НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫС, ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІК
Адамзат баласы жаратылғалы табиғатпен бірге жасасып келеді. Ондағы өсімдіктер мен жан-жануар, құстардың барлығы да өмір сүріп отырған орта үшін маңызды екенін ескерсек, оларды қорғау да ақыл иесі саналатын адамзат үшін үлкен жауапкершілік есептелінеді. Соның бір көрінісі – мемлекет тарапынан да Табиғат-Ананы әспеттеп күтіп, қорғау қолға алынған. Ауданымыздағы Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан бірден-бір орта.
Тарихқа көз салар болсақ, мекеме 1978 жылы облыстың орман шаруашылығы және орманды қорғау басқармасының бұйрығымен құрылған. Сол жылы барлығы 365380 гектар жер орман қоры болған. 1984 жылы орман орналастыру мекемесімен жұмыс істеген кезде орман қоры 390154 гектарды құраса, 2001 жылы жүргізілген орман орналастыру мекемесінің жұмыс қорытындысымен 435286 гектар жерді алған. Оның 3 гектары Өзбекстан мен Қазақстанның шекарашыларына қадағалау пунктін салуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен босатылған. Міндетімізге келер болсақ, орман өрттерінің алдын алу, дер кезінде байқау және жою, мемлекеттік орман қорын күзету, қорғау және ормандарды молықтыруды тиімді пайдалану.
Бүгінде мекеменің жер аумағы 435323 гектар болса, оның 288655 гектары орманды алқап саналады. Сондай-ақ ол «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті» РММ 2020 жылғы 18 маусымдағы хатына сәйкес, «Қорқыт ата» және «Шірік Рабат» орманшылықтарына бөлінген.
Қазіргі таңда мекемеде 67 адам қызмет ететінін ескерсек, олардың тарапынан орманды күзету, қорғау және өсімін арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, орманды молықтыру бойынша Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 2021-2025 жылдар аралығында 1,1 млрд гектар жерге орман мелиорациялық жұмыстарын жүргізу туралы тапсырмасына сай, мекемемен 2022 жылдан осы кезеңге дейін 30128 гектарға сексеуіл тұқымы себіліп, 28 000 гектарға сексеуіл көшеті егілді. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. Осы егілетін жерлерге жыл сайын 20 гектар сексеуіл тұқымбағы егіліп отырады.
Мемлекеттің қолдауымен бюджеттен соңғы үш жылда 296 млн теңге қаржы бөлініп, оған 3 трактор, 2 вагон, 9 мотоцикл, 2 тіркеме, 1 газель, 1 УАЗ Хантер, 1 цистерна, 1 өрт сөндіру Камаз автокөлігі және басқа да құрал-жабдықтар алынып, 38 техникаға толықты. Осылайша мекеменің материалдық-техникалық базасы біршама нығайтылды.
Сонымен қатар өткен жылдың шілдесінен бастап орманшылардың жалақы көлемі 100 пайызға артты.
Мекеме жеке тұлғаларға орман қоры жерлерінен мал жайылымға жер беріп, жануарлар дүниесін қорғау бағдарламасы бойынша жабайы аң, құстарға жем шашып, орман зиянкестерін анықтау мақсатында көктем, күз мезгілдерінде жыл сайын 18900 гектар жерге 2171 шұңқыр қазылып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мекемеде орман күзеті қызметкерлері тарапынан арнайы мобильді 2 топ құрылып, күнделікті заң бұзушылықтардың алдын алу және оны болдырмауда күзету, қорғау жұмыстары жүргізіліп отырылады.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімімен келісілген орман және дала өрттерін болдырмау іс-қимылының жоспары жасалды. Мемлекеттік орман қоры жерлеріне өртке қарсы минералды жолақтарды 75 шақырымға жаңадан, ескі жолақтарды жаңарту 225 шақырымға жүргізіледі. Аудан көлеміндегі мекемелер, шаруа қожалықтары мен тұрғындар арасында жыл сайын әңгіме, лекциялар мен түсіндірме жасап, үнпарақ пен ескерту хаттары таратылады. Баспасөз бетіне мақалалар жарияланып, орман және дала өрттерінің алдын алу мен оны жою мақсатында мекеме орман өрт сөндірушілері мен орманшыларды өртті сөндіру әдістерін үйретуге аудандық Төтенше жағдайлар бөлімімен бірлескен өрт-тактикалық жаттығулары өткізіледі.
Осы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда орман қоры жерлерінде өрт оқиғалары тіркелген жоқ.
Ауданымызда маңызы жоғары 23 су айдыны орналасқан. «Таза су айдындары» атты көктем айларында іс-шара жұмыстары ұйымдастырылып, қыс мезгілінде резервтегі көлдерге мұз ойып, қамыс арқылы ауа беру жұмыстары жүреді. Жылда күріштік алқаптардағы қалдық сулардан балық шабақтарын құтқару жұмыстары да атқарылады.
Биыл орман шаруашылығы саласы қызметкерлері үшін ерекше мерекелі жыл болып отыр. Мерейлі 90 жылдығын атап өтіп отырған саламыз атаулы күнді жақсы нәтиже, жоғары жетістіктермен қарсы алуда. Оның бір дәлелі – жақында Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен өткен «Алтын күз» іс-шарасы аясында орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай орманшы Серікбек Қалмаханов «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» II дәрежелі төсбелгісімен марапатталса, орманшы Ерболсын Жанабергенұлы, Дүйсен Бектұрғанұлы облыс әкімінің құрмет грамотасына лайық деп танылды. Сонымен қатар өрт сөндіруші-өрт автокөлігін жүргізуші Марат Сағындықұлы басқарма басшысының құрмет грамотасымен мадақталса, орманшылық басшысы Кәрім Мақсұтбекұлы, орманшылар Қайрат Көшкінұлы, Ғалым Рахметуллаұлы, Ғалымжан Рахымжанұлы және Талғат Өмірбекұлына аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Бұл марапаттар еңбек адамына көрсетілген құрмет болса, алдағы уақытта да орманшылардың озаттар қатарынан көрінуіне үлкен серпін береді деген сенімдеміз.
Абай БЕКБЕРГЕН,
Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау
мекемесінің директоры