БАБА ДӘСТҮРІ РУХТАНДЫРҒАН ҚАЙРАТКЕР ҚАЛАМГЕР
Қазақстаннның рухани мәдениеті жырлары тарихында журналистік және жазушылық шығармашылық тұтастығы дәстүрінің өзіндік қалыптасу, даму жолы бар. Қазақ тарихындағы ХХ ғасырдың басындағы «Қазақ» газетінің, «Айқап» журналының және олардан кейінгі басылымдардың бәрі де қаламгерлердің журналистік және ақындық-жазушылық шығармашылық тұтастықпен еңбек еткендігін дәлелдейді. Қазақ әдебиеті дамуының алтын ғасыры атанған ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының барлығы дерлік ағымдағы баспасөздегі журналистік қаламгерлік пен поэзия, проза, драматургия жанрлары бойынша көркем шығармалар жазатын шығармашылық өнер болмысымен рухани мәдениет тарихында өздерінің өрнектерін қалыптастырады.
Бұл орайда, Қазақстандағы баспасөз тарихында ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап шыға бастауынан қазіргі күнге дейін үзіліссіз жарық көріп келе жатқан «Қармақшы таңы» (бұрынғы атаулары «Қызыл ту», «Коммунизм шамшырағы») аудандық газетінің Бас редакторы (1990 жылдан қазірге дейін) Алтай Үсеновтің шығармашылық тұлғасын даралап айта аламыз. Жосалы кентіндегі No105 орта мектепте оқып жүрген жылдарында қабырға газетіндегі өлеңдері мен мақалаларымен қаламы төселе бастаған жас талапкердің сол мектеп қабырғалық басылымының шығарушысы болуы кейін туған ауданының газетіне Бас редактор болуына негіз болғаны анық. Орта мектепте жүргенде-ақ ойлы мақалаларымен, сыршыл өлеңдерімен танылып қалған Алтайдың журналистикадағы еңбек жолы да осы аудандық газетте басталып, кейін танымал қайраткер қаламгер болып қалыптасуына негіз болды.
«Қармақшы таңы» газеті – аудан халқының материалдық және рухани мәдениет салаларын қамтыған ағымдағы аса өзекті мәселелерді қарастыруымен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген беделді басылым. Аудандағы мал, егін өсіру шаруашылығы, құрылыс, сауда, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету салаларындағы жетістіктер мен кемшіліктерді саралаған, сараптаған материалдардың жариялануы ортақ мүдде аясындағы мәселелердің шынайы жетістіктерге ұласуына ықпал етті. Ал, рухани мәдениет саласындағы білім, тәрбие беру істері де газет назарынан тыс қалған емес. Сонымен бірге, аудандағы танымал ақындардың, жазушылардың және жас талапкерлердің туындыларын жариялау да оқырман жұртшылықтың ынта-ықыласын қолдау болып бағаланды. Газеттегі ағымдағы іс-шаралар туралы жарнамалардың да, хабарламалардың да және т.б – бәрінің де халық көңілін риза етіп келе жатқандығы ақиқат. Алтайдың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі салтанат құрып келе жатқан 26 жылдың белесінде 3 рет аудандық мәслихат депутаты болып сайланғаны да аудандық газет редакторының жалпы халықтық беделін, абыройлы биіктігін дәлелдейді.
Алтай – ақын оның азаматтық-отаншылдық рухты лирикалық өлеңдерінде фәнимен бақи дүние аралығындағы уақыт кеңістігіндегі қарама-қайшылықтардың, қақтығыстардың ортасындағы адамзат ұрпақтарына ортақ өмір шындығы философиялық-психологиялық сипатымен жырланған. «Айна алдында» атты өлеңіндегі лирикалық қаһарман-ақынның өзі тектес арманшыл адал көңілді, асқақ ойлы («Күнге қонып, қиялмен Айға барам, Жерді де айнала аламын»), бірақ жамандыққа жан ділімен күйзелетін сыншыл, шыншыл, ойлы азаматтардың көркем жинақталған тұлғасы:
«...Мен өзіме таңғалып қарап тұрам,
Салыңқы қыраң қабақ
Әжімді ізі – сияқты көр қазулы,
Алып ұшар қазынам – мұрамды абат,
Қаға алмай тұр көңілде бір ән қанат.
