» » ОРМАНШЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?

ОРМАНШЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?

Жауапкершілігі мол, күрделі кәсіптердің қатарына орманшы мамандығы кіреді. Көпшілігіміз «лесхоз» атты мекеменің бар екенін білгенімізбен, ондағы мамандардың еңбегімен жете таныс емеспіз. Орманшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында осы олқылықтың орнын толтырып, орман шаруашылығы мекемесіне бас сұғып, ондағы жұмыстың бір парасын көзбен көрдік.
Күнделікті жұмыс уақыты басталысымен қызметкерлер басшы алдындағы жиынға қатысып, күнделікті жұмыстарына бір күндік жоспарын алып, бағыт-бағдарын нақтылайды. Жұмыс жоспарын алған біз орманшымен кезекті бақылау нысанына қарай жол тарттық.
Жол бойы орманшы мамандығының қыр-сырымен таныстық. Әңгіме ауанынан түсінгеніміз орманшының еңбегі оңай емес. Оған тек төзімді, сабырлы, табиғатты аялай алатын адам ғана барады. Сондай-ақ өз мамандығына шынайы берілген жандар. Себебі олар уақытпен санаспайды. Кейде тіпті апталап отбасынан жырақта жүруге де мәжбүр. Жалпы орманшылық қызметтің басты мақсаты – орман шаруашылығын дамыту, орманды молықтыру, өрттен, заңсыз ағаш кесуден, мал жаю, шабындық жерлерді шабудан қорғау.
Әңгіме ауаны арқылы мамандықтың мәнін ұға бергенде діттеген жерімізге де жетіп қалыппыз. Енді тек сөзбен емес, орманшының іс-әрекетін көзбен де бақыладық. Орманшы өзіне белгіленген аумақты толық бақылау үшін өрт бақылау мұнарасына шықты. Айналаның тазалығына, тыныштығына көз жеткізді. Соған қарамастан дрон арқылы төңіректі түгелдей тексеріп шықты. Мұндай шолу арқылы олар түрлі қауіптің алдын алады. Сондай-ақ орманшылар төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге орман өрттерінің алдын алу мақсатында жиі рейд жұмыстарын ұйымдастырып отырады. Сонымен қатар әрбір орманшы өз аумағында заңсыз аң аулауды болдырмау үшін тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Орман шаруашылығы мекемесі күнделікті жұмыс барысында табиғатты қорғау, орман қорын күзету жұмыстарымен қатар оның қорын молайтып, өсірумен айналысады. Біздің жеріміздің табиғатына байланысты орман алқаптарымызда негізінен сексеуіл өсіріледі. Сексеуіл – шөл аймақтарға өсетін төзімді, тағы бір табиғи қасиеті – топырақтың ылғалдылығын сақтай отырып, құм көшкінін тоқтатуға да сеп болатын бұталы өсімдік. Ол топырақтың бұзылуына да жол бермейтін қасиетке ие. Сол үшін сексеуіл біздің өңірдің табиғатының ажырамас бір бөлігі, табиғи байлық қорымыздың бірегейі болып бағаланады. Осы сексеуілді Арал теңізінің құрғаған ұлтанына егу жұмыстары 4 жылдан бері жалғасып келеді. Орманшылар аудан төңірегінде ғана емес, облысқа қарасты мекендерге де іссапарға барып тұрады. Сондай-ақ ауданға қарасты аймақтағы аң-құстардың да санағын жүргізетін мамандар да осы ұжымда.
Осы өңірдің өсімдік дүниесі мен аң, құстарының тіршілік-тынысын бес саусағындай білетін де осы азаматтар. Олар көп жылдардан бері ұжыммен ой-пікірлері бір жерге тоғысып, тіл табысып келе жатқан білікті мамандар. Айтар ой-пікірлері орынды, істері нәтижелі, еңбектері елеулі, аузынан шыққан лебізіне берік жандар. Табиғатпен тілдесе білетін мамандардың жұмысқа деген құлшыныстары ерекше байқалады.
Аталған орман алқаптарын қорғап, әртүрлі іс-шаралар жүргізіп жүрген жалпы саны 67 қызметкер бар. Құрамындағы жұмысшы, қызметкерлердің қатарында жоғары және орта білімді мамандар еңбек етеді. Мекеме қызметкерлері аудандағы маңызды іс-шаралардан қалыс қалмай, үлестерін қосып жүр. Өз аулаларының және ауданның тазалығына да мән беріп, сенбіліктерде ұйымшылдық танытады. Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласуда.
Біз мерекеге орай жолымыз түсіп барған сапарымызда олар әдеттегідей орманшыларға бас болып, орман алқабын күнделікті күзету жұмыстарымен бір қатарда биылғы күзгі маусымдық сексеуіл тұқымдарын себу жұмыстарын жоспарлап, уақытынан кешіктірмеудің қамына бел буып кірісіп жатқанынан хабардар болып аттандық.
«Табиғатымыздың қорғаны – сексеуілдің орманы» демекші, орманымызды қорғап, өсіруге атсалысып жүрген осындай атпал азаматтармен пікірлесіп, ұйымшыл ұжымның қызметіне қанықтық. Сырт көзге оңай санала- тын орманшылардың қызметі сан салалы екенін ұғынып, көп жайтқа қанықтық. Алайда біздің жарты тәулік ішінде білгеніміз орманшы қызметінің бір парасы ғана. Табиғат қорғаушыларына «Сапалы егіп егісті, еңбектерің болсын жемісті» деген тілегімізді айтамыз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
20 қазан 2024 ж. 100 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 249

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 350

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930