» » » Өнегелі өмір сүру ұлағаты

Өнегелі өмір сүру ұлағаты


Қазақ тарихындағы ата-бабаларымыздың киелі дәстүрлері олардың ұрпақтары арқылы біздің дәуірімізге ұласты, енді болашаққа жалғасады. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ жастары орта мектептегі он жылдық білім алу кезеңінде жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша кешенді деректермен танысты. Соның нәтижесінде алдағы болашақтың жарқын белестеріне ұмтылды. Бірқатары туған ауылдағы еңбек үдерісіне қатысты, талаптың тұлпарына мінген көптеген түлектер арнаулы орта және жоғары оқу орындарынан білім алып Отанымыздың өркендеуіне кәсіби біліктілігімен үлес қосты. Сондай замандастарымыздың қатарында Шегебай Құндақбаев та бар.
Шегебай 1951 жылы Ақжар ауылында оқымысты молда-ағартушы Құндақбай Құпияұлының отбасында дүниеге келген. Ол орта мектепте білім алған жылдары оқымысты тәлімгер әкесінің және мейірімді анасының ықпалымен отбасындағы бауырларымен, көршілерімен, ауылдастарымен ынтымақтаса өмір сүрудің үлгілі қарым-қатынас мәдениеті дәстүрлерімен өсіп қалыптасты. Орта мектептегі оқу жылдарында сабақтастарымен өте тату-тәтті болды. Барлық пәнді оқудағы тиянақтылығымен ұстаздарымыздың құрметіне ие болды. Әсіресе, бастауыш оқу кезеңіндегі Таян Жүсіпов, Бибігүл Жұбанбаева, орталау және жоғары кластағы пәндерді меңгеруде Тұрмахан Тұңғышбаев, Сәден Нұртаев, Шәкизада Шоқбаров, Айдарбек Әбдіраманов, Зинәли Қанбаев, Үсен Баймақанов, тағы басқа ұстаздарымыз Шегебайдың сабырлы мінезіне, оқу тапсырмаларын орындаудағы ұқыптылығына риза болатын.
Ол 1968 жылы орта мектепті бітіріп, 1971 жылы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік (Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық) университетінің филология факультетіндегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөліміне оқуға қабылданды. Университетте тіл білімі мен әдебиеттанудың ғылыми-теориялық, методологиялық және тәжірибелік негіздері бойынша көрнекті ұстаз-ғалымдардың (Б.Кенжебаев, Б.Шала­баев, Х.Сүйіншәлиев, З.Қабдолов, Т.Кәкі­шев, С.Ордалиев, М.Томанов, Б.Сағын­дықов, Р.Нұрғалиев, А.Қыраубаева дәрістерінен, олардың іргелі ғылыми ең­бектерінен жан-жақты терең бі­лім алды. Қазақстанның астанасы Ал­матының әсем келбетінен ақбас шың­дары сап түзеген Алатаудың асқақ биіктігінен өзінің алдағы өмір сапарына азық болатындай қуат ықпалын сезінді. Студенттік жылдарында Алматыдағы әде­би-ғылыми шығармашылық ор­таның ықпалымен әдеби үдерістегі қаламгерлер шығармашылығына ар­нал­­ған мақалалар жаза бастады. Университетті академик Р.Нұрғалиевтің ғылыми жетекшілігімен дипломдық ғылыми-зерттеу жұмысында жоғары деңгейде қорғаумен аяқтады.
Шегебай еңбек ғұмырнамасы кезеңдеріндегі барлық қызметтерінде өзінің білімділігімен, кәсіби білік­тілігімен халықтың ыстық ықыласын иеленді. Еңбек ұжымдарын басқаруда тұрмыстық ортаның өзекті мәселелерін шеше­тін іскерлігімен танылды. Пе­дагогикалық және журналистік ұжым­дардың шығармашылық міндеттерін уақыт талабына сәйкес ұйымдастыра білді.
1976 жылы университетті біті­рі­сімен Қуаңдария кеңшарындағы №186 қа­зақ орта мектебінде қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директорының орынбасары болып, 1982 жылдан аудандық оқу бөліміне әдіскер, әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, мектеп инспекторы қызметтері бойынша еңбек етті. 1987 жылдан №186 қазақ орта мектебінің директоры болып, 1990 жылы Қуаңдария кеңшарында партком хатшылығына сайланған. 1992 жылдан 1996 жылға дейін «Дархан» өндірістік кооперативінің директоры, 1996 жылдан аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы қызыметін атқарды. 1999 жылдан аудан әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 2002 жылдан аудандық «Қармақшы таңы» газетінің редакторы, 2004 жылдан Жосалы кентіндегі №105 қазақ орта мектебінің директоры, аудандық оқушылар үйінің әдіскері болып, аудандағы әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға атсалысып, өзі­нің ұйымдастырушылық-біліктілік әл­еу­е­тімен танылды. 2009 жылдан 2015 жылдың сәуір айына дейін аудан әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Қазіргі уақытта зейнет демалысында болса да, ауданның мәдени-көпшілік жұмыстарына белсене араласып жүр.