Бас изеймін өзімді көріп өзім,
Баяғы өр мінезім.
Жаралғандай малғұнның шикі етінен
Жарамсақты жек көрер ит етінен.
Шемен болып тұр қатып шерлі кезім
Ақ шаш болып неге сыр берді төзім?!
Бақ қолдаса қанша әлі асылды алам,
Мен неге осы ашуланам?!
Татымайтын қу сүйек сіңіріне
Сідік түстес сатқындар сүдініне.
Басын тыққан бастықтар жұлығына,
Қыр аспайтын қызтеке қылығына.
Тарамдалып тіл неге тілінеді,
Жұқарғаны жүйкемнің білінеді.
Өмір мені күніне жүз атады
Өршігіп тұр өңімде ыза табы.
Өлеңдегі лирикалық қаһарман – қазіргі заманғы жалпы әлемдік рухани экологиялық дағдарыстар, апаттар торлаған қасіретті тауқыметтерден жүйкесі жұқарған, күйзелген миллиондаған саналы ұрпақтың өкілі:
...Бақытынан жігіттей қайғысы кем,
Мен өзімді іздеймін айна ішінен.
...Жан қысылса адамға бағы – тіреу,
Ары – тіреу.
Қосады жары – тілеу.
Жұмбағымның мен ішкі құлпын ашпай,
Бірте-бірте сілейдім құлпытастай.
Қыркүйек ұрғандай жаны жүдеу,
Айна алдында тұрғандай тағы біреу. Бұл – сақ, ғұн, түркі, Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірлерінен бері желісі үзілмей келе жатқан халықтың рухани тазалықты сақтаушы ата-бабалық ұлттық рух сыры. Жақсылық пен жамандық жағаласқан тіршілік қозғалысындағы адамгершілік-имандылық ұстанымынан айнымайтын қайсар, өршіл рухты жаңа буын ұрпақтың өзіне-өзі үнемі сыншыл көзбен қарауында айна алдындағыдай етіп суреттеуде поэтикалық шарттылықтың мегзеулі мағынасын бейнелейді.
Ақынның «Сират көпірі» атты өлеңіндегі лирикалық қаһарман-фәни мен бақи дүниеге ортақ арлылық – имандылық өткелі – сират көпірі («Сират көпірі» – бақи дүниеде адамдарың жұмаққа не тозаққа баруын сараптайтын көпір) үстінен өткенде әділ бағасы берілетін Жаратушы Алла бағалауының шындығын романтикалық-реалистік тұтастықпен сомдаушы бейне. Қожа Ахмет Иассауидің хикметтеріндегі «Беиліш пен Дозақтың айтысына», Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясына», Шортанбайдың толғауларына, Ақыт Үлімжіұлының «Ақирет баянына», т.б бұрынғы-соңғы ақындардың туындыларына арқау болған бақи дүниедегі сараптау-бағалау өткелі – Сират көпірі туралы ақын Алтай да философиялық мағыналы өрілімдерімен сол сынақты оқырмандарына ұсынған:
«...Тірлікте бәлкім Сират көпірі,
Ұмытпайды уақыт қоқыс жәшігін.
Қаншама адам моласында өкіріп,
Қағады әлі кей адамдар есігін...
Сол бір көпір – мәңгі көпір білерім,
Тірліктегі істеріңе таразы.
«Құлатпақ боп жүр – деседі бір «Ерің»,
Құдайсынып сол көпірге наразы.
Ел аузына елек болып көріпті,
Сөзге – батыр, іске – пақыр бейшара.
Бақи деген көтермейді желікті,
Байқасаңшы ей, ей шора, ей шора».
