басшысы Берік Өтенов лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады. Мұнай өнімдерін тасымалдаушыларға «оңды ықпал еткені үшін» 600 мың теңге көлемінде сыйақы алғанын мойындаған экс-басшы тоғыз жылға сотталды .
Асхат Сабыров – облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
Үкіммен келіспей, өзін ұстай алмай, сот залында айқайға басқан ана да болды. Айта кету керек, Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ. Үкіммен келіспегендер 15 күн ішінде сотқа аппеляциялық шағым түсіре алады. Ал сот процесі туралы толығырақ сенбі күні «Үштаған» ақпаратты сараптамалық бағдарламасында айтатын боламыз.
Мөлдір Құлмырзаева