Кеңес дәуірінде бірнеше рет ауыл­­дық ке­ңестің депутаты, 1994 жылғы бірінші шақырылымда аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Халыққа арналған әлеуметтік қызметі мемлекет тарапынан бағаланып, «Қазақстан Республикасының Тәу­ел­сіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен, Бауыржан Момыш­ұлының «Батыр Шапағаты» медалімен марапатталған.
Шегебай – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, 2003 жылдан аудандық сайлау комиссиясының хатшысы болды. Қоғамдық пікірлері аудандық, облыстық баспасөз беттерінде үнемі жарық көріп келеді. Оның мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген тарихи-танымдық көп­теген мақалалары, «Қуаңдариям – құтты мекенім» атты кітабы жұртшылықтың жылы ықыласын иеленді.
Қаламгер «Қуаңдариям – құтты мекенім» атты тарихи-танымдық кітабында Қызылқұм төріндегі ескі Қуаңдария арнасының жағалауында 1964 жылы құрылған «Қуаңдария» кеңшарының 50 жылдық тарихындағы деректер жүйелене жинақталған. Кітаптың құрылымында «Қуаңдария» кеңшарының тарихындағы қой, түйе, жылқы өсіру шаруашылығын дамытудың, саяси-әкімшілік басқару жүйесінің, ауылдық кеңестің, мектептің, балабақшаның, аурухананың байланыс, сауда, мәдени орындарының кеңестік кезеңдегі және Тәуелсіздік дәуіріндегі сипатына тарихи-мәдени талдаулар жасалған. Алдыңғы толқын ардагерлер мен кейінгі жас буын арасындағы тарихи сабақтастық, ұрпақтар жалғастығы Қазақстан тарихына байланыстырыла қарастырылған.
Шегебай – тарихи-этнографиялық және көркем прозалық әңгімелер жазып жүрген қаламгер. Оның «Жампоз» атты әңгімесінде екі түйеге артылар ауыр жүктерді бір өзі қайыспай көтеріп тиісті жерге жеткізген Сары атан түйенің «Жампоз» атануы оқиғасы көркем проза поэтикасын меңгерген қаламгер шеберлігін айғақтайды. Шегебайдың көркем әңгімелерін, очерктерін саралап талдау – арнайы қарастыратын алдағы кезекті, өзекті ісіміз.
Отбасында 5 бала тәрбиелеп, барлығы жоғары білім алып, әр салада қызметтер атқаруда. Ақжар мектебін 1968 жылы бітірушілердің 50 жылдан кейін 2018 жылы тарихи дидарласуымыздың ұйымдас­тыр­ылуына Шекең де азаматтық үлесін қосса, С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік (Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық) университетін 1976 жылы бірге бітірген сабақтастарымен Алматыда дидарласып, өткен 45 жылдық кезеңді салтанатты қорытындылау мәжілістерін өткізді. 1976 жылы 25 жастағы жас мамандар қазір 70 жастағы зейнеткерлер болса да, сол бұрынғы өмірге құштар романтикалық асқақ сезімдерін сақтапты. Өршіл ойларымен отбасы ұрпақтарын өсірген, атқарған қызметтері бойынша халқымызға аянбай еңбек сіңірген бұлар – халқымыздың мәңгілік ұлықталар тұлғалары.
Қорыта айтқанда, жетпістің желкенін көтерген өмір кемесіндегі өршіл ойлы қазіргі Шегебай досымыз – ел ағасы, халқымыздың абзал тұлғаларының бірегейі. Жас ұрпақты оқы­тудағы, тәрбиелеудегі ұстаздық-тәлімгерлік және қазақ баспасөзі тарихындағы журналистік қызметімен халық тағдырына пайдалы әлеуметтік-тұрмыстық зор үлес қосқан Шегебай тұлғасы – қазіргі және болашақтағы ұрпақтарға өнеге. Өнегелі өмір сүру ұла­ғатын ұрпақтарымызға танытқан ел ағасы Шегебай досымыздың отбасымен, халқымызбен бірге Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында ұзақ өмір сүруін тілейміз!

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ
13 шілде 2021 ж. 649 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031