Лирикалық қаһарманның-ақынның атынан берілетін бағалау – халықтық адалдық-имандылық рухының үні. Өлеңдегі «Сират көпірі» ұғымымен берілген ақырғы бағалауды ешқашан сезінбейтін рухани азып-тозу деңгейіндегі адамдардың («Кейбір ұлық сорлап жатыр көрде өзі», «Айналса адам темірге, не көмірге қап-қара түс... көреді тек сол көзі. Бізді қойшы. Көрмейді ол өз жолын. Тарих қандай баға бермек? – Білмейді. Тасбақадай сауыты бар сөзге оның, зеңбірекпен атып көрші – кірмейді», рухани болмысын сыншыл реалистікпен бейнелеген. Сират көпірі сараптауы – фәнидегі барлық іс-әрекеттің, мінез-құлық қасиетінің қорытынды бағасы. Өмір философиясының Жаратушы негіздеген ұлы заңдылығы аясында өмір сүретін адал, иманды адамдардың көркем шындықпен жинақталған тұлғасы – лирикалық қаһарманның ішкі жан діліндегі толғаныстардың шыншылдығы оқырманға да жауапкершілікті айқын сезіндіреді.
Алтай – адамзат өркениетінің бұрынғы-соңғы көрнекті тұлғаларын ұлықтап жырлаушы ақын.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» ұстанымын ұрпаққа насихат-аманат еткен хакім Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңнан түсті мұртың» деген зарлы мұңын «Абай және патша соты» өлеңінде қазіргі көкірегі ояу, көзі ашық ұрпақ атынан толғаған. Өлеңнің идеялық-композициялық құрылымындағы азаматтық ой түйіні – хакім Абай және сол тектес абзал адамдардың күншілдікпен-қараулықпен өмір сүретіндердің (Көжекбай, Тезекбай, Күйісбай, Үзікбай, Үркімбай, Мырқымбай, Дүтбай, Бұқым, т.б) арызқойлық-жалақорлық әрекеттерінен тәлкекке ұшыраған тағдырларын бүгінгі ұрпаққа ұғындыру:
Жай пенде емес – Абай. Ұлы. Дана.
Бар қазақтың санасы. Пірі дара.
Барлық ана–анасы.
Бірақ адам аласы іште емес пе?!
Аласының жарасы күшті емес пе?!
Жылқы мінез халқымыз малды танып,
Ал, адамды танымай...
Қаншама қан жыладық.
Текке күйіп,
Бауырды езіп, өкпе күйіп қалжырадық.
Көп тергелген Ұлы Ұстаз сотты болып,
Дұшпандары сыртынан оқты жонып.
Гүл төсемей жолына – шоқты көміп.
Орынборға, Семейге үсті-үстіне
Қарша борап арыздар жатты келіп.
«Ол – қарақшы. Парақор. Кісі өлтірген».
Әр әрпінен кетеді Текті тоңып».
Өлеңінің философиялық-педагогикалық түйіні – күншілдік, қызғаншақтық-қараулық қасиет иелерінің адамзат ұрпақтарының тағдырларында мыңжылдықтар бойы орын алып келген шындығын айыптау.
Алтай – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі дәуіріндегі жаңа әдебиет өкілі. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті шығармаларының басты ерекшелігі – әлем өркениеті әдеби үдерісіндегі постмодернизм шығармашылық тәсілі аясында ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі тіршілік қозғалысы әлеміндегі үндестіктерді, сабақтастықтарды және қайшылықтарды-қақтығыстарды кешенді, сан алуан сырлы, мол үнді сипатымен суреттеу.
Оның «Көксерек» атты поэмасы – аталған классикалық әдеби дәстүрдің қазіргі заманғы жаңғыртылған сарынымен жазылған эпикалық туынды. Поэманың тақырыбы – ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы қазақ ауылының тұрмысы, идеясы адамдарға да, аңдарға да ортақ перзентін аялаған аналық махаббат сезімі қуатын дәріптеу. Поэманың сюжеттік-композициялық желілері мынадай бөліктерден құралған: біріншісі – нарықтық-жекеменшіктік қоғамның тұрмыстық-әлеуметтік қыспағына ұшыраған қазақ ауылының барлық мал-мүлік жекешелендірілген талан-таражға, қорлықпен жоқшылыққа, сұрықсыз тұрмысқа тап болған ауыр жағдайы; екіншісі – «Күшігінен өсірген нәті қасқыр Көксерек» Бөрі-ананың үйден далаға кетіп қалғаны, ауылда тұрмысты билеген «жаңа қазақтардың» және далада қарғалардың қырғиларды жеңіп дәуірлегені; үшіншісі – малшы қазақтың аңға шығып, қасқыр апанындағы Бөрі-ана Көксеректің қос бөлтірігін «Келтекпенен басқа» ұрып өлтіріп, терісін үйіне әкелгені, ақпанда ажал оғы тиген арланынан, шибөрі жеп кеткен үш бөлтірігінен, енді қос бөлтірігінен айырылған Көксерек-аналық қасқырдың әділетсіз адамдарға, жалпы озбырлыққа күйініп, ауыл қорасындағы қой отарына шапқаны («Қыра берді, беталды, тек шетінен тамақтап»); төртіншісі – тойға барып келе жатқан ерлі-зайыптылардың мас болған, азып-тозған мінез-құлық психологиясының («Місе тұтпай арақты, қоса тартты нашасын», «Құлақтың жеп құрт етін, боқтап та әйел қоятын», «сап-сау жігіт зіңгіттей ішсе, шексе екі есті».) реалистікпен бейнеленуі; бесінші – аналық қасқыр Көксеректің малшы жігіт үйіндегі өлтірілген қос бөлтірігінің терісінің иісімен сезіп барып үйге кіріп, терілерді көріп емшектерінің иігені, құндақта жатқан талпынған сәбиді бөлтірік күшігіндей сезініп бауырына алып емізгені; алтыншысы – үй иелері жігіт пен әйелдің құндақтағы сәбиді қасқырдың емізіп тұрғанын көріп қорқуы, Бөрі ана-Көксеректің оларға тиіспей далаға атыла жөнелгені; жетіншісі – Көксеректің аналық сезімі мен ежелгі Алтайда Көктүрік ұрпағын емізіп, туып-өсірген Бөрі-ана рухы сабақтастығының жырлануы.
Поэма сюжетінің дамуындағы оқиғалардың (Қазақ ауылдарының нарықтық жеке меншіктік қоғам қыспағындағы ауыр хал-ахуалы, қоғамдық меншік атауының бәрінің жеке адамдар меншігіне айналуы, адал еңбеккер адамдар құқығының тапталуы, қулардың-алаяқтардың, ұрылардың билік-байлық иелеріне айналуы, «жаңа қазақтар» өкілдерінің қоғамды өз қалауларынша билеп-төстеуі, т.б) – бәрі де ақынның сыншыл-шыншыл реализм аясындағы баяндауларымен, сөгіс-налыс сарынымен жырланған.
Поэманың композициясында идеялық екі желі бар: біріншісі – қазіргі заманғы жекеменшік психологиясы дәуірлеп тұрған қоғамдық-әлеуметтік ортаның тек қана жеке бас мүддесіне құрылған қатал ұстанымын суреттеу; екіншісі – табиғат әлеммен адамдар психологиясының экологиялық дағдарысты-апатты кезеңіндегі Ана мен Бала арасындағы тіршілікті сақтау, ұрпақты жалғастыру мұратының үзілмеген-жоғалмаған сілемінің шындығын Көксерек-Бөрі ана мен оны емген құндақтағы сәби бейнелері арқылы дәлелдеу.
Ақын күшік-бөлтірік кезінен өскен үйін тастап еркіндік кеңістігіне-далаға кеткен Көксерек пен далада жұптасқан Арлан екеуі жүрген аңдар, құстар ортасындағы тартыстарын- қақтығыстарын да адамдардың әлеуметтік қатынастарымен егіздей үндестіре бейнелеген. Қырғиды ортаға алып, «Қағып, соғып, шұқылап» жеңіп шыққан қарғалардың қуанышын, оны көріп тұрған Көксерек пен Арланның күйінуін-қорлануын жаратылыс жүйесіндегі қақтығыстар шындығы аясында бейнелеген. Сол арқылы өмір философиясындағы адамдар мен табиғат ортасындағы басқа да тіршілік иелері тағдырлары арасындағы үндестіктер тағылымын оқырман назарына салған:
Поэманың идеялық көркемдік түйінді желісінде адамдар мен аңдар, құстар ортасына ортақ әділетсіздік, теңсіздік жайлаған тіршілік қайшылығының болмысы айқындалады. Қазақстанның Тәуелсіздігі – жалпыұлттық тарихымыздың ата-бабалардың, ұрпақтардың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалуының абыройлы жетістігі. Бұл – мәңгілік арманның орындалғаны, оны мәңгілік сақтау міндетінің де жауапкершілігі. Алайда Тәуелсіздіктің адамдар еркіндігіне шексіз мүмкіндік жасағанын қарға, түлкі мінездес пенделердің алаяқтықпен-айлакерлікпен пайдалануы да – қазіргі қоғамымыздың шынайы, ащы шындығы. Хакім Абай даналығы қорытуымен аударылған И.Крыловтың «Қарға мен түлкі», «Есек пен бұлбұл» мысалдарындағы кейіпкерлер психологиясымен тектес қарғалық, түлкілік, есектік дүниетанымындағы пенделердің қоғамдағы байлықты, билікті иеленіп, солардың зорлығының кесірінен қыран, тұлпар, бұлбұл, көкжал тектес тұлғалар тағдырларының тәлкекке ұшырағаны да дәуірнамалық даму қозғалысындағы шындық екендігі мәлім. Эпикалық шығарманың сыншыл реалистік налыс-сөгіс сарынынан қоғамдағы кеселді рухани экологиялық хал-ахуалды өзіндік бағалауымен, сөз киесімен емдегісі келген азаматтық-отаншылдық ақындық әлеует қуатын сезінеміз.
Поэмадағы басты кейіпкерлер – қазақтың қара шалымен оның мұрагері ұлы–келіні және Бөрі-ана Көксерек. Поэмадағы ата-бабалық айбынды рух өкіліндей сезілген қара шалдың бұрын өзі иелік ететін қоғам малының құнсызданып кеткен кезіндегі («Алты сабын–бір тоқты, бір қап тұзың – құнан қой») бұрын озат шопан шалдың қас-қабағына қарап сыйлайтын шаруашылық төрағасының да, есепшінің де бүгін басынып қожайынсынуына («Қарызсыз-ау қант-шайға, киім... бәрі есепте. Қоғам малы жоқ енді, бәрі айналды жекеге») көнбегені де адал еңбегімен, абырой беделімен өзін-өзі бағалаған, халқы құрметтеген ер қазақ келбетін аңғартады.
Тұрмыс тауқыметіне төтеп бере алмаған жастардың арақ ішуге, наша шегуге салынған екі есті түрлері («Бір тұрып, бір жығылып бетті бітті жара ғып. Дүние толы құбыжық, қара жылан, қарақұрт», «Іскенжідей қысады түрлі сурет, түрлі елес»), есеңгіреген кездегі елестеп шабуыл жасаған құбыжықтармен (жын, пері, жезтырнақ, мақұлық, мұршай, қара жылан, қабылан, қарақұрт, айдаһар, т.б.) шайқасатыны – бәрі де рухани экологиялық азып-тозу жағдайындағы халық жастары ұшыраған қасіретті тағдырдың бейнеленуі. Жанама кейіпкерлердің (қанардай қарынды озбыр жемқор төраға, қапқарын есепші, мейірімсіз «жаңа қазақ»–тас қазақ) сюжеттік-композициялық құрылымдағы бейнеленуі поэтикалық шарттылықпен өріліп, адамдар ортасындағы озбырлықпен, әділетсіздікпен, айлакерлікпен-алаяқтықпен жалғанды жалпағынан басып жүргендер көркем жинақтаулармен әшкереленген. Поэма сюжетінің шиеленісті шарықтау сәттері туындының көркемдік-эстетикалық сипатын айқындай түскен. Өзінің бөлтіріктерін өлтірген қазақтың құндақтағы сәбиін еміреніп иіп емізген, үй иелері келгенде оларды өлтірмей жөніне кеткен Көксерек Бөрі-ананың шерлі-мұңды зарлы дауыспен ұлығаны және Бөрі-ана сүтіне тойып алған сәбиіне қарап бөлтіріктерді өлтіргеніне өкінген, марқұм әкесінің «Бөрі-анадан туғанбыз» деген сөзі есіне түскен кейіпкер-жігіт тебіреністері – егізделе жырланумен оқырман көңілін баурайды. Құндақтаулы сәбиге иіген ана көңіл мен далада тұрып шерлене ұлыған Бөрі-ана зары – тіршілік иелерінің ортақ үні.
Ал Бөрі-ана Көксеректің бөлтіріктерін бұрын өлтіргені үшін кек қайтарудың орнына керісінше сәбиін емізгенінен, өздеріне жақсылық жасағанынан рухани қайта жаңғыру жағдайындағы психологиялық өзгеру, түлеу көңіл күйімен жырланған кейіпкер жігіт бейнесінен ататарихын тануды, бағалауды бастан кешіріп жатқан жаңа буын ұрпақтарымыздың келбетін көреміз.
Алтай ақынның «Көксерек» поэмасының сюжеттік-композициялық құрылымындағы қарама-қайшылықты тіршілік қозғалыстарының, құбылыстарының, қасиеттерінің қақтығыстарымен, өзгешеліктерімен баяндалуы және суреттелуі романтизм мен реализм көркемдік әдістері аясындағы постмодернизм дәстүрімен үндес шығармашылық стиль өрнектерін аңғартады. Тәуелсіздіктің рухымен мәртебеленген мемлекеттік-отаншылдық ұстанымның рухани экология зардаптарымен (жемқорлық, сыбайластық, мансапқорлық, қатыгездік, мәңгүрттік, маргиналдық-дүбәралық, ұлтсыздану-отансыздану селқостығы, т.б) жағаласа-жандаса арпалыса жүріп, ақырында ататарих негіздерімен рухани қайта жаңғыратын, жан ділімен қайта серпілетін ата-бабалық тектілік ұлағатының қуаттылығы ұлықталған.
Поэма мен суреткер Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» атты повесі арқауына алынған қасқырлардың тағдырлары да үндес. Айырмашылығы – поэмадағы қасқыр-аналық, повестегі-арлан. Негізгі көркемдік идеялық түйіндеулер де өзгешіліктерімен ерекшеленеді. Көркем шығармадағы қасқырдың бейнелеуінде АҚШ жазушысы Джек Лондонның «Ақ азу» повесі де еске түседі. Әлемдік классикалық әдебиет шығармаларынан Алтай Үсенов поэмасының көркемдік-идеялық шешімі өзіндік сипаты мен бағаланады, яғни, ақын поэмасындағы Көксерек бейнесі арқылы жалпытүркілік ататарих бастауындағы Бөрі-Ана бауырынан өсіп-өркендеген ұлы дала елі ұрпақтарының сол сүтпен кірген мінезімен Мәңгілік Еркіндікке – Тәуелсіздікке жету жолындағы тауқыметті кезеңдерден өтіп, енді ата-бабалық рух қуатымен қайта жаңғыру жолына оралғаны дәлелденген. «Қазақ әдеби тілінің сөздігіндегі» анықтамалық бойынша: «Көксерек – зат. Асыл, болат, найза; Сын. Жас қасқырлардың ең мықтысы».
Ақын Алтайдың «Көксерек» поэмасының идеялық-көркемдік түйіні құндақтағы сәбиді Бөрі-Ананың емізуі арқылы айқындалады. Бөрі-Ана сүтін қайта емгендей көңілдегі қазіргі ұрпақтың – түркілік ататарихымыздың азаматтық-отаншылдық, қаһармандық-жауынгерлік рухымен қайта жаңғыра өркендейтіні анық. Ақиық ақын Сүйінбайдың толғауындағыдай қайта қайраттану, рухани жаңғыру – бүгінгі ұрпақтың басты ұстанымы:
«Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жорытып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен.
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен.
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза атамыз.
...Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жанып табамыз.
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе
Қозып кетер қайдағым!»
Қорыта айтқанда, ежелгі сақ, ғұн түркі дәуірлеріндегі ататарихты ата-бабалық рух қуатымен жырлаған танымал қаламгер, ақын Алтай Үсеновтің шығармашылық асқаралы биіктігі – Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа буын ұрпақтары үшін азаматтық-отаншылдық ұлағат өнегесі.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
профессор «Кете–Байсары» кітабынан
2018 жыл